Жаңалықтар

Журналист жалған ақпараттың жетегінде кетпеуі керек

Жуырда Астана қаласында сарапшы мамандар – медиа саласының басшылары, журналистер мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен «Журналистік этика. Фактчекинг пен манипуляция» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Басқосуды Қазақстан Медиа альянсы мен «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық ұйымы ұйымдастырды.

Сарапшылар сала мамандарының біліктілігін арттыру мәселесін, тренингтер ұйымдастыру мүмкіндіктерін талқылады. Алғаш болып «БАҚ-тағы дезинформация мен манипуляцияға қарсы тұру стратегиялары» тақырыбында этикалық журналистика желісінің (Ethical Journalism Network) негізін қалаушы және президенті Айдан Уайт баяндама жасады.

– Бүгінде кез келген ақпараттың нақты әрі тұшымды болуы маңызды. Журналистиканың әр саласында қызмет ететін мамандар бұл жауапкершілікті анық түсінуі қажет. Дүние жүзінде журналистерге арналған барлығы 400-ге жуық кәсіби этикалық кодекс бар. Оның басым бөлігі түрлі дәстүрге негізделгенімен құндылықтар жүйесі ортақ.


Ал «Atameken Business» медиахолдингінің бас директоры, Қазақстан Медиа альянсының атқарушы директоры Қанат Сахариянов бүгінгі медиа кеңістік түрлі фейк ақпараттардың кең етек алғанына тоқталды. 

– Біз 2020 жылы Этика кодексін дайындаған едік. Ендігі ретте оны жетілдіру қажеттігі туындап отыр. Бүгінде жасанды интеллектті пайдалану этика стандартына сай жүргізілуі керек. Жалпы медиа этика мәселесі билік деңгейінде көтеріле бермейді. Көбіне медиа қауымдастықтың ішінде ғана талқыланып жатады.


Сондай-ақ жиында Парламент Сенатының депутаты, комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп журналистердің кәсіби жауапкершілігіне, билік пен қоғам арасындағы білікті ұстаным сабақтарына тоқталды. 
Спикердің сөзін жалғаған журналист Динара Сәтжан цифрлы технология үстемдік құрған дәуірде журналистика саласындағы жас мамандардың кез келген машықты жедел меңгеруі маңызды екенін айтты.


Бұдан соң сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов тақырыптың маңыздылығын атап өтіп, дәстүрлі журналистиканы нығайтатын іс-шаралардың жан-жақты жүргізіле беретінін айтты.Басқосуда «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы әлеуметтік желідегі ақпараттың нақтылығы, сипаты алаңдатып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ болашақ журналистерді даярлауда жаңа медиа машықтарынан бөлек, ұлы тұлғаларымыз салған сара жолды ұстанып, ұлтқа қызмет етуіне баса назар салуымыз қажет екенін ескертті.


«Qazaqstan» телеарнасының директоры Болат Мүрсәлім шынайылық, біліктілік, жауапкершілік стандарттарын қабылдауды қозғады.«Хабар» агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев пен қоғам қайраткері Тәңірберген Бердіоңғаров та ақпарат саласын жетілдіру мен сын-қатерлерге төтеп беруге қатысты ой-ұсыныстарын жеткізді.

Бұдан бөлек «дөңгелек үстелде» журналистер мен медиа саласының басқа да мамандарының фактчекинг, медиаэтика, даулы тақырыптарға арналған кәсіби тренингтер өткізу және үнемі біліктілікті арттыру маңызы кеңінен талқыланды.

Талғат Нұрханов