Жаңалықтар

Жылыту маусымына қаншалықты дайынбыз?

Еліміздің солтүстігіндегі ағайындар қыстың қытымыр аязында қалай күн көретінін қайдам, біздің өңірде алғаш күн суытқанда жұртшылықтың жылда әбігерге түсетіні жасырын емес. Мәселен, өткен жылдың соңына таман қыс қаһарына мінгенде облыстың жылыту маусымына дайындығының қандай деңгейде екені баршаға мәлім болған еді.

Сақылдаған сары аяздың салдарынан жақын маңдағы аудандарда газ құбырлары жарылып, газ реттегіш шкафты пункттер 25°C градустан жоғары аязға шыдас бермей, істен шыққаны ел есінде. Жылу құбырларында болған ақау мен басқа да келеңсіз жайттан кейбір тұрғын үйлерден жылу қашып, көпшілік аяздан азынаған баспанасында бүрсең қақты. Жағдайды нақты баяндасақ, алғаш аяз күшіне енгенде Тараз қаласындағы бірнеше ықшамаудан мен Жамбыл ауданындағы бірқатар ауыл жылусыз қалды.

Мәселен, өткен жылдың 12 желтоқсанында сағат 21:00-дер шамасында Жамбыл ауданында Қызылқайнар, Гродеково, Полатқосшы ауылдық округтеріне баратын магистральді газ құбыры қатты аязға шыдас бермей жарылған болатын. Салдарынан Жамбыл ауданына қарасты Полатқосшы, Гродеково, Қызылқайнар ауылдық округтерінде және Тараз қаласындағы теміржолдың арғы бетінде  орналасқан тұрғын үйлерде газ қысымы төмендеп, кейбір үйлерде көгілдір отын көзден бұлбұл ұшты. Сол кезде Қызылқайнар ауылдық округіндегі 2 елді мекендегі 926 аулада 5 299 адам жылуға мұқтаж болды.

Жасөркен ауылында 329 ауладағы 1 806 тұрғын, Қызылқайнарда 597 аула бойынша 3 493 адам ақырған аяздың қыспағына ұрынды. Ал Гродеково ауылдық округіндегі 2 елді мекеннің 1 337 ауласындағы 6 887 адам алғашқы суықты жылусыз қарсы алды. Яғни Гродеково ауылындағы 1 191 түтін бойынша 6 099 адам, Қызыл-Дихандағы 146 үйдегі 788 тұрғын уақытша қиындықтарға тап болды. Сондай-ақ Полатқосшы ауылдық округіне қарасты Жалпақтөбе ауылында 3 көшеде газ өшкен еді. Нақтысы сол, 80 ауладағы 520 тұрғын жарық, жылусыз отыруға мәжбүр болды. Бұдан бөлек «Ұлы дала» ықшамауданында бірді-екілі тұрғын үйлерде жылудың болмауынан жұрт ұлардай шулады. Тізе берсек, өткен жылыту маусымына қатысты айтылар сын көп. 

Десе де осындай келеңсіздікті алдағы жылыту маусымында болдырмау – басты міндет. Сол үшін алда жылыту маусымының өту барысына осы бастан мұқият дайындалуымыз қажет. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Бағдат Өсербаевты осы мәселе бойынша сөзге тартқан едік.– Биыл 15 сәуірден бастап облыста жылыту маусымы аяқталды. Жалпы жылыту маусымының уақыты 186 тәулікті құрады.

Осы уақыт аралығында 1,098 миллион гигакалорий жылу энергиясы өндірілді. Облыстағы барлық 9 жылу-энергетика кешені мен 593 автономды қазандық штаттық режимде жұмыс істеп, жалпы 1 737 әлеуметтік маңызы бар нысан мен 1 646 көпқабатты тұрғын үй жылумен тұрақты қамтамасыз етілді. Жылыту маусымы кезінде сіз сөз еткен бірді-екілі келеңсіз жайттар орын алғаны рас. Бірақ ол жоғарыда аталған жылу шығаратын мемлекеттік кәсіпорындарда, яғни 9 жылу-энергетика кешені мен 593 автономды қазандық бойынша орын алған жоқ. Бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе акционерлік қоғам секілді мемлекетке қарамайтын мекемелерге қатысты орын алған мәселе. Десе де Гродеково ауылы маңында орын алған жағдай 1 сипаттағы авариялық апатқа жатпайды деп ойлаймын.


Халық жоғарыда орын алған жайттардың қандай сипаттағы апатқа жататынына бас ауыртпайтыны анық. Ең бастысы, тұрғындар қыс түскенде үйде тон жамылып, тоңбаса болғаны. Осы орайда біз «Өңірдегі жылыту қазандықтары қажетті отынмен қамтамасыз етілді ме?» деген секілді сұрақтарға да мән бердік. Бағдат Жолдасұлының айтуынша, өңірдегі 3 моно және шағын қалалардағы қазандықтарды отынның негізгі қорымен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 2,271 миллиард теңге қаралыпты. Аталған қаржы Шу қаласы үшін 5,5 миллион текше метр газға, Қаратау қаласы бойынша 15 миллион текше метр газға, Жаңатас үшін 12,9 мың тонна мазутқа жұмсалмақ.

Былтыр отын-энергетика кешендері тарапынан жылыту маусымында 1,2 миллиард текше метр газ тұтыну үшін тиісті шарттар жасалыпты. Бюджеттік мекемелердің автономды қазандықтары үшін 66,2 мың тонна және халық үшін 149,7 мың тонна көмір толық қамтамасыз етілген көрінеді. Жалпы қысқы маусым кезінде былтыр облыста көмір тапшылығы орын алмаған.– Отын-энергетика кешендерімен 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралары бекітіліп, кестеге сәйкес жұмыстар атқарылуда. Бұл іс-шараларға жалпы 15,5 миллиард теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде инвестициялық бағдарлама бойынша  3,945 миллиард теңге, бюджет есебінен 10,8 миллиард теңге қаралды.

Тарифтік смета есебінен бөлінетіні  – 525,242 миллион теңге.Дайындық іс-шараларына келсек, бұл шаруа осы жылдың 10 қазанына дейін атқарылады. Оның ішінде білім нысандарының 100 пайыз дайындығы 1 қыркүйекке дейін қамтамасыз етілетін болады. Қазіргі уақытта облыстағы 4 қалада жоспарлы 18,6 шақырым жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Тараз қаласында 9,8 шақырым, Қаратау қаласында – 5,9, Жаңатас қаласында – 1,2, Шу қаласында 1,7 шақырым жылу желілері жөндеуден өтуде.

Қазіргі таңда Тараз қаласының негізгі М-1 жылу магистралінің 4,6 шақырымын қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биылғы жылға қаралған қаржы 7,092 миллиард теңге болса, құрылыс жұмыстарын толық аяқтау үшін республикалық бюджеттен қосымша 3,5 миллиард теңге қажет.Нәтижесінде жыл соңында жылу желілерінің тозу деңгейін 55,5 пайыздан 54 пайызға дейін төмендету күтілуде.

Облыстағы 2 ірі жылу көздері бар «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының ТЭЦ-4 және РК-4 қазандығындағы бу турбиналарына, бу және су жылытқыш қазандары мен қосалқы жабдықтарына күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға кәсіпорынның өз қаражаты есебінен 473,5 миллион теңге қаралды.«Т.И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ оңтүстік өңірдегі электр энергиясын өндірумен айналысатын ең ірі кәсіпорын болып саналады.

Стансаның қуаттылығы 1 230 МВт-ты құрайды, номиналдық жүктеме қуаты – 1 107 МВт. Стансаның 6 энергоблоктік режимде жұмыс істеуіне толық мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда сағатына 420 МВт жүктемемен 3 блокты режимде жұмыс істеуде. Стансаға осы жылы инвестициялық бағдарлама есебінен 3,5 миллиард теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі.


Бүгінде Қаратау қаласының орталық қазандығының резервтік мазут шаруашылығын және бу қазанын қайта жаңғырту жұмыстарына 244,4 миллион теңге қаралыпты. Аталған 2 жобаны аяқтау үшін республикалық бюджеттен қосымша 1,090 миллиард теңге қажет көрінеді. 

Аталған басқарма мамандарының айтуынша, алдағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралары тұрақты бақылауда тұр. Қазақ «Арық айтып, семіз шық» дейді. Жұртшылықты жылумен, сумен, газбен, қатты отынмен қамтамасыз етуде мәселе туындамауы керек, бастысы – осы.

Нұрым Сырғабаев