Қоғам

Киім киюдің де өз әдебі бар

Әр адамның жеке талғамы барына таласымыз жоқ. Бірақ сән қуғанның жөні осы екен деп бүгінде ашық-шашық жүретін жастар қатары көбеймесе, азаймай тұр. Әсіресе қыз балалар. Қасиетті Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінің 26-аятында: «Ей, адам баласы! Сендерге абыройларыңды жабатын һәм кигенде өздеріңді көрікті ететін киім түсірдік. Алайда біле білсеңдер, ең қайырлы киім – тақуалық киімі. Ол – Аллаһтың белгілерінен» дейді. Ислам дінінде заманға сай киінуге шек қойылмайды. Бәрі де жөнімен, үйлесімімен болып жатса, кәнеки!

Жаһанда жеңіл өнеркәсіп саласы қарқынды даму үстінде. Ел экономикасы артып, халықтың тұрмыс сапасы жақсарғанымен жастардың батыс мәдениетіне еліктеуі өрши түскені алаңдатады. Соңғы кездері еуропалық сән  салондарының сан алуан киім үлгілері нарықты жаулап бара жатыр десек те болғандай. Соның ішінде жастардың тастамай киіп жүрген джинсы шалбары да бар. Міне, осы тыртиған шалбар, кіндік пен бөксе арасын ашық-шашық қалдыратын басқа да батыстық киім үлгілері біздің де базарларымызда самсап-ақ тұр. Дәрігерлер мұндай киімдердің ұрпақ саулығына қатер төндіретіндігін айтып, дабыл көтеруде. Әйтсе де оған құлақ аса қоятындар санының аз екендігі қынжылтады. Өкінішке қарай, жастарымыз басқа жөні түзу ештеңе таппағандай, жұлым-жұлымы шыққан джинсы киюді сәнге айналдыруда. Көзге оғаш  көрінетін осынау әдеттен арылар күн болар ма екен? 

Үлкендер ылғи «Жыртық киім – жаман ырым» деп айтып отырушы еді. Әжеміз үстіміздегі киімнің сөгілген тұсын байқаса болды, инесін сабақтап,бір демде көктеп бере қоятын. Неге екенін қайдам, бірақ бүгінгі қыздар бүтін емес, түрі оңған, шұрық тесік шалбар киюге әуес-ақ. Бәлкім, айналасына өзінің сұлулығы мен сымбатын осы шұрық тесік шалбар арқылы танытқысы келетін шығар.Жастардың санасын жаулап алған, міне, джинсының тарихы тамырын қайдан тартып жатыр? Бағзы кездері ауыр жұмыс істейтін жұмысшылардың сұранысымен төзімді матадан  дайындалған шалбарлар таптырмас киімге де айналғаны белгілі. Бағасы да қымбаттау болғандықтан жұмысшылар әбден тозғанша  үстерінен шешпеген. Жұлым-жұлымы шыққан  джинсылар өткен ғасырдың 60-70-жылдары пайда болған субмәдениет өкілдерін айрықша қызықтырса керек-ті. Олар оны панк-рокерлердің киім қорына қосып, сахнаға алып шықты.


– Ер адамдар көп киім ала бермейді ғой. Ал қыздар арасында джинсы шалбарлар өте жоғары сұранысқа ие. Бізге тапсырыс беретіндер негізінен 15 пен 30 жас аралығындағы қыз-келіншектер. Ал дүкенімізге мұндай киімдер шетелден әкелінеді. Италиялық материалдан дайындалатындықтан сапасы өте жоғары. Еш уақытта сәннен қалмайды. Сол себепті өзге шалбарларға қарағанда бағасы да қымбаттау.


Жалпы жыртық киім – мүсәпірлердің, жоқшылықтың да белгісі. Ең алдымен, қыздарымыз соны ұғып, түсінсе дейміз. Бізде ұлттық нақыштағы киімдер көптеп тігіліп, нарыққа шығарылар болса, джинсыларың өзінен-өзі сырттап қала берер еді. Шеберлеріміз ұлттық киімдерімізді тек Наурыз  мерекесінде ғана киетіндей  емес, күнделікті киетін киім түрінде дайындаса ғой. Осы іске отандық сән салондары, тігін шеберханалары жаппай кіріссе, құба-құп болар еді.

Диас Маратұлы, 
студент