Жаңалықтар

Алаштың алып жүрегі

Алаштың олжасына, қазақтың ордасына айналған, керегесіне құт қонған осынау біздің сайын сахарамыздың төсінде алтын жүзіктей жарқыраған Астананы бүгінде білмейтін ел кемде-кем. 1456 жылдан бастасақ, Ордабазар, Тараз, Арқұқ, Барысқан, Сығанақ, Ақсүмбе, Хандақор, Тарса, Түркістан, Орынбор, Қызылорда, Алматыдан кейінгі он үшінші елордамыз Астана екен.

Бабаларымыз атына жайдақ мініп, күртешесін байрақ қылып жүріп жеткен бұл азаттығымыздың да, сол азаттығымыздың айғағы болған астанамыздың да орны ерекше болатыны сондықтан. 
Күн өткен сайын гүлденіп, ай өткен сайын түрленіп келе жатқан елордамыздың өзіне тән ерекшеліктері де жоқ емес. Атап айтар болсақ, қалаға келген адамның бірден көз жауын алып, таңданысын тудыратын «Хан Шатырдың» өзі Астана қаласының ажарын ашып, айбынын кіргізіп тұрғандай.

Алып шатырға ұқсайтын бұл бірегей кешен 2010 жылы ашылғаннан бері Қазақстанның мақтанышына айналды. Ол Гиннестің рекордтар кітабына әлемдегі ең үлкен «шатыр» ретінде енгізілген, биіктігі 150 метр және «Forbes Style» журналының әлемдегі ең жақсы экожүйелердің ондығына кірді. Оның дәстүрлі қазақ шатырына ұқсайтын кескіні қаланың қонақжайлылығы мен ашықтығының символына айналады.   «Хан Шатырда» қазір 200-ден астам дүкен, мейрамханалар, кафелер мен ойын-сауық орындары орналасқан. Бірақ «Хан Шатырдағы» ең таңғажайып орын – жасанды құмды жағажайы бар «Sky Beach Club» жабық курорты. Оның климаттық бақылау жүйесі жыл бойы +35 градус температураны ұстап тұрады.

Бұл жылдың кез келген уақытында жағажайда демалуға мүмкіндік береді.Сонымен қатар Есілдің сол жағалауында орналасқан «Астана Опера» театры өзінің әсемдігімен таңғалдырады. Сәулет шеберлігі жағынан ол әлемдегі әйгілі опера театрларынан кем түспейді. Театр 9 гектарға жуық жерде орналасқан. Ғимараттың өзі 64 мың шаршы метрді құрайды. Оның шамамен 3000 шаршы метрін сахналық аймақ алып жатыр.Ол әлемдік сәулет өнерінің үздік классикалық дәстүрлерін ескере отырып салынған, бұл ретте театр архитектурасында қазақтың ұлттық нақышы ерекше бейнеленген. Негізгі кіреберісте мүсіншілер М.Мансұров пен Т.Ермековтың «Қобызшы» және «Жетіген қыз» композицияларымен безендірілген. Театр ғимаратына орнатылған Квадрига – сақ патшайымы Томиристің басқарушы арбасының бейнесі. Бұдан басқа да «Бәйтерек» монументі болсын, «Абу-Даби плаза» сияқты биік ғимараттары болсын, бәрі де жұрттың назарын бірден аудартатын бірегей сәулет құрылыс өнері болып саналады деуімізге болады. 

Астана – қазір жастардың қаласы. Қазақтың небір кеудесінде оты бар қыз-жігіттерінің бірі бас қаладан білім алып жатса, енді бірі елге қызмет етуде.Кейбір тарихи дерек көздерінде іргетасын сонау ғұндар қалаған делінетін  бұл Астананың алғашқы Ақмола атауы ғұндардың тілінен аударған кезде «ақ» – батыс, «мола» – қамал деген мағынаны береді екен. Яғни Ақмола – «Батыстағы қамал» деген сөз. Бұл туралы есімі әлемге әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан өзінің «Көне жырлар мен аңыздар» атты кітабында былай деп жазған екен: «Есіл мен Нұра өзендерінің аралығындағы жазық дала түрлі ағын көлдерімен ноғайлы-қазақтарының белсенді көшіп-қонып жүретін аймағы. Сонау ғұн патшалығы негізін салып беріп кеткен қамалдар мен қорғандар көптеген ғасыр бойы Дешті Қыпшақ даласының киелі мұрасы болады». Ақмоланың жанында орын тепкен көне Бытығай қаласы да соған дәлел. Ең алғаш бұл қала 1694 жылы ресейлік картаға түсіріледі. Оны Тәуке ханның ордасына келген ресейлік елшілер Ф.Скибин мен  М.Трощин түсіреді.

Бұл  жиырма беттен тұратын еңбек «Қазақ ордасы» деп аталады. Біз үшін баға жетпес осы құнды деректе Бытығай қаласына Тәуке хан ордасының қоныс тепкендігі, оның ірі сауда мен мәдениеттің  ошағы болғандығы туралы жазылған. Жүз жылдан астам уақыт өткенде бұл көне қала туралы тау-кен инженері И.Шангин өзінің жазбаларында баяндайды. 1816-1820 жылдар аралығында «Вестник Европы», «Сибирский Вестник», «Горный журнал» басылымдарына жариялан­ған бұл еңбек­терінде Бытығай қаласының маңызы, Тәуке ханның өлімінен кейінгі оның құлдырауы суреттеледі. Сонымен қатар Астана туралы аңыз бен хикаялар жетерлік.

Әлі де Ақмоланың құдіретті рухы Ұлы дала мұрагерлерінің жүрегі мен ой-қиялын тербеп, асқақтата берері хақ. Ал енді тарихи деректерге бір назар аударсақ, Ата Түріктің ортаншы ұлы Бозоқ Ұлы даланың орталық бөлігі саналатын Сарыарқаға ордасын тікті.Осы өңірден қыпшақ-мадиярлар ұбақ-шұбақ көшімен Еуропаға ұмтылған еді. 1816 жылы Бозоқ қаласының қирандыларын, жұрнақтарын И.Шангин көрді. 1927 жылы көне қалашықта Ақмола тарихи-өлкетану музейінің директоры Л.Семенов қазба жұмыстарын жүргізді. Археологтардың мәліметі бойынша, қыпшақтардың ежелгі байтағы – Астананың батыс жағынан 5 шақырым жерде, Бозоқ көлінің шығыс жағалауында. Академик Кемел Ақышевтің үш жыл бойғы үздіксіз археологиялық қазбаларының жемісті нәтижелерінің түйінді тұжырым-дамалары бойынша, Бозоқ қалашығы Қазақстанның бас қаласы – Астананың түпқазығы деуге лайық.

Міне, сол Астананың арғы тегі болған Бозоқ қаласы Есіл-Нұра-Қорғалжын-Сарысу-Сырдария-Иран; шығыстан батысқа: Қытай-Моңғолия-Алтай-Дешті Қыпшақ-Хорезм-Бұлғария-Ресей-Византия сынды керуен жолдарын бір-бірімен түйістіріп жатыр.Міне, бірлігімізге негіз, тағдырымызбен егіз болған елорданың біз білетін бір тарихы осылай. Аз жылда-ақ аяғына нық тұрып, жаһан жұртшылығының жанарын жаулаған жаңа Астанамыз жарқырап-жайнай берсін! 

Айжан Өзбекова