Жаңалықтар

Алдымызда ауқымды істер күтіп тұр

Біз қазір тұрақтылық пен қоғамдық келісім қоғамымыздың өркендеуі мен дамуының негізгі шарттары болып табылатын кезеңде өмір сүріп жатырмыз.  Қазақстан халқы Ассамблеясы осы бірегей мұраны қолдауда маңызды рөл атқарады және біз, партия ретінде оның барлық бастамаларын толықтай қолдаймыз. Бұл ретте саяси күштер мен азаматтық қоғам арасындағы тиімді өзара әрекеттестік ерекше маңызды деп санаймын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  атап өткендей, «Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір!». Бұл – өмір шындығы. Қазақ халқы бір шаңырақ астында түрлі этнос өкілдерімен бірге ел бірлігін ту етіп, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.Ала тайдай бүлінетін алауыздық, тарыдай шашырататын түсінбеушілік жоқ. Керісінше бір атаның баласындай ертеңгі күнге ерекше үмітпен қараймыз. Ең бастысы, арман-тілегіміз, бағыт-бағдарымыз ортақ.Соңғы жылдары елімізде бұрын-соңды болмаған түбегейлі саяси реформалар жүргізіліп, Әділетті Қазақстанды құрудың берік іргетасы қаланды. Халықтың бірлігі мен қоғамдық келісім еліміздің өркендеуінің шешуші шартына айналды.«AMANAT» партиясының саяси платформасында айтылғандай: Біз мемлекет тұтастығын, бірлік пен игі іске жұдырықтай жұмылуды белсенді азаматтық қоғамның басымдығы мен көрсеткіші деп санаймыз.Партия әрқашан ұлтына, дініне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, барлық азаматтардың мүдделерін түрлі  саяси алаңдарда қорғауда.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе өңірде келісім мен тұрақтылық  саясатын жүргізуде іргелі істерді атқарып келеді.Бүгінде облыста аманаттықтар қатарында 55 мың мүше болса, оның 4 мыңнан астамы этнос өкілдері. Бұдан бөлек Ассамблеяның 12 мүшесі түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары, 25 этнос өкілі саяси кеңес, бюро және партия жанындағы кеңестердің құрамына кірді.Өткен жылы партия мен Ассамблея арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Оның аясында мәдени диалогты дамытуға бағытталған жобалар мен бірлескен іс-шаралар жүзеге асырылуда.Атап айтқанда, Алғыс айту күніне орай партиядан сайланған депутаттарымыз этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті. «Донор бол – өмір сыйла!» атты акция, жас отбасылармен еркін форматта кездесу, Халықаралық әкелер күніне орай «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды.

Партияның Сайлауалды бағдарламасына сәйкес «Ел бірлігі» жобасы шеңберінде «Қоғамдық келісім бәрінен қымбат», «Жомарт жан», тағы да басқа іс-шаралар өтті. Жыл соңына дейін этножурналистика төңірегіндегі «Шаңырақ» байқауы, «TikTok House»  шаралары жоспарлануда.Мұндағы біздің міндетіміз – елдегі тыныштық пен бейбітшіліктің басты кепілі халық екенін көрсету.Партиямыздың «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Қарызсыз қоғам», «Ұлттық мұра» жобаларын іске асыруда да өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының көмегі көп тиюде.Халықтың береке-бірлігі қиындықта сыналатыны белгілі. Биыл еліміздің бірнеше өңірлерінде болған табиғи апаттардың салдарын еңсеруге «Жастар рухы» қанаты мен Ассамблея жастары, этномәдени  бірлестіктердің бастамашылдығымен арнайы  пункттер ашылып, су астында қалған аймақтарға халық жанашырлығымен жиналған көмек керуендері жіберілді.

Халықтың күші бірлікте екеніне тағы да куә болдық.Біздің көпэтносты халқымыздың бірлігі үшін партияның мойнына да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Біз не істесек те халықтың мүддесі үшін қызмет етеміз. Сондықтан азаматтардың нақты мәселелерін шешуде, олардың бастамаларына қолдау көрсетуде партияның түрлі деңгейдегі ұйымдарының Ассамблея жанынан ашылған ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, Ассамблея медиаторлары, қоғамдық келісім кеңестері сияқты құрылымдарымен бірлескен қызмет арнасы  алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табатын болады.«Бақ бағалағанның басында тұрады» дегендей, ішкі бірлігімізді сақтау – бабалар алдындағы қасиетті борыш, келешек ұрпақ алдындағы зор аманат екенін ұғамыз.  Тыныш елде тоқшылық болатынын әйгілі Күлтегін бабамыз айтқан.Алдымызда елді жаңарту орайындағы ауқымды жұмыстар күтіп тұр.Барша ағайынды берекелі бірлікті көздің қарашығындай қорғап, татулық пен ынтымақ жолын жалғауға үлес қосуға шақырамын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Дауыл Бейсенқұлов,
«AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы