Тараздағы ықшамаудандар түнгі жарықпен қамтылуда
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев кешкілік уақытта Тараз қаласының бірнеше ықшамаудандарын аралап, шаһарды түнгі жарықпен қамту жұмыстарының сапасын тексерді. Қаланы аралау барысында аймақ басшысы бірқатар тұрғынмен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Бұған дейін «Самал» (7) ықшамауданы түнгі жарықпен қамтылса, биыл облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Тараздағы 10 ықшамауданның көпқабатты үйлерінің аулалары, кіреберістері, мектепке барар жолдары толығымен жарықтандырылыпты.
Сондай-ақ С.Сейфуллин көшесіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жол бойына да түнгі жарықтандыру жұмыстары жүзеге асуда. Облыс әкімі бұл жұмыстарды қарқынды жалғастырып, Тараз қаласының өзге де ықшамаудандарын, шалғайдағы тұрғын алқаптарды да түнгі жарықпен қамту шараларын қарастыру қажеттігін баса айтты.
Сонымен бірге бұл тиімді тәсілді облыстың өзге де шағын қалалары мен аудан орталықтарына таратуды тапсырды.Ербол Шырақпайұлы ықшамаудандар ішіндегі, аулаларға кіреберіс жолдарды жөндеуге барынша көңіл бөлу керектігін ескертті.
Биыл бұл бағыттағы ағымдағы жөндеу жұмыстарының көлемі үш есеге дейін артып отыр.Сонымен қатар облыс әкімі қураған ағаштарды бұтау, шөптерді ору, аулаларға ағын су келуін қамтамасыз ету, ол үшін арық жүйелерін реттеу, тазалау, қоқыстарды жинау мәселесіне де баса назар аударды.
Осы жылы қаладағы 40 шақырымға жуық арық жүйелері реттелуде.
Бұдан бөлек 20 типтік жаңа қоқыс алаңдарын орнату шаралары қолға алынып отыр. Бұл жоба өз нәтижесін берген жағдайда барлық қоқыс алаңдарын біртиптік үлгіге ауыстыру жұмыстары жүргізілетін болады.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі