Заманмен сырлас, дәуірмен үндес
Жуалы өңірі тарихының шежірешісі – «Жаңа өмір»-«Новая жизнь» газетінің жарық көре бастағанына биыл 90 жыл толды. Басылымның тарихы бірде 1932 жылдан, енді бірде 1934 жылдан басталады деген екіұдай пікір айтылып жүргені анық. Мұның да өз жөні бар сияқты. Өйткені өткен ғасырдың отызыншы жылдары Жуалыда «Таусағыз» (1932) және «Адал еңбек үшін» атты екі бірдей газет шыққаны архив деректерінен белгілі. Орысша-қазақша аралас шыққан бұл басылымның қазақша нұсқасының редакторы көрнекті журналист-публицист, қоғам қайраткері Құрманбек Сағындықов болды. Кейін «Адал еңбек үшін» басылымы «Сталин жолы» деген атаумен жарық көрген.
Соғыс кезінде аудандық газет «Тыл – майданға!», «Бар күш гитлершіл басқыншыларды талқандауға жұмылдырылсын!» деген ортақ тақырыптармен хабарлар жариялап отырған. Жергілікті басылым аш-жалаңаш жүріп егін өсірген, дән бастырған, мал баққан, пішен шапқан, трактор жөндеген ауыл адамдарының жанқияр еңбегін елге өнеге етіп ұсынудан жалыққан емес. Оқырман қауым жерлестерінің әскери заемдарға жазылғанын, әйелдердің түнімен ұйқы көрмей әскерге қолғап, шұлық, бөкебай тоқып, жылы киімдер дайындап, «қанатымен су сепкен қарлығаштай» жеңіске өз үлестерін қосып жатқанын осы газеттен оқып білетін.
Кейбіреулердің самолет, танк жасау үшін өз қаржыларын тиісті қорларға аударған патриоттық іс-әрекеттері де газет бетінде жиі көрініп тұратын.Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінде аудан жұртшылығы атқарған істер де «Сталиндік жолдың» назарынан тыс қалған емес.1952 жылы 24 қаңтарда Бүкілодақтық Коммунистік большевиктер партиясы «аудандық газеттерді жақсарту туралы» қаулы қабылдап, онда жергілікті басылымдардың мазмұнын, идеялық-көркемдік дәрежесін жақсарту, материалдық базасын нығайту жөнінде нұсқау берілген болатын. Партия талабына сәйкес редакцияны білікті кадрлармен толықтыру, газетке қойылар талапты күшейту жөнінде көптеген игілікті іс атқарылды.Редактор болып Сергей Носиков тағайындалған 1953 жылы, партияның талабы бойынша, газет жұмысына ауыл-село еңбеккерлерін көбірек тарту, ауыл тілшілерін тәрбиелеу, қалыптастыру жөнінде мақсатты көптеген жұмыс жүзеге асырылған.
Баспахананың полиграфиялық базасы біршама жақсартылған.Соғыс жылдары әртүрлі себеппен газетте қазақша материалдар беру тоқтатылып тасталған болса, 1955 жылдан бастап қазақша нұсқасы өз алдына отау тікті. 1958 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы нұсқауымен газеттің көлемі ұлғайып, ол төрт бетпен оқырманға жол тартты. Ал 1963 жылдың мамыр айында Жуалының төл газеті «Жаңа өмір» деген атпен қайта шыға бастады.Алпысыншы жылдары газет редакциясы білімді, білікті кадрлармен нығая түскендіктен басылымның мазмұны тереңдеп, идеялық-көркемдік дәрежесі арта түскенін сол кезден қалған газет тігінділері айқын дәлелдейді.
Аудандық газет жұмысына университет бітірген талантты журналист Манап Бөлекбаев, Кәрібай Ахметбеков келіп, басылымның ажары айтарлықтай ашыла түскен.Батыр Баукеңнің ұлы Бақытжан Момышұлы да Жуалы аудандық газетінің белді қызметкерінің бірі болғанын бүгінде екінің бірі біле бермейді. Сөйтіп, бүгінде бүкіл халық таныған белгілі қаламгерлер Манап Бөлекбаев, Кәрібай Ахметбеков, Бақытжан Момышұлы журналистикадағы алғашқы қадамдарын біздің газетте бастағанын келешек ұрпақтарымыз да білуге тиіс деп ойлаймыз.1967-1969 жылдары газетке журналист Константин Цайзер редакторлық етсе, 1969 жылдан 1987 жылға дейін үздіксіз, яғни 18 жыл Әбдіғапар Айтоқұлы басшылық жасады. Бұл кезде «Жаңа өмір» газеті аптасына үш рет, қазақша-орысша нұсқалары өзінше жеке-жеке газет болып шығып тұратын.
Журналистік қызмет – ой еңбегінің жемісі. Әр мақала маңдай термен келеді. Еңбекқорлық тілшілер қауымына да тән қасиет. Бұл редакцияда аға буын қалыптастырған сара жолды ізбасарлары Шералы Шөкенов, Базар Қилыбаев, Мырзай Нұрабаев, Аманкелді Ормантаев, Ораз Елшібаев, Карл Кистер, Әбдік Қоңырбеков, Қасым Әзімханов жалғастырды. Газет материалдарын қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға екі тілде бірдей аударатын Икрамбай Тұрғымбеков редакциядағы басты тұлғалардың бірі болды. Республика көлемінде танымал болған белгілі қаламгерлер – Қазақстан Журналистер одағының хатшысы Рақым Сатаев, Алматы теледидарының бас редакторы Жаңабек Тоқпанов, «Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі Мақұлбек Рысдәулетов, танымал жазушы Әміртай Бөриев, Жақсылық Жүнісов біздің газетімізде алғашқы туындыларымен көрініп, студенттік іс-тәжірибелерін осында өткізген.
Жетпісінші жылдары «Жаңа өмір» газеті көптеген талант иесін қанаттандырып, ұшырды. Осы газетте 7 жыл қызмет істеген Қасым Әзімханов бүгінде республикалық «Құқықтық Қазақстан» газетінің бас редакторы, Қазақстан журналистикасының қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Алғашқы тырнақалды туындылары осы газетте жарияланған Толымбек Әлімбекұлы қазір елімізге кең танылған сатирик-ақын, бірнеше кітаптың авторы. Жуалылық сатирик-жазушы, белгілі тележурналист, халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясының бас директоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Доқтырхан Тұрлыбек ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізге сүбелі үлес қосып отырған танымал азамат.
Ол көптеген сықақ әңгіменің, 70-тен астам ғылыми-көпшілік және танымдық телефильмнің авторы.Мектепте жүрген кездің өзінде аудандық газетке хат-хабар, әдеби туындыларын жариялап, кейін осы газеттің жолдамасымен ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түскен Талғат Айтбайұлы, Алпысбай Шымырбайұлы, Талғат Сүйінбай да талантымен талайды тамсандырған қаламгерлер болды.Бүгінде облыстық, республикалық деңгейдегі басылымдарда қызмет істеп жүрген Ақылжан Мамыт, Жамбыл Шоқыбасов, Амангелді Әбіл сынды ардагер журналистер де аудандық газетте ұзақ уақыт тер төккен бағалы кадрлар.
Қолына қалам ұстаған талапкердің өз кезінде аудандық газетпен байланыспағаны кемде-кем. «Жаңа өмірдің» жолдамасымен ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға аттанған қошқараталық қызымыз Гүлжәмилә Райымбекова, майталман радио дикторы Ұлжан Пармашқызы ауданнан шыққан журналист қыздардың алғашқы қарлығашы болды десек, асыра айтқандығымыз емес.1987 жылы редакцияның ардагері Әбдіғапар Айтоқұлы зейнет демалысына шыққаннан кейін басылымды бір жылдай аудандық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған Александр Иванович Коробкин басқарады. 1989 жылдың ақпан айы мен 1994 жылдың наурызына дейін «Жаңа өмір»-«Новая жизнь» газетінің бас редакторы болып ҚазМУ-дың және Алматы жоғары партия мектебінің түлегі Мырзахан Ахметов істеді.
Бұл кезде редакция әдебиет пен өнерге, журналистикаға икемі бар кілең жас кадрлардан жасақталып, газеттің мазмұны жаңаша сипат алды. Аудан өміріндегі кемшілік біткен сын тезіне салынды, әлеуметтік-экономикалық өмірдегі процестерге байланысты қоғамдық пікір қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінді. Сол кезде қызмет еткен жергілікті қаламгер Мейірбек Мәтенов, Жамбылбек Шоқыбасов, Амангелді Ормантаев, Ақылжан Мамыт, Любовь Фоминская, Гүлмира Дембаева, Талғар Сейталиев, Бауыржан Үсенов, Ризагүл Темірбекова газеттің белді тіректеріне айналды. Небәрі 31 жасында өмірден өткен талантты ақын Бауыржан Үсенов газет бетінде әдебиет және өнер, мәдениет мәселелерін қозғап отырса, жас журналист Ақылжан Мамыт ауылшаруашылығындағы проблемаларға терең үңілуге талпынған еді. Газеттің жауапты хатшысы, жалт еткен жасындай қысқа ғұмыр кешкен Талғар Сейталиев газетті полиграфиялық жағынан көркем етіп безендіруге күш-жігерін салды.
«Жаңа өмір» қай кезде де талабы таудай, сөз өнерінен, жыр әлемінен өз орнымды алсам деген таланттарға қамқоршы болған, қанат қақтырған.1994 жылы наурыз айында болған жергілікті мәслихаттардың сайлауында редактор Мырзахан Ахметовтің жаңадан жасақталған депутаттар корпусына басшы болып сайлануына байланысты оның орнына Мейірбек Мәтенов тағайындалды.
Мейірбек Мәтенов редакторлық қызметті ширек ғасырға жуық атқарды. «Жаңа өмір» газетін 2017-2018 жылдары талантты, облысқа белгілі жас журналистердің бірі Бекнұр Сатыбалдиев басқарды. Талантты журналист газеттің мазмұны мен дизайнына жаңаша серпін әкелді. Проблемалық және сыни мақалалар жиі жарияланып, журналистердің шеберлігін арттыра түсті.2018-2019 жылдары газетке Берік Жұмабайұлы редакторлық етті.Бүгінде «Жаңа өмір» газетінің мәні мен мазмұны өзгерген.
Мұнда тәжірибелі журналист мамандар қызмет етіп, газетті барынша көркем әрі қызықты етіп шығаруға күш салуда. Атап айтар болсақ, редактордың орынбасары, ақын Нұржан Дербісалиев, тілші Айгүл Аманқұл сынды қарымды қаламымен және азаматтық ұстанымымен танылған журналистер еңбек етуде. Сонымен қатар Лаура Мұсабекова, Баян Оразбаева, Анар Тіленшиева сынды жас тілшілер мен фототілші Сәбит Күзембаев пен дизайнер Асылхан Ескенеев те газеттің мазмұнды, сапалы шығуына үлкен үлес қосуда.
Газет тарихында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қаламы қарымды журналистер Абылайхан Сәрсенов пен Марат Құлибаевтың да алар орны ерекше.Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметін Ақмарал Омарбекова абыроймен атқарып келеді. Ақмарал Сапаралықызы шығармашылық қызметкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне, яғни материалдық мәселелердің әрдайым оң шешімін табуына үлкен үлес қосуда.
90 жастың төріне көтерілген басылым алдағы уақытта да елдіктің жаршысы, халықтың мінбері, жасампаздықтың жылнамашысы миссиясын абыроймен атқара береді деген сенімдеміз!
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»-«Новая жизнь»
газетінің бас редакторы