Кәсіп

Адал еңбек алға жетелейді

Осыдан бірер жыл бұрын еліміз жаңа Қазақстанды құруға қадам басты. Дәл қазіргі сәтте үлкен өзгерістердің алдында тұрмыз. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, әр бастамадан жақсылық күтетін халқымыз мемлекеттік басқарудың тізгінін ұстап жүрген қызметкерлерге үлкен үміт артады, соған сай олардың да жауапкершілік жүгі ауырлай түседі. Оған әр жолы асқан парасаттылықпен жазылған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекеттік қызметшінің сапасы – бүкіл еліміздің сапасы деп айтуға болады. Мемлекеттік қызмет бұл – жоғары лауазымға ие болу емес. Мәселе – мансап емес. Мәселе – мемлекетімізге, халқымызға адал қызмет ету. Мемлекеттік қызметші болу антқа адал болу деген сөз», – деген салмақты сөзі дәлел.

Осы тұста «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың рухты сөзін тілге тиек еткіміз келеді. «Білімің болса-дағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халыққа қызмет етпей» деп бір кездері Шал ақын жырлағандай, өзіңе ұнаған саланың қыр-сырын білу бір бөлек те, халыққа басында мың дәні бар тарыдай иіліп қызмет ету бір бөлек. «Талпынған жетер мұратқа» дегендей, өз мамандығыңның қыр-сырын зерделеп, жүріп өткен жолдардағы іс-тәжірибеңді тірнектеп жинап, әрі оны ел игілігі үшін жұмсау – мемлекеттік қызметшіге жүктелген абыройлы міндет.Мемлекеттік қызметші мемлекеттік биліктің айнасы секілді. Оның ар-ожданы биік, әділетті, талантты, ұйымдастырушылық қабілеті бар екендігін қоғам бағамдайды әрі бағалайды. Халық сенімі мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті қаншалықты сапалы көрсеткендігіне қарап нығаяды. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өз орнында халықтың мүддесіне қызмет етіп, көкейкесті мәселелерін заң шеңберінде шешуі қажет.

Мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру – осы әлеуметтік институттың тиімді қызмет етуіне және дамуына қажетті жағдай. Сонымен қатар мемлекеттік органдар қызметтерінің және мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін арттыруға арналған ілкімді іс те мемлекеттік қызметшінің имиджі болып саналады. Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекеттің тарапынан ерекше сенім білдіру болып есептеледі және мемлекеттік қызметшілердің адамгершілігі мен моральдік-этикалық келбетіне үлкен талаптар қойылады.Бүгінде еліміздің өсіп-өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамдағы бірқатар өзекті мәселелердің жақсы жағынан шешілуі мемлекеттік қызметшілердің еңбегімен тікелей байланысты. Дамыған елдердің тәжірибесі мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда мемлекеттік аппараттың кадрлық мүмкіндігі, мамандардың жан-жақтылығы аса маңызды екендігін көрсетіп келеді. Сондықтан елімізде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап та, оларға артылатын жүк те, сенім де қазір күшейе түсуде.

Мемлекеттік қызметте негізінен азаматтардың білімі мен біліктілігі өте маңызды рөл атқарады. Себебі жан-жақты қасиеттерге ие, білімді, жауапкершілігі мол қызметші өз жұмысын тиянақты жасап қана қоймай, тұрғындар тарапынан болған сыни көзқарастарға, ұсыныс-талаптарға сауатты әрі нақты жауап бере алады. Алдымен қызметшілер заңды жақсы білуі керек. Мемлекеттік тапсырмалардың орындалуы, қызметкердің ел алдындағы жауапкершілігі мұның барлығы билік дәлізіне аяқ басқан адамға қажет-ақ.Жоғарыда айтқанымдай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құрудың қуатты тетіктері мен бағыт-бағдарын нақты белгілеп берді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, әр қазақстандық азамат, соның ішінде мемлекеттік қызметші ел игілігі жолында жасалатын әр істің мәнін тереңінен ұғынуы керек. Одан бөлек еліміздің мәртебесін асқақтату абыройлы міндет екендігін түсінуі тиіс. «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, ел бірлігін сақтаған татулықты айт» деп Жамбыл бабамыз жырлағандай, ұлт болып бірлікке ұйыссақ, біз аспайтын асу, алмайтын қамал болмайды.

Әсел Жазықбаева, 
Шу ауданы әкімдігі 
мәдениет және тілдерді 
дамыту бөлімінің басшысы