Мәдениет

Жауапты жұмыста жаңылысуға болмайды

Еліміз 24 маусымда Судья және сот қызметкері күнін атап өтеді. Сот жүйесі – адамның құқықтары мен бостандықтарының сақталуының, қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың қамтамасыз етілуінің кепілі. Сот саласында сот хатшысының да өз орны бар. Бірде-бір процесс осы субъектінің қатысуынсыз өтпейді. Қылмыстық іс жүргізу кодексіне, ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес сот отырысының хатшысы – сот төрелігін жүзеге асыруға жәрдемдесетін, бірақ бұл ретте сот төрелігін іске асыру жөніндегі функцияны орындамайтын және судьяны алмастырмайтын іс жүргізу тұлғасы.

Сот отырысының хатшылары өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарап, өз жұмыстарын мойымастан атқарып келеді. Жуалы аудандық сотында 2011 жылдан бастап Жазира Оралова мемлекеттік қызметкер, сот отырысының хатшысы болып еңбек етуде. Ол өзінің жұмысына жауапкершілікпен қарауымен, іскерлік қабілеттілігімен, тиянақтылығымен, жоғары моральдік қасиеттерімен ұжымда абыройлы әрі сыйлы қызметкер. Жұмыстағы еңбегі еленіп, әр жылдары облыстық сот төрағасының,  аудан әкімінің Алғыс хатымен, ҚР Сот әкімшісі облыс бойынша департаменті басшысының Құрмет грамотасымен марапатталған.Жазира Қажденбекқызы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. Осында М.Фрунзе атындағы орта мектепті бітіріп, Қырғыз Республикасының Заң университетінің құқықтану факультетін тамамдаған.

Оның аудандық соттағы негізгі міндеттеріне сот процестеріне қатысатын азаматтардың уақытылы келуін қамтамасыз ету, судьяның барлық тапсырмаларын орындау, сот талқылауында қаралатын істерді дайындау бойынша қажетті жұмысты атқару, яғни сұраныстар, хаттар әзірлеу, сотқа шақырту қағаздарын жазу секілді бағыттар жатады. Сондай-ақ сот отырысының  хатшысы сотқа қатысушылар мен куәгерлерді сот мәжілісіне шақырып, істерді қараудың апта сайынғы кестесін дайындайды.Олардың сотта болған уақытын шақыру қағаздарына белгілеп, сот мәжілісінің хаттамасын жүргізеді. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік құқықбұзушылық істер қаралып біткен соң оны рәсімдеп, мұрағатқа өткізеді.


Расында да судьяның уақытты тиімді пайдаланып, өнімді жұмыс жасауы сот отырысы хатшысының біліктілігіне, іскерлігіне тікелей байланысты. Мемлекеттік қызметкер мәртебесін қолдап отыру үшін барлық мемлекеттік қызметкерлер сияқты сот отырысының хатшыларына да қойылатын талаптар әрдайым жоғарылап отырады. Соттың іс жүргізуге қатысты ішкі тәртіптері де ішінара өзгеріп тұрады. Десек те сот отырысының хатшылары өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарауы қажет.

Оның бірден көзге көріне қоймайтын бейнеті көп жұмысы хатшыдан тиянақтылықты, өз ісін беріле атқаруды талап етеді.Сот отырысының хатшысы сот отырысы хаттамасының толықтығы мен дұрыстығы үшін дербес жауап береді. Дұрыс емес немесе шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді сот отырысының хаттамасына қасақана енгізген жағдайда, заңда көзделгендей, хатшы жауапты болады.Оның өмірлік ұстанымы – қандай жағдай болса да адамгершіліктен аттамау. 

– Адам өмірде мамандық таңдаудан қателеспеуі керек деп есептеймін. Менің құқық, заң саласына келуім бала күнгі арманым еді. Қоғамда әділдік болса деп ойлайтынмын. Өзімді осы салада көргім келді. Сондықтан өз жолымды  адаспай тауып, жүрек қалауымен атқаратын мамандық иесі атандым.Қазіргі таңда адамдардың құқықтық сауаты жоғары болса екен деймін.

Себебі қоғамда адамдардың құқықтық сауаты орташа дейгейде. Көп адамдар өз құқықтарын дұрыс білмей жатады. Кейде заңды және өз құқықтарын дұрыс білмегендіктен құқықбұзушылыққа жол береді. Ал құқықбұзушылық жасаса, оның жазасы заң аясында беріледі.Құқықтық сауаттылық әрбір адамға керек. Себебі қазір барлық жерде заң үстемдік етеді. Барлық адам тең құқылы. Ешкімнің ешкімге зәбір көрсетуге, әлімжеттік жасауға құқы жоқ.

Бұл әр адам білуі керек болған құқықтық сауаттылықтың әлқисасы.Интернетте «Әділет» бағдарламасында барлық заңдар мен кодекстер енгізілген, оған қоса бұл заңдар үнемі жаңартылып отырады. Міне, осындай пайдалы әрі құқықтық сауаттылықты арттыратын дүниелерді оқып, көп ізденсе, қоғамда құқықбұзушылықтар мен заңбұзушылықтар азаяр еді.
Құқықтық сауаттылықты арттыруды мектеп қабырғасынан бастаған жөн деп санаймын.

Өйткені мектеп бітірген жас балалар өздерінің заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты жаза бар екенін біле бермейді. Сол себепті мектепте жоғары сыныптарда әкімшілік, қылмыстық жазалардың қысқаша түсіндірмесін жүргізген артық болмайды. Реті келсе жас өрендермен кездесіп, тәрбие сағаттарын өткізіп тұрамын. Бұл олардың келешекте қылмыс жасамауына септігін тигізетіні сөзсіз, – дейді Ж.Оралова.

Айгүл Қалымханқызы,
журналист, 
Жуалы ауданы