Руханият

Еңбегі жанған арулар

Қоғамда кәсіптің түрі көп. Алайда әркім жүрегіне жақынын, қолынан келгенін жасайды. Туындаған идеяны әрекетке айналдыру нағыз іскердің қолынан келеді. Ал арамызда қолында қаражаты болса, идеясы жоқ, идеясы болса, қалауы жоқ, қалауы болса, қаржысы жоқтар көп емес пе?

Белгілі бизнесмендердің айтуынша, ойға алған идеяны 72 сағатта іске асыру қажет екен. Олай етпесең оны жасамауға мың сылтау табылады. Елімізде ай сайын түрлі кәсіп ашылып, дереу қайта жабылады. Оның басты себебі жауапкершіліктің жоқтығы мен біліктіліктің болмауына, кәсіпті жасаудың, сала таңдаудың қыр-сырын білмеуге байланысты. Бизнес бастауға да дайындық керек. Моральдік тұрғыдан, материалдық жағынан ой мен сананы біріктіріп, жұп-жұмыр дүние жасау үшін ептілік пен төзімділік қажет. «Қыз жүрген жер мереке» демекші, бизнесте де әйелдердің алар орны ерекше. Нәзікжандылардың басқан жері құлпырып шыға келеді емес пе? Экономикамызға қомақты үлес қосып жүрген нәзікжандылар біздің өңірде өте көп. Олар қай істі қолға алса да түрлендіріп, дамыта түспек. Сегіз қырлы, бір сырлы арулар қай қырынан алсаң да мықты.

Облыстың жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес  субъектілерінің арасында әйелдердің басшылығымен іске асырылып отырған  кәсіпорындардың үлесі 47 пайыз. Ал кәсіпкер әйелдердің саудадағы ең жоғары концентрациясы 40 пайыз, қызмет көрсету саласында 22 пайыз және ауылшаруашылығында 17 пайызды құрайды.2023 жылдың қорытындысы бойынша, «Мен кәсіпкер» құралын іске асыру шеңберінде облыстың кәсіпкерлер палатасы жанындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында 672 әйелге 398 кеңес беріліпті. Осы орайда кәсіп бастаудың жай-жапсары жөнінде еңбегі жанған арулармен тілдескен едік. 

МЫҚТЫ МОТИВАТОР

Мықты мотиватор, тараздық белгілі кәсіпкер Меруерт Лештаева талай жанға үлгі болған жан. Ол – нағыз көшбасшы. Кәсіпкер бүгінде Тараздағы ірі ресторатор. «Гауһартас», «Інжу-Маржан» мейрамханаларының иесі. Жай ғана аспаз, салат жасаушыдан мейрамхана басшысы атану үшін үлкен күш-жігер керек. Қайырымдылығымен де, іскер әйелдерді басқаруымен де республикаға үлгі болып жүрген жан ұзақ жылдық кәсіпкерлігінің қыр-сырымен бөлісті. – Рас, жас күнімізде жұбайым екеуміздің қиындық көргенімізді үлкен сабақ деп білемін. Қызыма сатып аларға сүтке ақша таппайтын кездер де бастан өтті.

Сондай күндердің бірінде бір мейрамханаға салат жасаушы болып жұмысқа тұрдым.Салаттарым дәмді шығатын. Қарапайым жұмысшыдан мейрамхана иесі атану үшін талай жолдан өттім. Қажырлы еңбегімнің арқасында жетістікке жеттім. Бірақ ешқашан паңданып, шалқақтап кеткен кезім жоқ. Қайта «Сенің де қолыңнан келеді» деп жастарға мотивация беруден жалықпаймын. Ешкім дәл осылай мықты кәсіпкер болып тумайды. Бәріміз бірдейміз. Бізді ерекшелендіретін – қабілетіміз, дарынымыз, еңбекқорлығымыз.Мейрамханаларымызды ашарда елде жоқ нәрсе жасасақ деп ойладық.

«Гаухартас» мейрамханасының ішіне көлік кіргізуді бастапқыда біз бастаған едік. Қашанда алда болуды ойладық. Және өзгелерге де көмек қолымызды тигізуді бірінші орынға қойдық. Менімен бірге бес жыл, он жыл жұмыс істеген қызметкерлерге баспана секілді қымбат сыйлықтар беретінімді тараздықтар жақсы біледі. Адал қызмет еткен жандарды мен бағалаймын. Екінші мейрамханамыз «Інжу-Маржанның» ішіне балалар ойнайтын алаң құрып, оны да жолға қойдық. Тойға келген ата-ана балаларын уайымдамай алаңсыз отырсын дедік. 

ГҮЛДЕЙ ЖАЙНАҒАН ГҮЛДАНА 

Кәсіп – нәсіпке айналса құт. Жалпы Тараз қаласы – бизнес жүргізуге қолайлы мекен. Екі мың жылдық тарихы бар көне қалада не көп – мейрамхана көп. Тамақ өнеркәсібі тоқтаусыз жүріп жатыр. Осы саланы тізгіндеп, мемлекеттің дамуына  үлес қосып жатқан арудың бірі – Гүлдана Атабаева. Ол елімізде өзіндік қолтаңбасы бар жас ресторатор.  Іскерлік ортада өте сыйлы. Жас та болса көпке үлгі болған ол «La villa» мейрамханасының иесі. Үш баланың анасы. Жұбайы Санжар Апбасов та «Friends burger taraz»,  «Tandir_taraz» тамақтану орталығын басқаруда. 

–  Әйел баласының кәсіпкерлікте жүруі – құптарлық іс. Кәсіпкерлікке келуім – ата-анамның арқасы. Анам Дана бастапқыда көк базарда қуыршақ сатудан ісін бастаған еді. Бүгінде республикаға белгілі кәсіпкер. Отбасымызбен кәсіпкерлікпен айналысамыз. Сіңлім Айдана Атабаева да ресторатор. Облыс орталығындағы «Matador» мейрамханасының иесі. Әрине, ауыз толтырып айтуға жақсы. Бірақ ресторан иесі атану – жауапкершілігі мол іс. Қарамағыңдағы қаншама адамға жауапты болу, балғын өнімдерді сатып алу, қадағалау, кеш иесінің көңілінен шығу  оңай емес. Жылт еткен жаңалықты қалт жібермей,  кәсібіңді жыл сайын дамытып отыруың керек. Мен кәсіпкер ғана емес, балаларымның анасы әрі келінмін.


Бұл күні ешкімнің бір айлыққа күнелткісі келмейді. «Әр кәллада бір қиял» демекші, дүкен ашсам, балмұздақ, жүгері сатсам деп отырған жандарға жоғарыдағы кәсіпкерлердің өмір жолы, кәсіп бастауы үлгі болса дейміз. 

–  Бүгінде елдің көзі ашық. Әлеуметтік желілерден көреді. Біздің өмірімізді бақылайды. Сала таңдап, өз ісін ашам деушілерге ақыл-кеңес беріп, көмектесуге әзірмін. Тәлімгерлік жасауға да дайынмын. Қанша дегенмен кәсіп бастауда тәжірибеміз бар ғой.


Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман. Гүлдана «Instagram» әлеуметтік желісінде өте белсенді. Оны күніне 243 мың адам қарайды. Бұл күндері мейрамхана ісі арнайы жоғары оқу орындарында оқытылады. Келешекте бес жұлдызды қонақүйдің немесе табысты мейрамхананың иесі атану үшін бұл кәсіпті мамандық ретінде игеруге әбден болады.

«La villa» мейрамханасы бастапқыда «Райский сад» деп аталған.Бүгінде атауы өзгерген. Көбінде бұл ресторан ең үздіктерді таңдайтындарға арналған. Еуропалық тағамдардың сан алуан түрі менмұндалап тұр. Мұндағы мәзір мен сусын авторлық жолмен жасалады. 

Қазір «қай салаға барсам көп табысқа кенелемін» деп бас қатырып жүргендер аз емес. Осындай ойдың жетегінде әр істің басын бір шалатын жандар да жетеді.  Танымал кәсіпкерлердің тәжірибесі көрсеткендей, ең бастысы, қолдан келетін іспен айналысу керек. Таудай талап пен табандылық та қажет. Кәсіпті ашып-жабудан қорықпай, оны бизнес бигіндегі дәріс деп білген жөн болар-ау. 
 
«Сізде ақша аз болса, кәсіп жасаңыз, егер мүлдем болмаса, дереу кәсіп бастаңыз» деген екен Джон Рокфеллер. Ұлы Абай да «Ісім өнсін десең ретін тап» деп бекерге айтпаған болар. Әлдекімнен көмек күтіп, оңтайы болар деп тосып отырсақ, өзгеріс өздігінен келмейді. Өзгеріс деген – мына өзіміз.

Эльмира Байназарова