Заң

Жол қателікті кешірмейді

Жантүршігерлік жол-көлік оқиғаларына көбіне-көп жүргізушінің жауапсыздығы себеп болады. Одан кейін жолдың сапасыздығы да жол апатын туындатады. Күрежолдың үстіндегі қайғылы оқиғадан алған ауыр жарақатынан айығып кете алмай, өмір бойы мүгедек болып қалып жатыр. Жарық дүниемен қош айтысып жатқандар да жетерлік. Қазақстанда ғана емес, дүниежүзі бойынша жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отыр.

Тараз алып шаһар болмаса да, мұнда ағылған көлік саны көп. «Биыл жаңа 70 автобус әкелінді. Қоғамдық көліктің жаңарғаны дұрыс, бірақ сол жаңа автобусты тізгіндейтін жүргізушілер қауіпсіздік ережесіне қаншалықты жауапкершілікпен қарайды? Түрлі әлеуметтік желілерде жарияланған жол ережесіне қатысты жазбаларда жұртшылық кейбір автобус жүргізушілерінің жасы ұлғайған кісілер екені, оған қоса көліктің ішінде темекі шегіп, жол-жөнекей дүкенге соғып, өздеріне керек заттарын алатыны туралы сыни пікір қалдырған.

Рас болса, мұның бәрі жұмыс уақытында болатын жағдай. Қала тұрғындарының ашына айтып отырған мәселесі өзекті.Күнде таңертең жұмысқа, оқуға асығатын қаншама тұрғын автобусқа мініп, өз өмірлерін жүргізушіге тапсырады. Өйткені жолаушыларды өздерінің баратын жеріне аман-есен жеткізу олардың міндеті, әрі бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді.Дегенмен жауапкершілікке бейқам қарайтындар аз емес. Мысалға алсақ, наурыз айында Таразда жолаушылар автобусының жүргізушісі рөлге ие бола алмай, бірнеше көлікпен соқтығысты.

Бұл – бір. Екінші жағдай да Таразда автобустың ірі апатқа себеп болуына қатысты болып отыр. Қоғамдық көлік белгісіз себеппен қарсы бетке шығып кеткен. Апат болған сәтте жүргізуші түзу отыр. Көзілдірік тағып алғандықтан көзі ашық па, жоқ па, байқалмайды. Қоғамдық көлікте он адам болған екен, 56 жастағы жолаушы дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Айта берсең осындай факті жетеді, бұл тек бергі жағы ғана.

Кейде бір адамның қателігі, асығыстықтың ақыры орны толмас қасіретпен аяқталып жатады. Ең өкініштісі – осындай жол-көлік апаты салдарынан бір емес, бірнеше адамның қаза болып, зардап шеккені туралы суық хабарды жиі еститінімізде. Тағы бір жайт оқушыларды тасымалдайтын автобуспен байланысты болып отыр. Таразда оқушыларды қауіпсіздік ережесі сақталмаған автобустармен тасымалдаған. Апат орын алмағанымен балалар тағдыры үшін аса қауіпті. Мұны естіген ата-аналардың наразылық білдіргені көптің есінде. Күнде таңертең өз балаларын жүргізушіге сеніп тапсыратын ата-аналардың талабы орынды. Есесіне бұл жолы оқыс жағдай туындамай тұрып бала тасымалдайтын көліктер тексеруден өтті. Тексерістің  қорытындысы нәтижесінде сол бір автобус жолаушыларды тасымалдау ережелерінің талаптарына сай болмай шыққан.

Атап айтқанда, жүргізушілер рейс алдында медициналық тексеруден өтпеген, автобустарда медициналық қобдишалар, өрт сөндіргіштер, «Балаларды тасымалдау» белгілері болмаған. Яғни балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіре отырып, жүргізуші тасымалдауды арнайы куәлігінің тиісті санаты болмай, техникалық байқаудан өтпей жүзеге асырған екен. Соңында олар жауапқа тартылды.Жол апаттарының басым бөлігі «тәжірибелі» жүргізушілердің тарапынан да орын алатынын осыдан-ақ байқауға болады. Өздеріне тым сенімді жүргізушілер қауіпті тәуекелге саналы түрде барып, өздерінің ғана емес, өзгелердің өміріне де үлкен қатер төндіруде. Бірақ бұл жайт тек қоғамдық көліктерге ғана қатысты емес. Автобустармен жарысып жүретін жеңіл көліктер мен мопед, мотоциклдер де бар. 

Қазақ халқы  «Сақтықта қорлық жоқ» деп текке айтпаған. «Асыққан – шайтанның ісі» деген де сөз бар. Қарапайым ғана қағида. Жол ережесін сақтау – әрбір адамның өз өміріне деген жауапкершілігі және кепілдігі. Жолды жөндеуге болады, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңнаманы жетілдіру де уақыттың еншісіндегі іс. Алайда «темір тұлпар» тізгіндегендердің тәртібі түзелмей, жылдамдықпен «ойнаған» жүргізушілердің желігі басылмай, әр жүргінші өз жауапкершілігін жете түсінбейінше, жағдайдың оңға басуы қиын. Мәселе – заңның қатаюында емес, қоғамдық сананың һәм жүргізуші мен жүргінші мәдениетінің әлі де төмендігінде екендігі қоғамда көзге ұрып тұр. Біз осы әдеттен арылуымыз керек.

Снежана Альжева, 
М.Х.Дулати атындағы 
Тараз өңірлік университетінің
 2-курс студенті