Денсаулық

Бала денсаулығына бейжай қарамайық

Елімізде "отбасылық дәрігер" деген ұғымның пайда болғанына біраз уақыт болды.Кейде отбасылық дәрігерді жалпы тәжірибелік дәрігер деп те атап жатамыз. Яғни жалпы тәжірибелік дәрігер бір жанұяның қариясынан сәбиіне дейін қарап, кеңесін беріп, керек жағдайда ем-домын жүргізеді.

Алайда отбасылық дәрігердің бәрі педиатр немесе терапевт емес. Жалпы бұл жүйе туралы №8 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Айнұр Жақсынбеттің ойын білген едік. 
– Медицина саласында еңбек етіп жүргеніме 4 жылдай болды. Бұрын балалар дәрігері бөлек, ересектердің дәрігері бөлек болатын. Сол жүйе дұрыс еді.

1996 жылы Жуалы ауданының Диқан ауылында дүниеге келген Айнұр Жақсынбет 2020 жылдан бері №8 қалалық емханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істейді. 2014-2021 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде жоғары білім алған.Маманның айтуынша, жалпы тәжірибелік дәрігердің бір басында бірнеше міндет бар. Алдына келген әр науқасқа 15 минут уақыт бөлінеді. Сол аралықта ауруды түсініп, хаттама толтырып, ғаламторға енгізіп, ем тағайындап, диагноз қойып үлгереді. Ал өзге мемлекеттерде отбасылық дәрігердің атқаратын жүгі ауыр емес көрінеді.


Денсаулық – Алланың аманаты, оны күтуге әр адам жауапты. Алайда басың ауырып, балтырың сыздағанда ақ желеңді мамандарды демеу тұтатынымыз бар. Осы орайда «Денсаулықты бір ғана отбасылық дәрігерге сеніп тапсыру дұрыс па?» деген сауалды қала тұрғындарына қойып көрдік. Тараз қаласының тұрғыны Райса Қасымжанова немерелерін арнайы педиатр дәрігерге көрсеткісі келетінін айтады.

Дәрігер – мамандықтың асылы десек, еш қателеспейміз. Ал енді бұрынғысынша, яғни әр саланың дәрігері адамның ауруына қарай қараса, тіптен жақсы болар еді. Халыққа қалтқысыз еңбек етіп жүрген дәрігер Айнұр Жақсынбет жас болса да өте зерек, білім мен біліктілігі тоғысқан жан. Бекітілген учаскесіндегі әрбір үлкен-кішіні танып, олардың ауруларына да қанық. Жылы жүзді, үнемі жымиып қана жүретін жас дәрігерді баршасы «Біздің Айнұр» деп жақсы көреді. 

– Білесіз бе, біз күн сайын неше түрлі адамдармен жүздесеміз. Яғни пациенттер алдымызға сан түрлі сырқатпен келеді. Жастар арасында онкологиялық аурулар кең қанат жайып келеді. Үлкендер арасында инсульт көп кездеседі. Осы уақытқа дейін халық арасында жөтел қатты жүрді. Қазір біраз басылды. Адамның көңіл күйінің ұйытқысы болып табылатын жүйке жүйесі аурулары арасында ми қанайналымының жіті бұзылысына әкеліп соғатын жайттар аз емес.


Дүниеде балаңның ауырғанынан жаманы жоқ. Бала деген қай жері ауырғанын да айта алмайды. Ересектер мен балалардың айырмашылығы да осында ғой. Балаларды емдейтін дәрігер баламен балаша сөйлесуі керек. Қазір емханаларда, ауруханаларда жалпылама қарайды. Қарапайым тұмаудың өршіп, созылмалы ауруларға ұласып кетіп жатқаны да осы балалар дәрігерінің болмауынан шығар. Балаларды тек балалар дәрігері ғана емдей алады. 

Естуімізше, педиатр мамандығына грант саны да аздау екен. Саланы сапалы мамандармен толықтырудың басты амалы - бала денсаулығын тәжірибе жасайтын алаңға айналдырмай, олқылықты уақыт өткізбей қалпына келтіру. "Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді"деп қазақ бекерге айтпаса керек.Дәрігерлік саланың өзі әр нәрсенің басын шалмай, бір салаға мамандандырғаны дұрыс.Болашағын ойлаған ел балаға жағдай жасайды.

Эльмира Байназарова