Руханият

Мәдениет күндері жалғасуда

Жамбыл облысының 85 жылдығына орай аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ауыл кеші көңілді» атты мәдениет күндері өз жалғасын табуда.

Өткен  аптада аудан орталығындағы  Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев атындағы саябақта Қызыл жұлдыз және Қостөбе ауылдық округтерінің мәдениет күндері өтті.Мұнда қос ауылдық округтің қолөнер және қылқалам шеберлерінің  көрмелері ұйымдастырылды. Әсіресе жергілікті қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы көрпешелер мен жастықтар жұртшылықтың назарын өзіне аударды. Қостөбе ауылдық округінде өндірілетін шұжық өнімдеріне де сұраныс артып жатты. Қол күресі, қазақша күрес,  асық ату сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыс қызып, жүлдегерлер топ жарды.
Концерт  қызылжұлдыздық «М-ART» би тобының «Қазақ биімен» басталып, 2022 жылдың «Байзақ жұлдызы» әншілер байқауының I орын иегері  Ұлдана Айтбайдың орындауындағы «Қазақ елі осындай» әнімен  жалғасты.

Қостөбелік Әбілқасым Сайлыбаев Шәмші Қалдаяқовтың «Теріскей» әнін әдемі орындаса,  қызылжұлдыздық Балауса Жандосқызы көркем гимнастика биімен жұртшылықты тәнті етті. Халықаралық, республикалық спорттық би байқауларының алтын, күміс алқа жүлдегерлері Балауса Мұсахан мен Адина Сейдазим да өз өнерлерімен көпшілікті бір желпінтіп тастады. Қостөбелік зейнеткер Орынкүл Айтбаеваның шырқаған «Есіңе мені алғайсың» әні де тыңдармандарын тауып жатты.

Мұнда жас дарындар сахнада өз өнерін үлкендермен бірге шыңдап, көрермендердің құрметіне бөленді.Байзақ ауданына арнайы келген эстрада жұлдызы Саят Медеуовтің орындауындағы әндер де мерекенің шырайын келтірді. Жаңабаевтар отбасылық ансамблінің әншісі  Нүркен Жаңабаевтың шырқаған «Атамекен» әні, «Жалын» үштігінің орындауындағы әуезді әндер тұрғындар мен қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлады.Мерекелік концерт жергілікті ақын-сазгер  Қасқырбай Нарбатырдың сөзіне жазылған «Мақтанышым – Отаным» әнімен қорытындыланды.

Айжан Өзбекова,
Байзақ ауданы