Руханият

Конвергентті журналиске көсемсөз емес, көркем ой қажет

Қазақ журналистикасында белгілі бір қалып жоқ. Тек мәтінде түрлендіріп беру тәртібі бар. Ол тілшінің табиғат-анадан берілген туабітті таланты мен көркем жазу стиліне, орамды ойын ортаға сала білу тәжірибесіне тікелей байланысты.

Қазір газет бетін құлаш-құлаш материалмен толтырып, мәселенің мәнісін межесіне жеткізіп, түйінін толық тарқатып отыру – көзіқарақты оқырманды жалықтырады. Әсіресе белгілі бір адамның өмір жолын монотонды мәтінмен монографияға айналдыру – газет тиражының өсімін тұралатып қоятыны рас. Сол үшін қазір құрғақ сөзді – құрыш, батыл сөзді – болат санайтын заман емес. Керісінше аз сөз қашанда – алтын.Соңғы онжылдықтың бедерінде жоғарыда айтылған оқырман талабы жаңа медиа коммуникациядан табылды. Оның ішінде ақпараттық-сараптамалық сайттар мен әлеуметтік желідегі парақшалар бар.

Осы ретте дәстүрлі басылымдар мен жаңа медиа формалардың  конвергенциялануы ақпараттың тез таралуына, мәтіннің ықшамдалуына, оқырманға түрлі инфографикалық форматта ақпарат беруге және мақсатты аудиторияның артуына жол ашты. Осылайша онлайн газеттер мен әлеуметтік желіде ақпарат тарататын интернет-телеарналардың да қатары көбейді. Оған дәлел – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Бұқаралық ақпарат құралдары туралы соңғы статистикасы. Мәселен, елімізде 2023 жылы 460 БАҚ есепке қойылған болса, оның ішінде 158-і мерзімді баспа басылымы, 4 телеарна, 2 радио өз аудиториясын тапқан.

Ал интернет БАҚ-тың саны – 285 (94 – ақпарат агенттігі, 191 – желілік басылым), яғни салыстырмалы түрде интернет ресурсына оқырман да, сала мамандары да бейіл екендігін көрсетеді.Көптеген дамыған батыс елінде БАҚ-тың классикалық моделінің дағдарысы орнап, баспа нұсқадан онлайн нұсқаға көшу үдерісі кеңінен белең алуда. Бұл туралы танымал журналист, «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» атты зерттеу еңбегінде кеңінен баяндайды. Арнайы оқу құралында дәстүрлі БАҚ-тан конвергентті журналистикаға ойысудағы әлем елдерінің тәжірибесі қамтылған.Мәселен, 2008 жылы АҚШ-тағы бір ғасырлық тарихы бар «Christian Science Monitor» (Крисчен Сайенс Монитор) газеті қағаздағы нұсқасын жауып, апталықтан күн сайын жаңалықтар тарататын интернет журналға айналды.


Зерделеп қарасақ, қазіргі оқырманға «Не, қайда, қашан?» форматында ақпарат тарату өтімді. Қысқа әрі нұсқа. Басты талап – жеделдік. Артық сөзсіз, яғни орын алған оқыс оқиға немесе туындаған мәселенің негізгі факторы ғана қажет. Ал жаңалықтың одан әрі шарықтау шегін, болжамды қорытындысын тарқатып жату артық етеді. Оны конвергентті тілші оқырман үлесіне қалдырады. Түрлі адам – түрлі пікір. Ол үшін әрбір желіде қолданушыға арналған «пікір қалдыру» алаңы бар.Әрбір ақпараттық ресурс оқырман сұранысын барынша өтеуге күш салатыны анық.

Біздің «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жоғарыда аталған ақпарат саласындағы әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, заманауи үдерісті игеруге күш салып келеді. Осы ретте жыл басында холдингке қарасты «Цифрлық контент орталығы» құрылды. Мұндағы мақсат – үш басылымның ақпараттық-танымдық бағыттағы сайттары мен әлеуметтік желідегі, яғни «Facebook», «Instagram» парақшалары арқылы оқырмандарға сапалы әрі сенімді ақпарат тарату.

Осы арқылы өңірде сандық жүйедегі негізделген конвергентті журналистиканы дамыту. Сондай-ақ жуырда ғана Аqjolgazet.kz, Аrainfo.kz, Ztgzt.kz сайттары жаңа, заманауи «LAVR» платформасына ауысты.Өзім қазіргі таңда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 1-курс докторантымын. Ғылыми ізденісім дәл осы конвергентті журналистикамен тікелей байланысты. Сол себепті нағыз теоретик және практик маман ретінде облыста конвергентті, яғни әмбебап жас мамандарды дайындауға күш салғым келеді. 

Нұрсұлтан Рахымбай, 
«Aulieata-media»
 ЖШС-на қарасты 
«Цифрлық контент орталығының» жетекшісі