Ел дамуының кепілі
Адамзат қоғамы мен қарым-қатынасының дамуында ерте заманнан-ақ мемлекеттіліктің алғашқы белгілері пайда бола бастады. Осыған сәйкес қоғамды басқару аппаратының қажеттілігі де туындады. Бұл аппарат кейіннен мемлекеттік басқарудың тұтас бір институтына айналды.
Мемлекеттік басқару мәселелері бойынша шетел әдебиеттерінде «азаматтық қызмет», «қоғамдық қызмет», «үкіметтік қызмет» терминдері кеңінен қолданылатынын атап өткен жөн. Осы терминдер синоним ретінде пайдаланылып, тұтастай алғанда кәсіби мемлекеттік қызметші деген ұғымды білдіреді. Дүниежүзі елдерінің басым бөлігінде азаматтық (қоғамдық) қызметте лауазымынан босатуға болмайтын тұрақты кәсіби мемлекеттік қызметшілер жұмыс істейді. Ал үкіметтік қызмет сапын жүйелі түрде ауыстырылуы тиіс жоғары мемлекеттік шенеуніктер құрайды. Әдетте шенеуніктер саяси қызметі үшін мемлекеттік лауазымдарға тағайындалады және олардың қызмет ету мерзімі олар қолдайтын партия басшысының Үкімет басында болған уақытына байланысты. Осылайша мемлекеттік қызмет жүйесіне саяси шенеуніктер, кәсіби мемлекеттік қызметшілер, тіпті кейде мемлекеттік органдардың қызметкерлері де кірді. Әр елдің дәстүрі мен заңы әлеуметтік-мәдени ерекшеліктерін айқындаған мемлекеттік қызметтің жұмыс істеуінің ерекше тәртібін қарастырады.
Жоғарыда аталған кәсіби шенеунік институты Франция мен Германияда пайда болды. Өйткені дәл осы елдерде Қазақстан Республикасының қолданыстағы континенттік құқық жүйесінің негізгі элементтері қалыптасты. Осы құқық жүйесіне сәйкес мемлекеттік қызмет модельдері құрылды және оларға орталықтандыру, қатаң иерархия, біріздендіру, нормативтік реттеу жатқызылды.
Посткеңестік кеңістіктегі көптеген мемлекетте, оның ішінде Қазақстан Республикасында әкімшілік реформа дамудың жаңа кезеңіне өтуде.Мәселен, негізгі шаралар мемлекеттік басқару процестерін жетілдіруге және мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын жақсартуға, кәсібилік деңгейін, мемлекеттік аппарат қызметінің нәтижелілігін арттыруға бағытталады. Мемлекеттік қызметтің қалыптасуының бірінші кезеңі өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасынан басталды.
КСРО-да қайта құрылуына байланысты азаматтық қоғамның белсенді мүшелері ел экономикасының нарықтық қатынастарға көшуіне, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа мақсаттары мен басымдықтарына сәйкес келмейтін мемлекеттік қызметті реформалау туралы айта бастады. Дәл сол кезде жалпы мемлекеттік басқаруды, оның ішінде мемлекеттік қызметті реформалау амалдары белсенді іздестіріліп жатты. Сондай-ақ сол кезеңде қарапайым азаматтардың ойлау тәсілі түбегейлі өзгергенін, мемлекеттік аппарат қызметінің және жалпы мемлекеттік қызмет мәселелерін айқындайтын шетелдік заңнама мен шетелдік авторлардың еңбектері сұранысқа ие болғанын ескеру қажет.Қазақстанның саяси жүйесін қайта құрудың, оның ішінде мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметті реформалау жолдарын белсенді іздеудің нәтижесі 1993 жылы 28 қаңтарда егемен Қазақстанның бірінші Конституциясының қабылдануы болды. Ол тәуелсіз мемлекет ретінде республиканың мемлекеттік қызметін қалыптастыруда екінші кезеңнің бастауы еді. 1993 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясының 17-бабында азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізуге құқығы тең болып бекітілді. Мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар тек лауазымдық міндеттердің сипатына байланысты болды.
Бұл ереженің тарихи маңыздылығы – осы құқықтың заңнамалық тұрғыдан бекітілуі. Мұндай құқық КСРО-ның негізгі заңында айтылмаған, сонымен қатар жеке заңда құқықтық регламенттелмеген. Тұтастай алғанда, Кеңес Одағында мемлекеттік қызмет туралы бірыңғай одақтық заң болмады. Қазақстан Республикасының бірінші Конституциясын қабылдау кезінде жаңа шарттарға сәйкес келетін мемлекеттік қызметтің жұмыс істеу моделін іздеу үздіксіз жүргізілді. Бұл мәселелер бойынша теориялық әзірлемелер мен шешімдерді бұрын Одақ орталығы жүзеге асырғандықтан ізденіс мемлекеттік институттарды құрудың жеткілікті тарихи тәжірибесінің болмауы жағдайында жүргізілді. 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Осы сәттен бастап Қазақстанда мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы дамытудың негізгі кезеңі басталды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 33-бабы 4-тармағымен ел азаматтарының мемлекеттік қызметке қолжетімділікке тең құқығы жарияланды. Сондай-ақ «мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар тек лауазымдық міндеттердің сипатына байланысты болады және заңмен белгіленеді» деп атап көрсетілді.Конституцияның осы ережелерін іске асыру үшін келесі қадам 1995 жылғы 26 желтоқсанда заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің «Мемлекеттік қызмет туралы» №2730 Жарлығы шығып, Қазақстанда мемлекеттік қызметті институттандыру процесі басталды.
Онда оның негізгі принциптері айқындалды. Олардың ішінде азаматтар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің мемлекет мүдделерінен басымдығы жалпыға қолжетімділігі атап өтілді.
Осы актімен мемлекеттік қызметшілердің біліктілік сыныптары енгізілді. Мемлекеттік қызметке кіру, өту, тоқтату, мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау мәселелері регламенттелді. Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау шаралары белгіленді және басқа да көптеген маңызды ереже енгізілді.Дегенмен бірқатар прогрессивті ережелерге қарамастан, жоғарыда аталған Жарлық негізінен декларативті сипатта болды және іс жүзінде азаматтардың мемлекеттік қызметке тең қолжетімділігін қамтамасыз ете алмады. Алайда осы нормативтік құқықтық актіні қолдану барысында пайда болған көптеген келеңсіз жағдайға қарамастан, оның маңыздылығын бағаламауға болмайтынын атап өткен жөн. Өйткені егемен Қазақстан тарихында алғаш рет өтпелі кезеңде мемлекеттің маңызды институты ретінде мемлекеттік қызметті дамытудың негізін қалаған мемлекеттік қызмет жүйесі ұсынылды.
Бұл ретте объективті, субъективті сипаттағы проблемалар көлемінің артуы мемлекеттік қызметті реформалау процесін едәуір қиындатты. Мәселен, мемлекеттік қызметке құзыретті, талантты, дарынды адамдарды мақсатты іздеу, іріктеу және тарту жүйелері болмады. Аталған проблемаларды шешу үшін еліміздің басшылығы мемлекеттік аппаратты қажетті мөлшерде және тиісті біліктілікте кадрлармен мақсатты түрде қамтамасыз ете алатын бірыңғай орталық орган құрды.Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуіне қарамастан кадр саясаты мен мемлекеттік қызметтің біртұтас жүйесін қалыптастыру басты мақсат болды. Осы және басқа мақсаттарды іске асыруға мемлекеттік қызметті ұйымдастыру, жұмыс істеу принциптері мен ережелерін қатаң сақтаған жағдайда ғана мүмкіндік берілді. Басқаша айтқанда, мемлекеттік қызмет басқару саласы ретінде өзі басқарылатын кезде болды. Жоғарыда айтылғандардың негізінде мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай саясат жүргізу идеясы жүзеге асырылды.
Тиісінше 1999 жылғы 23 шілдедегі «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және оның негізінде шығарылған нормативтік актілердің қабылдануымен отандық мемлекеттік қызметті дамытудың мүлдем жаңа кезеңі белгіленді. Халықаралық тәжірибені талдау демократиялық мемлекеттердегі мемлекеттік қызметтің негізі меритократия – мемлекеттік қызметшінің жеке еңбегіне негізделген, мемлекеттік қызметте адам ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған жүйе екенін көрсетті. Меритократия қағидаты жаңа заңның негізін қалаған бірнеше элементті қамтыды. Атап айтқанда, ол – мемлекеттік қызметке кіру және жоғарылату кезінде міндетті конкурстық іріктеу, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы, балама жұмыстарды орындағаны үшін тең еңбекақы. Сонымен қатар қызметінде тиімді нәтижелерге қол жеткізген мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу, нәтижелері толық қанағаттанарлық емес тұлғалардың қызметін түзету және жұмыс нәтижелері қанағаттанарлықсыз қызметкерлерді жұмыстан шығару, мемлекеттiк қызметшiлердiң өз қызметiнiң нәтижелерiн жақсарту мақсатында оларды тұрақты оқыту да меритократия элементтерінің бірі.Мемлекеттік қызмет институтын дамыту және одан әрі жетілдіру нәтижелерін бекіту мақсатында 2011 жылы Қазақстан Республикасында Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасын бекіту жүзеге асырылды. Бұл шетелдердегі мемлекеттік қызмет модельдерін қалыптастырудың табысты тәжірибесін ескере отырып, отандық мемлекеттік қызмет институтын дамытуда қағидатты жаңа тетіктерді енгізу жөніндегі мемлекеттік билік органдарының, ғылыми қызметкерлердің, мамандардың ұзақ жұмысының қорытындысы еді. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметінің жаңа моделінің тұжырымдамасын табысты іске асырудың нәтижесі мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық дамудың көптеген өзекті қажеттілігіне сәйкес келетін мемлекеттік қызметтердің нәтижесі мен сапалы көрсетілуіне бағдарланған кәсіби мемлекеттік қызмет болды.
Бұл ретте мемлекеттік қызметтің қолданыстағы заңнамалық базасы да жетілдірілді. Мәселен, 2015 жылғы 23 қарашада Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға қол қойды. Ол 2016 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді. Мемлекеттік қызметке кіру тәртібін жаһандық жаңғырту жүргізілді. Мансаптық ілгерілеу, тұтастай алғанда, құзыреттілік тәсіл негізінде жүзеге асырыла бастады.Бүгінде адамдардың еңбек ететін кез келген кәсіби саласы кәсіби мереке ретінде атаулы күнге ие. Ал мемлекеттік қызметшілер үшін БҰҰ Бас Ассамблеясы 2003 жылдың 7 наурызындағы 57/277 қарарында 23 маусымды «Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызмет күні» деп жариялау туралы шешім қабылдады. Аталған құжат ұйымға мүше мемлекеттерді осы күні мемлекеттік қызметтің қоғам өмірі мен оның даму процесіне қосқан үлесі үшін мәнін жария етуді көздейді. Сондай-ақ құжатта арнайы іс-шаралар ұйымдастыруға, мемлекеттік қызметшілерді марапаттауға, жастарды мемлекеттік қызметшінің мансабы туралы шешімдер қабылдау бағытында бағдарлауға шақыру қамтылған.
Енді тұрақты дамуымыз үшін Үкімет саяси реформаларды, институционалдық үйлестіруді, инклюзивті шешім қабылдау процесін, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тиімді, жауапты, әмбебап және есеп беретін жүйелерін ілгерілету мақсатында инновациялық және интеграцияланған тәсілдерді қолдануы керек. Сонда ғана Қазақстан Республикасындағы тиімді мемлекеттік аппарат еліміздегі демократиялық, құқықтық, азаматтық қоғамның эволюциясына қарай ойысып, одан әрі жетілдіріліп, өзгеретін болады.
Руслан Шарипов,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет
істері агенттігі облыс бойынша
департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы