Қауіпті құрылғыларды есепке қоюдың тәртібі қандай?
Жұмыс процесіне қатысты қандай рәсімдер болсын заңнама талаптарына сәйкес реттеледі. Осы орайда қауіпті техникалық құрылғыларды есепке қою және есептен шығарудың да өзіндік талаптары бар. Біз бүгін осы жайында кеңес беруді жөн көрдік.
Қауіпті техникалық құрылғыларға не жатады? Әуелі осы сұрақтарға жауап берейік. Атап айтқанда, қауіпті өндірістік объектілерде пайдаланылатын, мемлекеттік қадағалауды өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган жүзеге асыратын, 0,07 мегапаскальдан асатын қысыммен немесе 115 Цельсий градустан асатын судың қайнау температурасы кезінде жұмыс істейтін техникалық құрылғылар, жүк көтергіш механизмдер, эскалаторлар, фуникулерлер, лифтілер, траволаторлар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектерге) арналған көтергіштер осы тізімге енгізілген.Сондай-ақ бұрғылау тереңдігі екі жүз метрден асатын ұңғымаларды бұрғылауға және жөндеуге арналған қондырғылар, шахталық көтергіш қондырғылар мен көтергіш машиналар, жарылғыш заттар мен олардың негізінде жасалған бұйымдардың жылжымалы қоймалары, араластыру-зарядтау және жеткізу-зарядтау машиналары, жарылғыш заттар мен олардың негізінде жасалған бұйымдарды дайындауға арналған мобильдік және стационарлық қондырғылар да осы қатарға қосылған.
Мемлекеттік қадағалауды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын, әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі 0,07 мегапаскальдан асатын қысыммен және (немесе) 115 Цельсий градустан асатын судың қайнау температурасы кезінде жұмыс істейтін бу және су жылыту қазандықтары (жылумен жабдықтау ұйымдары), 0,07 мегапаскальдан асатын қысыммен жұмыс істейтін түтіктер, жүк көтергіш механизмдер, эскалаторлар, аспалы жолдар, фуникулерлер, лифтілер, траволаторлар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектерге) арналған көтергіштер де қауіпті техникалық құрылғыларға жатады.
Қауіпті техникалық құрылғыны есепке қою, есептен шығару үшін қауіпті техникалық құрылғының иесі немесе қауіпті техникалық құрылғыны пайдаланатын ұйымның басшысы өнеркәсіптік объектілерде, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне өтініш беруі тиіс.
Бұдан бөлек әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органға өтініш жолдануы қажет.«Қауіпті техникалық құрылғыларды есепке қою және есептен шығару» қызметін бекітілген қағидаларға сәйкес Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің аумақтық департаменттері және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары көрсетеді.Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі стандартта жазылған. Ал мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі үш жұмыс күнін құрайды.
Алмат Әбдіманатов,
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік
комитеті облыс бойынша
департаментінің бас маманы