Даналық даңғылы
Еліміздің осы күндегі толағай табыстары мен жарқын жетістіктерін көңіліміз марқайып сөз еткенде, ең алдымен, қазыналы қарияларымыз еске түседі. Өз заманында темірдей тәртібін бойына сіңіріп, сан қилы өмір мектебінен өткен айтулы азаматтардың бірі менің нағашы атам Халил Бейсеев еді.
Ұлы Абай «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп айтқандай, өмірден өз жолыңды табу оңай іс емес. Осы орайда менің тұлға болып қалыптасып, еңбекке араласып, бүгінгі жетістікке жетуіме нағашы атам Халилдың өмір жолы көп септігін тигізді. Ол кісіге қарап бой түзедім, әр ісі өнеге болды. Атам мені ерекше жақсы көрді, ақылын айтып, тәлім-тәрбиесін беріп, рухани қолдау көрсетіп отыратын. Халил Бейсеевтің есімін алдыңғы толқын ағалар жақсы біледі. Елге сіңірген еңбегін, өнегелі өмір жолын жастар да біле жүрсін деген ниетпен осы естелікті жазуды жөн көрдім.Соғыс жылдары туған балалардың өмір жолы көпке аян.
Олар балдәурен бақытты шақтарын көре алмай өскен ұрпақ өкілдері болып есептеледі. Халил атам да солай қаршадайынан қиындықпен арпалысып жүріп, бірде аш, бірде тоқ еңбекке араласты, оқу-білімге құштар болып өсті. Таудай талап оны орта мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін Алматыдағы ауылшаруашылығы институтына алып келді. Осы оқу орнын Халил Бейсеев 1962 жылы «Ауылшаруашылығының инженері» мамандығы бойынша үздік үлгеріммен тәмамдады.
Адамның өмір жолында серпіліс сыйлайтын сәулелі сәттер болады. Институт бітіріп келген жас маманның еңбек жолын «Трудовой Пахарь» сияқты аты алысқа кеткен колхоздан бастауын сол сәттілік жоралғысына балаған жөн болар. Өйткені бұл ұжымды сол кездегі Одаққа аты әйгілі Социалистік Еңбек Ері Александр Нахманович басқаратын. Тәжірибелі өндірісшінің көзі техника тілін жетік меңгерген, ұйымдастыру қабілеті бар жас маманға бірден түседі. Көзі түсіп қана қоймайды, оны өзінің тікелей қамқорлығына алады. Сол колхозда Халил Бейсеев қатардағы механиктен бастап, машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, бас инженер болып қызмет атқарады, үлкен өмір мектебінен өтеді. Шаруашылық жұмыстарын ұйымдастырудың хас шеберіне айналады. Колхозға келіп-кетіп жүретін облыс басшыларының назарына ілігеді.
Жас маман 1971 жылы облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бас инженері болып қызмет сатысымен көтеріледі. Ал 1978-1984 жылдар аралығында «Облсельхозтехника» бірлестігі басқарушысының орынбасары және басқарушысы болып жемісті еңбек етті.Өңірдегі ауылшаруашылығы құрылымдарын техникамен және қажетті қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ететін осы мекемеде қызмет атқарып жүрген Халил Бейсеевті бірде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әнуар Жақыпов өзіне шақырады.
Көп ашыла бермейтін басшы Халил Бейсеевке аудандық деңгейде басшылық қызмет атқарудың мән-маңызы, мамандардың тұлға болып қалыптасуында үлкен рөл атқаратынын айта келе, облыстық партия комиететі бюросының ұйғарымымен Луговой (қазіргі Т.Рысқұлов) аудандық атқару комитетіне төраға болып баруды ұсынады. Ол кездегі тәртіп бойынша, партияның міндеттемесін екі етуге болмайды. Сөйтіп, Халил Бейсеев екі жылдай уақыт өзінің туған жерінде аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметінде болады. Ол кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әлмұқан Исақов болатын. Абзал азамат, артында сөзі мен ісі қалған Әлекеңдей басшымен тізе қосып, өзара түсіністік жағдайында қызмет жасайды.
Кеңес одағы сияқты алып елде «қайта құру» деп аталатын саяси науқан жүріп жатқан кезеңде облыс басшылығының ұйғарымымен Халил Бейсеев Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Облыстағы халқының саны, экономикасының ауқымдылығы жағынан үлкен аймақтардың қатарына жататын Шу ауданын тәжірибелі өндірісші, білікті ұйымдастырушы Халекең ұршықша иіріп кетеді.
Малшаруашылығы мен егіншілігі қатар дамыған, тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан көп ұзамай облыста алдыңғы қатарға шығады. Қант қызылшасын өсірудің жаңа тәсілдерін меңгереді және оның нәтижесі жаман болмайды. Жалпы ол кісі өзінің ізденімпаздығымен, ғылым мен өндірісті қатар ұштастыра жүргізе алатындығымен көбірек нәтижеге қол жеткізді. Кеңес одағы кезіндегі оның еңбегі жоғары бағаланып, «Халықтар достығы» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды.
Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқан алғашқы жылдарда тәжірибелі басшы облыста нарықтық экономиканың қалыптасуына, шаруашылықтардың жаңа жағдайда дербес жұмыс атқаруына көбірек назар аударды. Ол облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы бола жүріп көптеген игі бастамалардың басы-қасынан табылды.
Халил Бейсеев зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмайды.
Аймақ ардагерлері ол кісіге үлкен сенім артып, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасарлығына сайлайды. Осы қоғамдық қызметте жүріп қазыналы қариялардың әлеуметтік құқықтарының сақталуына, белсенділігінің артуына, қоғам өміріне олардың кеңінен қатысуына зор ықпал жасайды. Қазіргі облыс ардагерлерінің игілігіне айналып отырған «Ардагерлер үйі» ғимаратының салынуына ол кісінің ықпалының зор болғандығын көпшілік біледі.
Ол техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы инженерлік ғылымдар академиясының коореспондент-мүшесі болды. 2015 жылы осы академияның «Үлкен Алтын» медалімен марапатталды.
Атамыз жарымен бірге 3 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсірді. Бес баладан 12 немере, 10-нан аса шөбере сүйді. Бүгінде ұл-қыздары мен немерелері де атасының жолын жалғап, әртүрлі мемлекеттік қызметтер атқаруда. «Орнында бар оңалар» деген осы болар.
Бауыржан Молдашев,
Тараз қаласының тұрғыны