Цифрландыру қарқынды дамуға сеп болуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында цифрландырудың бүгінгі күннің талабы екеніне айрықша назар аударғаны анық. Сонымен бірге Президент осы бағытта жүзеге асырылуы тиісті міндеттерді атап көрсетіп, Үкімет пен жауапты ведомстволардың басшыларына нақты тапсырма да бергені белгілі.
Осының өзінен-ақ Президенттің еліміздегі цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне қаншалықты деңгейде мән беретінін аңғару қиын емес.Бұл бойынша облыста да ілкімді істер атқарылуда. Облыс әкімдігінің цифрландыру басқармасына қарасты 2 ұйым бар. Атап айтқанда, «Жамбыл облысының жобалық басқару және цифрландыру орталығы» мен «Жамбыл облысының бірыңғай коммуналдық диспетчерлік қызметі».
Қазіргі уақытта облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы ақылды қалалар (Smart City) эталондық стандарты, байланыс, өңірлік геоақпараттық порталы жобаларын іске асыруда. Басқарма басшысы Руслан Ноқрабековтың айтуынша, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бұйрығымен «ақылды» қалаларды құру әдістемесі бекітілді. «Smart city» жобаларының негізгі көрсеткіштерінің тізімі анықталды. Бағалау 22 негізгі және төрт қосымша, барлығы 26 жоба бойынша жүргізіледі. – Бүгінгі таңда 367 елді мекеннің 50-і 2G, 69-ы 3G төмен жылдамдықты мобильді интернетімен, ал 248 елді мекен жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. Ал талшықты оптикалық байланыс желісімен 371 елді мекеннің 199-ында орнатылса, қалған 172 елді мекен бұл желімен қамтылмаған.
«Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасына сәйкес 2023-2024 жылдары «Мобайл Телеком-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 68 елді мекенде тиісті 4G базалық стансасын орнатуды жоспарлаған. Бүгінге 18 елді мекенде тиісті жұмыстарды аяқтады. «Кcell» акционерлік қоғамы 2023-2024 жылдарға жоспарланған 51 елді мекеннің 26-сында тиісті жұмыстарды аяқтады. Ал «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2023-2024 жылдары жоспарланған 61 елді мекеннің 31-інде тиісті жұмыстарды орындады.
Басқарма басшысының сөзінше, биыл 30 елді мекен, 144 мемлекеттік мекеме, 2025 жылы 86 елді мекен, 204 мемлекеттік мекеме, 2026 жылы 44 елді мекен, 96 мемлекеттік мекеме, 2027 жылы 10 елді мекен, 11 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылатын болады.
Сондай-ақ «Соңғы мильді» субсидиялау арқылы облыста жалпы 120 елді мекенді қамту жоспарлануда.Республикалық автомобиль жолдары бойындағы антенна-діңгек құрылысы бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Тарқатып айтсақ, Ұлттық жобаға сәйкес облыста биыл Шақпақата-Отар автокөлік жолына 7 антенна-діңгек құрылысын соғу көзделген.
Өз сөзінде Руслан Москауұлы «Iqala» жобасы аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайын да сөз етті. – Жоба аясында облыстың өңірлік географиялық ақпараттық жүйесінің алаңында табиғи монополиялар субъектілерінің халыққа және бизнеске көрсететін 15 қызметі автоматтандырылған.
Әрине, басқарманың жыл басынан бергі жұмысын толық, егжей-тегжейлі баяндау мүмкін емес.Негізгілеріне ғана тоқталдық.Бір анығы, салада ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып, нәтижесінде цифрландыру сан саланың серпінді дамуына сеп болуда.
Ақтоты Жаңабай