Туристік кластерді дамытудың тәсілі көп
Туризм кластері XX ғасырдың 80-жылдары дами бастаған. Бұл сала қазіргі уақытта аймақтық және ұлттық экономиканы дамытудың тиімді жолы болып отыр.
Кластер теориясының негізін қалаған Гарвард бизнес мектебінің профессоры М.Портер «Бәсекелестік» деген кітабында «Кластер – бұл бір салада қызмет атқаратын компаниялардың өзара географиялық топтамасының іс-әрекеттері және бір-бірін толықтырып отыратын қоғамдық қызмет түрі» деп анықтама берген.Облысымыз туристік кластерді қалыптастыруға қолайлы аймақ ретінде белгілі. Туристік кластерге тарихи жәдігерден басқа, туризмнің экологиялық және экстрималдық түрлері де жатады.Қазақстан Республикасы қазіргі таңда «Ұлы Жібек жолы» атты халықаралық туристік жобаның белсенді мүшесі. Қазақстан аймағынан керуеннің солтүстік тармағы өткен. Қазіргі кездегі Қазақстандағы Жібек жолымен байланысты аймақтарға Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Маңғыстау облыстары жатады.Өзінің тарихи, географиялық және мәдени ерекшеліктеріне қарай, аймақтар арасында облысымыз ерекше орынға ие екендігін Ұлыбританияның Елшісі Пол Браммеллдің БАҚ-қа берген сұхбатынан да байқауға болады. Ол өз сөзінде «Таразда археологиялық, тарихи, табиғи байлығын өзара біріктіріп, туристік секторын дамытуға үлкен мүмкіншіліктер бар», – деген болатын.
Таңғажайып табиғи ресурстар, тарихи база, бай мәдени мұра, әртүрлі флора мен фаунасы бар 4 қорық, үлкен суқоймалары облысымызда мәдени-танымдық, экологиялық туризмнің дамуына зор мүмкіндіктер береді.
Бұл аймақта туризмді дамытатын көптеген туристік ресурс бар. Облысымыз арқылы Ұлы Жібек жолының Сайрам – Тараз – Ақшолақ - Ақыртөбе – Құлан – Меркі – Шу – Аспара –
Қордай жолдары өткен. Бұл жолдарда өте қызықты тарихи және мәдени ескерткіштер орналасқан. Облыс «Ұлы Жібек жолындағы тарихи орталықтарды қалпына келтіру, түркі тілдес халықтардың мәдени мұрасы сабақтастығын дамыту және сақтау, туризм инфрақұрылымын құру» атты мемлекеттік бағдарламасына енген.Енді облысымыздағы туризм саласының дамуы мәселелеріне тоқталып өтейік. Өңірімізде ішкі және сыртқы туризммен айналысатын 40 туристік ұйым қызмет көрсетуде. Қазіргі кезде жаңадан ашылған көптеген демалыс орны, спорт кешендері, қонақүйлер, сол сияқты қала құрылысындағы өзгерістер облысымыздың туристік беделін арттыруға қолайлы жағдай тудыруда. Сондай-ақ облысымыздың тартымды жерлерін мәдени-тарихи және табиғи-рекреационды деп 2 топқа бөліп қарастыруға болады.Аймақтың туристік имиджін қалыптастыру және ұлттық туристік өнімді әлемдік туристік қызмет нарығына шығару жолында бірқатар жұмыс атқарылуда.
Облысымызда туризм және қызмет көрсету саласын дамыту үшін нақты мамандардың жеткіліксіздігі бәрімізге белгілі. Осы орайда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің экономика және бизнес факультетіндегі «Туризм және сервис» кафедрасында «Туристік бизнес», «Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» білім беру бағдарламасы жүзеге асуда. Университеттің «Туристік бизнес» және «Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» білім беру бағдарламасын тәмамдаған бітірушілер туристік фирмаларда, туристік агенттіктерде гид-аудармашы, мейманхана мен мейрамхана саласында, экскурсовод, аниматор, клиенттерді тауып, олармен шарт жасап, топтарды ұйымдастыратын менеджерлер қызметтерін атқарады.Бүгінде жұмыс берушілер өздерінің болашақ қызметкерлерін университет қабырғасынан табуға тырысады.Студенттердің білім беру бағдарламаларын дайындау, нарық қажеттілігі мен жұмыс берушілердің сұранысы бойынша жүзеге асырылады.
Оразкүл Досымова,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Туризм және сервис» кафедрасының
аға оқытушысы