Спорт

Спорт алаңшаларының саны артуда

Биыл Тараз қаласы мен аудандарда 34 заманауи спорт алаңшасы пайдалануға беріледі. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды. Басқосу барысында бұқаралық спортты дамыту шаралары қаралып, денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы есеп берді.

Биыл өңірде бұқаралық спортты дамыту үшін бюджеттен 418,5 миллион теңге қарастырылып отыр.Алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша, облыста денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 496 мың адамға жетті.Бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беру мақсатында облыстағы 153 ауылдық округ толықтай спорт нұсқаушыларымен қамтылған.


Жалпы жыл басынан бері саламатты өмірді насихаттау мақсатында 2 300-ден астам спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 190 мың адам атсалысты. 17 спорт түрі бойынша 4-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер спорттық секцияларға тегін қатысуда.Өңірде спорт нысандары бой көтеріп, ел игілігіне беріліп келеді. Бүгінде 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 14-і биыл, қалған біреуі 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұдан бөлек Тараз қаласы мен аудандарда 34 заманауи спорт алаңшасы қолданысқа беріледі.Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов, Қордай, Байзақ аудандарында балалар мен жасөспірімдерге арналған денешынықтыру даярлық клубы бар.

Ағымдағы жылы Жамбыл, Жуалы, Меркі аудандарында аталған клуб ашылады деп күтілуде.Соңғы мәліметтерге сүйенсек, халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 64,9 пайызды құрап отыр. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 66 пайызға арттыру жоспарлануда. 

Басқосу барысында аудан әкімдері бұқаралық спортты дамыту мақсатында атқарылған жұмыстар мен жоспарларын баяндап берді.Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі спорт алаңшаларына қайта түгендеу жұмыстарын жүргізіп, 1 апта ішінде қажеттілікті нақтылауды тапсырды. 

Облыс әкімінің
 баспасөз қызметі