Ортақ істің оң нәтижесі
«АMANAT» партиясы облыстық филиалының бастамасымен өтіп жатқан «Таза бейсенбі» акциясына Т.Рысқұлов ауданының тұрғындары да белсенді қатысуда. Өткен аптада еріктілер жасағына аудандық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, белсенділер мен «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері қосылып, облыс орталығындағы «Жеңіс» саябағын тазалауға атсалысты.
Естеріңізге сала кетейік, «Таза бейсенбі» жобасы маусым айының басында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында басталған болатын. Экологиялық акция аясында Т.Рысқұлов ауданында «АMANAT» партиясы мен «Жастар рухы» қозғалысының мүшелері сенбіліктерді жиі өткізіп, саябақ, алаңқай, аллея, көшелерді қоқыстардан тазартып, туған өлкесінің тазалығына үлес қосты.
Жалпы республика көлемінде бастау алған «Таза Қазақстан» акциясында аудан тұрғындарының атқарып жатқан жұмыстары мақтауға тұрарлықтай.
Мәселен, «Таза өлке» деп аталатын алғашқы аптаның өзінде мыңға жуық адамнан құралған бригадалар дендросаябақ аумағын қоқыстан тазартып, ағаш отырғызып, орындықтарды жөндеді. Сонымен қатар жекелеген аумақтарда абаттандыру жұмыстары кезінде 200 түп көшет отырғызылды.Ауқымды акцияның «Киелі мекен» апталығында да ауыз толтырып айтарлықтай іс-шаралар өткізілді. Аталған апталық кезінде тарихи-мәдени ескерткіштер аумағында тазарту жұмыстары атқарылды.
Құлан елді мекенінде аудандық мәслихат депутаттары абаттандыру шараларына атсалысса, Көкдөнен ауылының тұрғындары Дулат баба кесенесі аумағына 30-дан астам көшет отырғызып, акцияға өз үлестерін қосты.Игі бастамаға 3 мыңнан астам тұрғын қосылды. «Өнегелі ұрпақ» апталығында аудан әкімі Ернар Есіркепов бастаған мемлекеттік қызметшілер, жергілікті мәслихат депутаттары мен медицина саласының ардагерлері аудандық аурухана аумағына тал-терек отырғызды.Акция барысында кәсіпкерлердің демеушілігінің арқасында ауданда 500-ге жуық сәндік гүл мен ағаш көшеті егілді. Сонымен қатар 17 шақырым дренаждық канал қоқыстан тазартылды. Полигонға 400 тоннаға жуық қалдық шығарылды.
А.Бекенқызы