Арманға асыққан жүрек
Көршілес Қырғыз Республикасынан бастау алатын Талас өзені қаншама шақырымды артқа тастап, Ойық ауылының да іргесімен ағатыны белгілі. Ес білгелі осы ерке өзеннің бойын жағалап, ауылдың алтынға бергісіз шаңды жолдарында аунап-қунап келеміз.
Ойық – талай талантты түлектердің томағасын сырып, тұсауын кескен құтты мекен. Мұны үлкендер жағы үнемі мақтан тұтып айтып отырады. Бұл ерекше бақ бізге де шалқар шабыт сыйлап, алға қарай жетелейді десем, артық айтқандық емес. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп Абай атамыз айтқандай, даңқты жерлестеріміздің ізімен биік белестерді бағындырғымыз-ақ келеді. Осы бағытта тынбай ізденіп, аянбай еңбек ететін боламыз. Ауылдың бір күндік көрінісін былай сипаттауға болады.
Таңертең қораздың дауысымен оянасың. Артынан мұрныңа әжеңнің теппеге жапқан табананының исі келеді. Оның арасында бұрқырап қайнаған самаурынның дәмін сезіп жатасың. Атам еккен бақшадан шығатын сауысқан мен бұлбұлдың үні қандай керемет! Міне, біздің ауылда таңғы төсекті қимай тұру деген жоқ. Өмірдің осыншама әсерлі де әсем көрінісін көзіңмен көруге асығып, далаға атып шығасың.
Ол кездегі әсер тым бөлек. Дәл осы тұста әкемнің «Әй, неге тұрсың? Сабақтан қалдың. Киін. Тездет» деген бір ауыз сөзі қиялыңды су сепкендей басады. Артынан қолына таяқ ұстаған қалпы әжеңнің «Сиырды қырдан асырып айдадым, уф, жәнім-ай!» деген әдемі үні естіледі.
Осы тұста бір сәт өмірдің өзіндік өткелдері барын түсінесің. Алдыңда әкең, артында әжең тұрғанда асығып-аптыққан қалыппен сабаққа шығасың.Ауылдағы мектепке бару да бір ғажап. Білім ошағына жеткенше құрбы-қыздармен, қатарлас достармен қызықты әңгіме-дүкен құрасың. Жол бойы кезіккен жандармен амандасып, өрістен қалып бара жатқан төлдерді қуып барып қатарға қосып жіберудің де өзіндік қызығы бар. Бәрі-бәрі тұнып тұрған балалық бал күннің бақытты шағына айналып қала бермек.
Ойықтағы Көктөбе ауылында Бөлтірік шешен бабамыздың атына берілген алақандай ғана мектеп бар. Ауылға сырттан келген кісілер бір қабатты нысан деп мұрын шүйірер. Бірақ біз үшін білімнің, біліктіліктің қайнар көзіне айналған қазыналы орда. Тобынан талай оза шапқан аға-әпкелердің білімге алғаш қадам басқан қасиетті жері. Сол мектепке жеткенше талай қызықтың куәгері болып, әйтеуір жетесің. Мектеп қоңырауының сыңғыры да әсерлі. Ол қоңырау да бүгін естелікке айналып отыр. Сабақтың соңы тәмамдалғанша қас та қараяды. Үйге жетіп, анам дайындаған асты бауырлармен таласа жеп, алқынып-жұлқына мамық көрпеге оранамыз.
Осы тұста «Алдағы уақытта қалада өтетін өмір мені қалай қарсы алар екен?» деген алаң-алаң сезім де жоқ емес. Бір түсінгенім, кеудеге толы сәбилік сезімім есейіп қалыпты. Мұның бәрін қимастық сәттер оянғанда ғана ұқтым. Бүгінде мектепті тәмамдап, үлкен оқуға аттанғалы отырмын. Менің қимастығым, ыстық сезімім заңдылық емес пе? Ары қарай ауылға журналист болып келсем бе деген арманым бар. Алла арманға жеткізсе, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да Отанға қызмет етпей қоймаймын!
Салтанат Жиенқұл,
Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта
мектептің түлегі,
Ойық ауылы