Жаңалықтар

Меркіліктердің мерейі асқақ

Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың нәтижесінде Меркі ауданы да жылдан-жылға дамып келеді. Қазынадан бөлінген қаражаттың есебінен аймақта ауқымды істер атқарылуда. Бұл туралы аудан әкімі Жорабек Баубеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.

Ауданда білім саласы бойынша 2 мектептің құрылысына және 2 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 1925,7 миллион теңге бөлініпті. Нақтырақ айтқанда, Ойтал ауылындағы №48 орта мектепке 200 орындық қосымша ғимарат салынып,  спортзал да бой көтеруде.  Сол сияқты Андас батыр ауылындағы мектепке 150 орындық қосымша ғимарат құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек Ақтоған ауылындағы №4 және Мыңқазан ауылындағы №30 орта мектептердің  ғимараттары күрделі жөндеуден өтуде. – Тұрғындарды таза ауызсумен қамту бағытында да нақты нәтижелер бар. Бұл тұрғыда республикалық бюджеттен 5 жобаға   4 450,2 миллион теңге бөлінді.

Ауызсу құбырларын жаңарту бойынша Меркі, Жамбыл ауылдары және Меркі бекеті бойынша үш жобаны республикалық бюджеттен қаржыландыруға өтінім берілген. Алайда аталған нысан бойынша бюджеттен қаржы бөлінбеуіне байланысты мердігер мекемелер, техникалық және авторлық қадағалаушылармен қосымша келісімдер жасау мүмкіндігі жоқ екен. Сол себептен құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасын таппай отырған көрінеді. Жалпы Меркі ауданында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бюджеттік инвестициялар 2,2 есеге, жеке және қарыз қаражаты есебінен салынған инвестициялар көлемі 17,1 пайызға өсіпті. 2024 жылдың қаңтар-мамыр айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 5342,6 миллион теңгеге ұлғайыпты. 


А.Нақыпжанқызы, 
М.Х.Дулати атындағы 
Тараз өңірлік
 университетінің 
3-курс студенті