Жаңалықтар

Жерлесіміздің жарқын жеңісі

Қордай ауданының тумасы, талантты кинорежиссер, сценарист Данияр Саламат түсірген «Талақ» фильмі XXIV халықаралық Шанхай кинофестивалінде (SIFF) үздік атанып, «Толықметражды фильм» номинациясының «Алтын кубогын» иеленді. Ал осы фильмде басты рөлді сомдаған жас актриса Амира Омарова «Ең үздік әйел рөлі» аталымын қоса жеңіп алды. Сөйтіп, екі бірдей бас жүлдені қанжығаға байлаған қазақ киногерлерін Алматы жұрты әуежайдан құрметпен қарсы алды.

Шанхай кинофестивалі – әлемдік «А» санатына жататын ірі 10 доданың бірі екенін ескерсек, қазақ фильмінің бұл табысын әлемдік кинодағы  тарихи жеңіс деуге болады. Өйткені осыған дейін «А» санатындағы он фестивальдің бірде-бірінен қазақ киносы бас жүлде алып көрмеген. Киногерлердің айтуынша, Шанхайдағы биылғы халықаралық байқауға барлығы 105 елден 3 700-дей өтінім түскен екен. «Алтын кубок» жүлдесіне 5 номинация бойынша 50 кинотуынды іріктеп алынып, осылардың ішінен таңдалған толықметражды 14 фильмнің арасынан «Талақ» ең үздігі деп танылған. Кейіпкерлерінің тағдырын әлемдік, бүкіл азаматтық деңгейде шебер көрсете алуы фильмнің ең басты ерекшелігі деп табылған. Фильм Бейімбет Майлиннің «Талақ» және «Әже» әңгімелері желісімен түсірілген. ХХ ғасырдың 20-30-жылдарын суреттейтін туындыға күштеп ұжымдастырудың салдары, сол замандағы халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әйелдің ауыр тағдыры арқау болған. Фильмнің сценарийін Даниярдың өзі жазған, бас режиссері де өзі. 

Жалпы Д.Саламаттың туындыларының дені әлеуметтік драма жанрында болып келеді. Бұған дейінгі түсірген «Ажалын қуған адам», «Жөше», «Әкем екеуміз», «Сағынтайдың бірінші әйелі», «Біздің үй», «Бәйтерек» қысқаметражды фильмдерінің қай-қайсысы да астарлы ойы бар, көкейкесті әлеуметтік тақырыпты қозғайды. Осылардың ішінде «Жөше» 2005 жылы «Шәкен жұлдыздары» халықаралық кинофестивалінде бас жүлдені, Ташкенттегі «Ижоди Парвоз» жастар кинофестивалінде «Үздік режиссерлік жұмыс» жүлдесін жеңіп алды.  2015 жылы «Сағынтайдың бірінші әйелі» фильмі Германияның Котбус қаласында Шығыс Еуропа фильмдері кинофестиваліне конкурстан тыс қатысып,  арнайы жүлдеге ие болды.

2019 жылы «Біздің үй» фильмі Римде өткен «Азия фильмдері» кинофестивалінде «Қазылар алқасының арнайы жүлдесін» иеленді.Енді міне, әлемдік деңгейдегі  бас жүлдеге де қол жетіп отыр.Талантты кинорежиссер Данияр Саламат 1970 жылы Қордай ауданының Кенен ауылында туған. 1987 жылы жергілікті орта мектепті бітіріп, КазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсті. Алғашқы курстан соң «Қордай шамшырағы» газетіне өндірістік тәжірибеден өтуге келген кезі де есімізде. Сонда-ақ оның астарлы әңгіме, очерк, киносценарий жазуға талпыныстарын байқаған едік. Бірақ  ол өнердегі өз жолын кинодан іздемек болды.


Қазақ киногерлерінің бұл жеңісі бір өңірдің ғана емес, бүкіл еліміздің абыройы. Бас жүлде  құтты болсын!

                        Құрманбек Әлімжан,
                         журналист, 
                        Қордай ауданы