Жаңалықтар

Маңызды келісімнен күтеріміз көп

Әлемдік нарықта бәсекеге төтеп беру оңай шаруа емес. Тығырықтан шығу үшін салмақты стратегия қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында осы мәселеге айрықша назар аударып, алдағы міндеттерді айқындап берді. Түптеп келгенде, мемлекетіміз алыс-жақын шетелмен тығыз қарым-қатынас орнатып, отандық компаниялардың орнықты жұмыс істеуіне мүмкіндік жасауы қажет.

Мәселен, қазіргі уақытта Сингапурдың экономикалық держава ретінде маңайдағы елдермен иық түйістірісуде күші басым. Негізінде бұл ел әу баста әлем нарығын электроника саласында өндірген өнімімен жауласа, одан бөлек ақпараттық технология, фармацевтика, медицина, қаржылық қызмет саласын өзге мемлекеттер арқылы дамытуға да баса мән берді. Осы тектес маңызды салалардағы өндіріске ірі инвестиция тартуға және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қаржылық және жоғары технологиялық хаб ретінде дами түсуіне күш салды. Ең маңызды атап өтер бір жайт, осы ел экономикасы үшін әсіресе сингапурлық трансұлттық корпорациялар маңызды рөл атқарады.

Жақында ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында төменгі палатаның  қарауына ҚР Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын ұсынған болатын. Министр Арман Шаққалиевтің айтуынша, Қазақстан үшін Сингапурмен жасалған келісім көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы туралы алғашқы мәміле болып отыр екен.


Министрдің сөзіне сүйенсек, мемлекетімізге Сингапурдан инвестициялық қаржы әкелу, инвестор тарту барысында ұлт мүддесіне қайшы келмейтін заңдылықтар ескерілген. Мысалы, инвестициялар шеңберінде Қазақстан үшін көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде отандық өнім үлесі талаптарын, экономиканың аса елеулі салаларында, яғни жер қойнауын пайдалану, жаңартылған энергия көздеріне қатысты шектеу шараларын қолдану құқығы сақталған.Қазақстанға Сингапурдың салған тікелей инвестицияларының көлемі соңғы 10 жылда 1,7 миллиард АҚШ долларын құраған. 2023 жылы Сингапурдан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 457 миллион АҚШ доллары көлемінде қалыптасқан. 

Нұрым Сырғабаев