Жаңалықтар

Саммит нәтижесі оңынан болғай!

Бүгінде әлем назары Астанаға ауды. Себебі елорда төрінде кеше Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Ал 3 шілдеде Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин елімізге мемлекеттік сапарымен келді.

Қазақстан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия және Түрікменстан мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары қатысқан маңызды жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның ықпалды әрі беделді ұйымға айналғанын мәлімдеді.Мемлекет басшысының айтуынша, 23 жылдың ішінде ұйым халықаралық қарым-қатынастар жүйесінде маңызды механизмге айналып, тұрақты өсім мен жалпыға ортақ прогреске өз үлесін қосып келеді.


Сондай-ақ саммитте Беларусь мемлекеті Шанхай ынтымақтастық ұйымына толыққанды мүше болды. Саммит басталғанда ШЫҰ-ға мүше 9 елдің басшысы Беларусь Республикасын қабылдау туралы арнайы құжатқа қол қойды. Осылайша Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіретін мемлекеттердің саны 10-ға жетті.Жалпы Шанхай ынтымақтастық ұйымы – қоғамда ірі геосаяси, геоэкономикалық тұрғыдан құрамында ірі державалары бар ұйым.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үлесіне әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен 30-дан астам пайызы, әлем халқының 40-тан астам пайызы тиесілі. Бұл көрсеткіш осы ұйымның рөлін, оның қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Астанада өткен алқалы жиында қабылданған шешімдер еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайтумен қатар, экономикалық даму тұрғысынан да оң септігін тигізетініне сенемін. 

Арман Бейсенбай, 
«Жаса жастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы