Қоғам

Лудоманиямен күрес жүргізілуде

Лудомания – құмар ойындарға потологиялық әуестігі бар адамдардың дерті. Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауруды ресми түрде мойындаған. Аталған дертке ұшыраған адамның бойында әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтар құлдырап, адамгершілік қасиеттері жойыла бастайды. Бұл проблеманың біздің елде де өткір тұрғаны белгілі.

Осы орайда  М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Заңсыз ойын-сауық бизнесі мен лудоманияға қарсы күрес» тақырыбында көшпелі брифинг өтті. Спикер ретінде облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиев пен облыстық психикалық денсаулық орталығының психологі Жанар Байгутдиева шақырылды.– Биыл департамент Тараз және Шу қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру деректерін анықтады.

Осы деректерге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша қылмыстық істер тіркеліп, 1 іс сотқа жолданды. Сонымен қатар соңғы 5 жылда департамент қызметкерлері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 42 дерегін анықтап, осы фактілер бойынша 38 қылмыстық іс сотқа жолданды. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша Таразда 18 дерек, Шу ауданында 10 дерек, ал Қордай ауданында 6 дерек анықталды, – дей келе, Р.Сатыбалдиев департаменттің лудоманиямен үнемі күрес жүргізіп жатқандығын, бірақ бір ғана құқық қорғау органының бұл жағымсыз құбылысты жоя алмайтынын тілге тиек етті.Иә, лудомания – қоғам дерті. Сәйкесінше одан лудоманның өзі ғана емес, туыстары мен жақындары да зардап шегеді. Брифингте психолог Жанар Байгутдиева осы жайында  сөз қозғады.

Сондай-ақ Р.Сатыбалдиев заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылатынын айтып, мүлкі тәркіленіп, 
7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтінін ескертті. 


 
Аяулым Жаманқара