Жастар

Шығармашылық шеберханасы

Қиындығы мен қызығы қатар жүретін журналистика мамандығы әркімнің тісі бата бермейтін сала болғанымен, шығармашылыққа біртабан жақынмын деген жанның таңдауына айналатыны заңдылық. Телерадио, газет, интернет журналистиканы таңдайтын жастардың мүддесі – жаңалық жаршысы, ақпарат аламанының жүйрігі болу. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің филология және гуманитарлық ғылымдар факультетіне қарасты «Журналистика және филология» кафедрасындағы «Конвергентті журналистика», «Веб журналистика» білім беру бағдарламаларының да мақсаты осы – бәсекеге қабілетті, білімді, білікті маман даярлау.

Бізде білім алған студент журналист, газет шолушысы, тілші, редактор, медиаменеджер, режиссер, радиожүргізушісі, тележүргізуші, диктор (телеарна), комментатор, кинооператор-корреспондент, корректор, web-дизайнер, PR-менеджер, баспасөз қызметінің маманы, бренд-менеджер, мультимедиалық дизайнер, газет беттеуші және қоғаммен байланыс маманы бола алады.Студенттер тек оқу ордасында ғана емес, практика базаларында да тәжірибесін ұштау мүмкіндігіне ие. Мәселен, болашақ журналистерге телеарна, газет, интернет журналистикада тәжірибесі бар оқытушы-профессор құрамымен қатар, сол салада жұмыс істеп жүрген мамандар да дәріс береді.

Сонымен қатар білімгерлер жыл сайын облыстық, қалалық, аудандық басылымдарда, телеарналар мен сайттарда өндірістік тәжірибеден өтіп тұрады. Ал университетте қазіргі заман талабына сай жабдықталған телестудия бар. Онда жас тілшілер университеттің тыныс-тіршілігі мен білім саласында қол жеткізген табыстары туралы хабарлар дайындап, шеберлігін шыңдайды. Заманауи технологиямен жабдықталған жаңа студияда түсірілген хабарлар мен ақпараттық-танымдық дүниелер келесі бөлмеде монтаждалады. Яғни дыбыс жазу, өңдеу жұмыстары сол бөлмеде атқарылады.

Бұл оқу-тәжірибелік телестудия болашақ журналистердің жаңа техникаларды жан-жақты меңгеріп, білімдерін ұштауына ықпал етуде. Сондай-ақ Тараз әдеби жастары, Дарын үйірмесі, Жас журналистер клубы жұмыс істейді. Жалпы «Журналистика және филология» кафедрасында бакалавр – «Филология: қазақ филологиясы», «Конвергентті журналистика», «Веб журналистика», магистратура – «Филология: әдебиеттану бағыты (2 жылдық)», «Филология: тіл білімі бағыты (2 жылдық)», «Филология: әдебиеттану бағыты (1 жылдық)», «Филология: тіл білімі бағыты (1 жылдық)» білім беру бағдарламаларына сәйкес маман дайындалуда. Осындай мол мүмкіндіктер қарастырылған оқу базасында білім алған студенттер диплом алғаннан кейін өз саласы бойынша білікті маман атанып, университет мақтанышына айналуда.

«Алтын белгі» иегерлері, ата-анасы жоқ, қамқоршылары бар жетім, І-ІІІ топтағы мүгедек, 18 жасқа толмаған 6 және одан да көп баласы бар отбасынан шыққан, әлем, Азия чемпионы, Универсиада, халықаралық турнир, ҚР чемпионаты, республикалық турнир жеңімпаздары оқу төлемақысына әртүрлі көлемде жеңілдік ала алады. Сондай-ақ көптілді білім беру бағдарламасы, инклюзивті оқыту, әскери кафедра, қос диплом алу игілігі бар.

Білікті оқытушы-профессорлық құрамымен мақтана алатын білім ордасында оқу ақысын төлеудің икемді жүйесі қалыптасып, халықаралық стартап жобаларды әзірлеу, ағылшын, неміс, қытай тілдерін тегін оқыту мүмкіндіктері қарастырылған. Шетелдік серіктестердің қатарында Сангмён университеті (Корея), Кастамону университеті (Түркия), Стамбул университеті (Түркия), Швебиш-Гмюнд білім беру университеті (Германия), Адам Мицкевич университеті (Польша), Малага университеті (Испания), Кастилья-Ла-Манча университеті (Испания), Уэльва университеті (Испания) бар. Осы игіліктерді өзге студенттермен бірге болашақ журналистер де көруде.

Сондықтан тілші боламын деген талапкер үшін Дулати университеті – мүмкіндіктер мекені. Ілгеріде айтылған Жас журналистер клубы – ақпарат саласының болашақ майталмандары үшін тәжірибе жинап, шыңдалатын алаң, кәсіби журналист болам дегендер үшін таптырмас орта.

2021 жылдан бастап «Журналистика және филология» кафедрасында жұмыс істеп келе жатқан бұл клуб жас журналистерге танымдық, тағылымдық, шығармашылық бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие беру жолында біршама жұмыс атқаруда. Осы орайда білімгерлер көптеген журналистпен кездесіп, түрлі жарыстар ұйымдастырып, бірқатар іс-шараға қатысып, шыңдалуда. Мысалы, белгілі журналистер, ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясының стипендиаттары, «Атырау» телерадиоарнасының директоры Қанат Әуесбайдың шеберлік сағаты, республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараның медиа-тренингі өтіп, қатысушыларға «Болашақ» қауымдастығының атынан сертификаттар табыс етілді.

«Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева, «Taraz 24» телеарнасының директоры Зарина Қуатова, Ақпарат саласының үздігі Оралхан Дәуіт, «Aulieata-media» холдингінің бас директоры Данияр Асқарұлы, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, «АR-AI» газеті бас редакторының бұрынғы орынбасары Жасұлан Сейілхан, «Aulieata-media» холдингінің бас дизайнері Алмаз Орманов, облыстық  полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова және осы саланың жілігін шағып, майын ішкен өзге де журналистермен кездесу, қонақ дәрісі, шеберлік сағаттары тұрақты түрде өтіп тұрады.

Сонымен қатар 1-курс студенттерін «Jambyl», «Taraz 24» телеарналарына апарып, түсірілім алаңымен, студиялармен, радионың жұмысымен таныстырып, басшыларының дәрісін тыңдату дәстүрге айналған. Іс-шара барысында телеарна мамандары өз жұмысы туралы айтып, білімгерлер үшін арнайы жаңалықтар мен бағдарламалардың түсірілім сәті көрсетіліп, студенттер жаңалық жүргізу, радиода мәтін оқу мүмкіндігіне ие болады.Биылғы оқу жылының қараша айында Жас журналистер клубының ұйымдастыруымен «Бақыт кілті» бағдарламасының авторы, тележурналист Қымбат Қаржауқызының шеберлік сағаты, Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионовпен кездесу, «AR-AI» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабайдың қонақ дәрісі өтті. Сонымен қатар акустикалық, поэзиялық кештер де өткізіліп тұрады.

Ал клуб қатысушылары түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Мысалы, былтырғы 9-қарашада Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Атамұра» корпорациясының ұйымдастыруымен өткен «Ділмар» ІІ республикалық шешендік сайысында клуб мүшесі Жаннұр Әбдәлі жүлделі орынға ие болды. Мұндай байқаулар клуб ішінде де өтіп тұрады. Мысалы, «Әлеуметтік желідегі үздік жазба» бауқайында бақ сынағандардың арасынан оза шапқан 9 студент әртүрлі номинациямен марапатталып, алғыс хат алған болатын. Жеңімпаздар сыйлыққа қазақ әдебиетінің жауһарлары саналатын жаңа кітаптарды өңірдегі белгілі ақындар, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман мен республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаевтың қолынан алды.

Әрине, неше жылғы тарихы бар оқу ордасында бұған дейін де бұл бағытта көптеген шаруа атқарылды. Себебі әр жылдары түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылып, журналистер үйірмесі жұмыс істеді. Жас журналистер клубы соның барлығын бір жобаға жинап, жүйеге түсірсек деген ойдан туындады. Студенттердің белсенділігі мен қызығушылығы тұрғысынан алғанда сәтті жүзеге асуда деп нық сеніммен айта аламыз. Сондықтан клуб жұмасы алдағы уақытта жалғасады және жандана түседі деген ойдамыз.Қазіргі таңда клуб қатысушылары жазуға төселіп, мықты маман болып шығу үшін  теориялық біліммен бірге, практикалық дағдыларды да қалыптастыруда.

Түрлі тақырыпта репортаж, сауалнама, сұхбаттар жүргізумен қатар, ақпарат, мақала жазудағы өз қабілеттерін машықтап, дамыту үстінде.Жалпы әуесқойлықтан кәсібилікке көтерілем деген жан шығармашылық өсуді жатсынбаса керек. Кәсіби парызын асқан жауапкершілікпен орындап қана қоймай, ісіне адал, бәсекеге қабілетті, әділетті, объективті, жан-жақты маман болып қалыптасуды мақсат тұтқан адам түбінде жетістікке жетері хақ. Осы жолды ұстанған болашақ әріптестерге табандылық, білімге құштарлық, мол ізденіс пен сәттілік тілейміз.

Айгүл Ануарбекова,
 М.Х.Дулати атындағы 
Тараз өңірлік университеті 
«Журналистика және филология» 
кафедрасының аға оқытушысы