Кәсіп

Даму даңғылындағы дипломатия

Кеше Астананың төрінде, Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтті. Басында, 1996 жылдың сәуірінде Қазақстан, Қытай, Қырғыз Республикасы, Ресей және Тәжікстан басшылары қол қойған Әскери саладағы сенімді нығайту, Шекара әскерін өзара қысқарту келісімдерінің негізінде «Шанхай бестігі» дүниеге келіп, 2001 жылы 15 маусымда ШЫҰ болып қайта құрылды. Бүгінге дейін оған 9 мемлекет мүше болса, кеше Беларусь Республикасы ШЫҰ-ға толыққанды мүше ретінде қабылданды.

Бұл жерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылуының бірінші күнінен басы-қасында болғанын, көптеген келіссөз жүргізуге, тиісті құжаттарды дайындауға қатысқанын айта кеткен жөн.Қытайдың «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға төрағалық ету өте маңызды және аса жауапты екенін атап өтіп, барлық күш-жігеріміз қауіпсіздік мәселелерін шешудің ортақ жолдарын әзірлеуге, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, қоршаған ортаны қорғауға және халықтар арасындағы достық байланыстарды нығайтуға бағытталғанын баса айтқан.

Саммиттен екі күн бұрын Қазақстанға мемлекеттік сапармен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келді. Мәртебелі қонақты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әуежайында салтанатпен қарсы алды, Ақорда резиденциясында да салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Нәтижесінде жоғары деңгейде екіжақты келіссөздер жүргізіліп, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.  Теледидар арқылы байқағаным, барлық екіжақты кездесулер, сұхбаттасу, шараларға қатысу өте жылы атмосферада, жоғары деңгейде сәтті өтті деп отырмын. 

Қытай басшысы Си Цзиньпин қазақ жерінде құрмет көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, сөзін «Құрметті Президент мырза, қымбатты досым!» деп бастады.

Қасымхан Төлендиев, 
«Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс»

республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының директоры