Жас ұландар сайысқа түсті
Жақында Тараз қаласында республикалық "Жас Ұлан" әскери-спорттық ойыны өз мәресіне жетті. Шымырлық шыңдалған шара ҚР Ғылым және жоғары білім министірлігінің республикалық біліктілікті арттыру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өтті.
Облыс әкімдігінің білім басқармасы мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолдауымен өткен әскери-спорттық ойынның финалы еліміздің «Жастар армиясы» жасақтарының өміріндегі айтулы оқиғаға айналды. Ойын қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдер базасында нағыз әскери өмірге негізделіп ұйымдастырылды. Сондай-ақ Тараз гарнизоны бөлімшелерінің кәсіби әскери қызметшілерінен құралған нұсқаушылар сайыс шарттарын алдын ала тыңғылықты түсіндірді.
Олар төрешілердің әділдігі мен бейтараптығын қамтамасыз етті.Байқау барысында аймаққа еліміздің түкпір-түкпірінен жасұландықтар келіп, өзара мықтыны анықтады. Әскери-патриоттық үйірмелердің оқушылары әскерилендірілген кросты орындау кезінде жаттығуларды, пулеметті құрастыру және бөлшектеу дағдыларын және дене шымырлығын көрсетті.
Финалда II орын Қызылорда облысының жасұландықтарына бұйырды. Бұл клубтың бірлігі команда қоржынын күміспен күптеп, қатарластарына үлгі көрсетті. Түркістан облысының алғыр жастары да ерекше дайындығын іспен дәлелдеді. Бұл команда Арыс қаласының мектеп оқушыларынан жасақталған болатын.
Түркістан облысы құрама командасының мүшесі Рамазан Рахматулла әскери-спорттық ойынның республикалық финалына қатысуды бүкіл облыс, барлық аудандар, ата-аналар, достар, туған-туыстар алдындағы жауапкершілік және мақтаныш деп санайды. Рамазанның айтуынша, өздеріне артылған сенім бойларына жігер сыйлаған. Сол сенімнің арқасында нәтижеге жетіп отыр.
Жарысты қорытындылай келе, Раиса Шер іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған облыс әкімдігі білім басқармасының басшылығына және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қуанышбек Үштаевқа алғысын білдірді.
Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Ораз Кучуков мектеп оқушыларының әскери тақырыпқа қызығушылығын әскерилер әрдайым қолдап, мақұлдайтынын ерекше атап өтті.
Ақтоты Жаңабай