Қоғам

Баға тұрақтылығы бақылауда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Украинадағы оқиғалар азық-түлік бағасының күрт өсуіне әкеп соқтырды. Таяу уақытта бұл бағалар шарықтап кетуі де әбден мүмкін... Жалпы фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керек. Тапшылықтың және азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын алу үшін ауылшаруашылық өнімдерін мемлекеттік тұрақты қорларға форвардтық бағалармен сатып алу мәселесін пысықтау қажет», – деген болатын.

Бүгінде әлемдегі геосаяси жағдай, отандық өнімнің ішкі нарықта шетелдік импортпен бәсекелестікке түсе алмауы, өңдеу өнеркәсібінің әлсіздігі, инфляцияның теңгені әлсіретуі секілді жайттар кез келген тауар бағасының шарықтауы мен тұтынылатын ақылы қызметтердің бағасының өсуіне әсер етіп жатқаны рас. Анығын айтқанда, нарық ырыққа, баға байлауға көнбей тұр.Десе де бағаны тұрақтандырудың бір тетігі – күнделікті тұтынуды қажет ететін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын халыққа қолжетімді ету. Бұл тұрғыда облыс аудандарында тұрақтандыру қорлары арқылы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Қордай ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Эльдар Дүншебаев аймақта қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша бөлшек сауда айналымы 16036,5 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 110,7 пайызды көрсеткенін айтады. Былтыр осы уақытта бөлшек сауда айналымы 13631,3 миллион теңге болған екен. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда биыл сауда айналымы 2,4 миллиард теңгеге артыпты.

– Көтерме сауда айналымы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша 5157,0 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,4 пайызға жетті. Десе де қазіргі нарықтық жағдайда аудан тұрғындарының әл-ауқатын көтеру күн тәртібінде тұрған мәселе. Сондықтан халық күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруға қатысты тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, ауданда негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және сауда үстемесін асырмау жөнінде аудандық қоғамдық кеңестің, «АMANAT» партиясы аудандық филиалының кезекті отырыстары өткізіліп, осындай жиындарға ауылдық округ әкімдері шақырылып, бағаны тұрақты қадағалау бойынша хаттамалық тапсырмалар берілуде.Ауданда нан мен ұнның бағасын тұрақтандыру мақсатында қордайлық бірқатар наубайханаға Тараз қаласында орналасқан тұрақтандыру қорынан осы жылдың қаңтар айынан бастап 520 тоннаға жуық арзандатылған ұн сатып алынды. Қажеттілікке байланысты қазіргі таңда «Көмбеш нан» наубайханасы 40 тонна, «Колос» наубайханасы 20 тонна, «СТ-нан» наубайханасы 24 тонна ұнды шетінен сатып алуда.
Нәтижесінде аудан орталығындағы «Шұғыла», «Шұғыла-2», «Кордай сити», «Семейный-2» секілді сауда нүктелерінде және «Колос» наубайханасының дүкенінде әлеуметтік нанның бір бөлкесі 110-120 теңгедан сатылып жатыр. Сондай-ақ тура осындай бағадағы нанның біреуі әлеуметтік нанға сұраныс білдірген басқа да дүкендерде және Төле би көшесінің бойындағы 6 нан сататын дүңгіршекте тұрақты түрде тұрғындарға саудалануда.


Бүгінгі таңда Қордай ауданында әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының қоры 1215,7 тоннаны құрайды. Оның  ішінде қоймаларда  1 161 тонна, сауда нысандарында 634 тонна азық-түлік тауары бар екен. Ауданда азық-түлік тауарларына қатысты тапшылық жоқ. Сонымен қатар Гвардейск қалашығында арзандатылған бағада екі мәрте азық-түлік жәрмеңкесі өткізіліпті. Жәрмеңкеге аудандағы азық-түлік тауарын өңдірушілер, шаруа қожалықтар және тағы басқа өнім өңдеу саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер қатысыпты. Ет және ет өнімі, сүт және сүт өнімі, балық, бал, шұжық, көкөніс пен жеміс-жидек секілді тағы да басқа тауарлар нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен бағада тұрғындарға ұсынылған.Осындай жүйелі жұмыс Шу ауданында да атқарылуда. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 19 түріне шекті баға бекітілген екен.– Шу ауданында орналасқан сауда үйлерінің және дүкендердің басшылықтарына Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 30 маусымдағы №439-НҚ және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 1 шілдедегі №68 бірлескен бұйрығының 4-тармағында көрсетілген міндеттемелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын беру шартында көрсетілген өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда өнім берушінің сатып алу бағасының 15 пайыздан аспайтын шекті сауда үстемесінің мөлшерін асырмау» туралы талаптарға  сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын себепсіз көтермеу және нан өнімдерін талапқа сай сақтау мәселесі түсіндірілді.

Шу ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жеңіс Нұрғалиев.Облыс бойынша өндірілетін пияздың 70 пайызы шулық диқандардың қолынан шығатыны белгілі. Сол себепті пияз өнімдерінің тікелей делдалсыз сатылуын қамтамасыз ету мақсатында Шу қаласында орналасқан 7 ірі сауда орны мен 40 азық-түлік дүкеніне жалпы көлемі 1000 қап пияз жеткізіліпті. Нәтижесінде пияз өнімінің бағасы 140 теңгеден 60 теңгеге төмендеген екен.

Аудандағы жауапты мамандар осындай жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын айтады. Сонымен қатар осы маусым айында ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізу жоспарланыпты. Мақсат – ауданда азық-түлік қауіпсіздігі мен бағаны тұрақтандыру, халықты сапалы өніммен қамтамасыз ету.

Нұрым Сырғабаев