Руханият

Талаптың мініп тұлпарын...

Абай жыры Абай – дана, Абай – дара, ұлы ақын, Ән-жырына жалғап кеткен мұратын. Абай бізге темірқазық сияқты, Көгімізде шамшырақ боп тұратын.

Бағыт сілтеп болашаққа, біздерге,
Өнегесін үйретеді ізгі елге.
Қарасөзі, өлеңдері, әндері,
Жалғасады ғасырларға, күндерге.

Мен де сізден үлгі аламын, үйренем,
Жырларыңды оқып, ғажап күйге енем.
Қазақ қазақ бола алмайды ешқашан,
Абай жырын махаббатпен сүймеген.


Махамбет. 
Наркескен

Жасын жыры жаратылған алмастан,
Нарын құмды мекен еткен нарқасқам.
Қияметке құрбан болып кетті ғой,
Қиянатты қиып түсер алдаспан.

Қайсар ақын ел-жұртының қорғаны,
Өлең болған өмірінің зор мәні.
Қара қазан, сары бала деп қам жеді,
Өтемістен туған онның оғланы.

Жөпшендіде жеңілмесін жау сезді,
Бет қаратпас қаһарынан хан безді.
Бар болмысын Баймағамбет сұлтанның,
Бетке айтам деп босқын болып тау кезді.

Ойлап па еді тауда жалғыз жатам деп,
Жалғыздықтың зарын мұнша татам деп.
Ел-жұртынан айырылып қапыда,
Қызғыш құсқа мұңын шақты Махамбет.


Адамдар бар іші де лас, сырты лас,
Жақсылығы бір басынан артылмас.
Жәңгір ханның алтыны үшін тайтұяқ,
Махамбеттің басын шапты Ықылас.

Жылым-уақыт білер кімді жұтарын,
Ұтыларын және кімнің ұтарын.
Ықылым заман өтсе де Алаш баласы,
Ықыластың қарғайды үрім-бұтағын.

Арлы ақынның аманаты-арманы,
Сан ғасырлар өтсе де алға самғады.
Басын кесіп алғанымен жырларын,
Жүректерден жұлып тастай алмады!

Өмір

Қабағына қарап әке-шешенің,
Бір мұңдылау өмір, сірә, кешемін.
Тағдыр маған қатал болды ертеден,
Енді қалай өмір сырын шешемін? 

Өмір, өмір – тұңғиықсың, жұмбақсың,
Құпияңды ішке бүгіп тұрмақсың.
Сенің кейбір көлеңкелі тұсыңды,
Жіберейін жырларыммен сырлап шын.

Кейде адамды аямайсың, сынайсың,
Кейде көктен шуақ шашар күн-айсың.
Бір қуанып, бір мұңайып жүрсем де,
Өмір маған қымбаттысың, ұнайсың!

Нұрділдә
 Әбдіханұлы,  
10-сынып оқушысы
Жамбыл ауданы