«Мәңгілік бала бейне» сахналанды
Жазушы Роза Мұқанованың күллі қазақ жұртының ауыр қайғысы мен мұңын жамылған «Мәңгілік бала бейне» шығармасын білмейтін жан кемде-кем шығар. Талай оқырманның көңілін босатып, жүрегін жылатқан туынды бұл күнде театрдан да, кинематография саласынан да ойып тұрып орын алды.
Өткен аптаның соңында Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында аталмыш шығарма М.Әуезов атындағы Қазақ драма театрының жас, талантты режиссері Аридаш Оспанбаеваның жетекшілігімен сахналанды. Қойылымды автор Роза Мұқанованың өзі тамашалады.
Спектакль желісі Семей полигонындағы жарылыс толқынынан шыққан трагедияны Ләйла атты мүгедек қыздың тағдыр тәлкегі арқылы баяндайды.Қойылымның басты кейіпкері Ләйла – атомдық сынақтар жасалған Қарауыл ауылында жарымжан болып дүниеге келген 8 жас шамасындағы бүлдіршін күйінде қалып қойған қыз.
Ата-анасынан айырылған ол әпкесі қатыгез Қатираның қолында өседі. Өз туған ұлының қамын жеген Қатира жетім қызды ұрып-соғумен болады. Алайда Қатираны да жауыз деп айтуға келмес. Себебі Қарауыл тұрғындарының жүрегін өмір өзі қатайтып жіберген.
Спектакль сюжетінде сынақтан зардап шеккен жұрт қатарының көбейе бастауы, күн сайын көз жұмып жатқан ауылдастарының қайғысы мен азалы үндері суреттеледі. Осы көрініс Ләйланың да еңсесін езіп жібергендей. Ол елдің кекетіп-мұқатқан, аяған сөздерінен әбден қажиды. Өзін кемсіткен сұғанақ көздерден жасырып, көктегі аймен сырласуды әдетке айналдырады. Оның ішкі мұң-зарын, наласын тек ай ғана түсініп, тыңдап тұрғандай болады.
Аймен сырласқанда ғана ол өзін ең бақытты, ең әдемі санайды. Жаны сұлу жас қыз өзін тек осы жерде ғана еркін, жақсы сезінеді.Күндердің бір күнінде әпкесі Қатираның оқудағы ұлы Қабыл үйленеді екен, той болады деген қуанышты хабар Ләйлаға да үміт сыйлайды. Тойға келгендердің арасынан Ләйла парталас досы Құмарды көреді. Жақындағысы келіп, бiрақ түр-сипатынан ұялып, кейiн тартыншақтайды.
Кенеттен Ләйланы көрген Құмар ұмтыларын да, ұмтылмасын да бiлмей кiбiртiктеп тұрады да, оған жақындап келіп амандасып, хал сұрасады. Достарымен бiрге отыруға шақырғанда Ләйла ыңғайсызданып бармайды.
Осы мезетте тойға өзіне дауыс жинау үшін бас сұққан Алматыдан келген депутат Балтабек Өмірбекұлы қарауылдықтарға құрғақ уәдені үйіп-төгіп жатады. Кенеттен Ләйлаға көзі түскен ол мүгедек қызды полигон құрбандарының символы ретінде көрсетіп, олардың жоқтаушысы, жәрдемшiсi болу арам ниетін іске асыруға тырысады. Бұл үшін Құмарға ақша беріп, жарымжан қызды қаралы жиынға қатыстырып, өз мақсатына пайдалануды көздейді.
Алайда бұлардың сұрқия тірлігін біліп қойып, налыған қыз қатты қапа болып, бар сырын жеті қараңғыда жарық айға айтуға жүгіреді. Оқиға соңында ай да, Ләйла да бір-бірімен мәңгілікке қоштасады. Қойылым соңы Ләйланың өлімімен аяқталады.Трагедия бір ғана Ләйланың өмірін мысалға ала отырып, атом сынақтарынан зардап шеккен полигон құрбандарының қасіретін көрсетеді. Туынды күллі адамзаттың ауыр азабын бейнелеп, барша халықты бейбітшілік пен тыныштыққа, барға қанағат етуге үндейді.
Қойылымда диалог, актерлік перформанс, музыка, қоюшы суретшінің жұмыстары мінсіз. Сынақ полигоны болғанына қарамастан, әйелдердің тұрмыс-тіршілік үшін арпалысып жатқаны ықыласқа тұрарлық бейне. Қазақ тарихындағы үлкен трагедияны кішкентай адамның тұлғасы арқылы көрсеткені – хикаяның ерекшелігін дәлелдейді.
Ақ ләйлектің жалғыз қалып, қиялға берілген уақытта биші қыздың мың бұрала балет билеген сәтін фонмен көрсетуі, Қатираның өкініші, тағы да осындай бірнеше эпизодтар көңіл толқытты.«Мәңгілік бала бейне» – күрделі спектакль.
Спектакль меңіреу қалған Ләйланың тағдырын ғана емес, Қарауылдың әр тұрғынының зардабын да арқау еткен.Ләйла тек балалық кейпімен ғана ерекшеленбейді, ол – жалғыз жан тазалығына бекем адам. Өзге тұрғындар Қарауыл мен тағдырға деген өкпелерімен жандары солып, жас Ләйлаға аз болса да мейірімдік танытуға амал таппады.
Ал Ләйла бойына таза сезім жиған періштедей таза қыз. Күлсе шын көңілден, мұңайса тереңінен, ал ғашықтық сезімін ашса, тек шын жүрекпен көрсетеді. Құмар дене бітімі толық жетілген, аяқ-қолы бүтін, келбеті келіскен жігіт. Бала күннен басталған достықты бейкүнә қыз іңкәр сезіммен шатастырды. Ләйла қыздың Құмарға деген махаббаты өмірге деген құштарлығын оятатын. Бірақ Ләйла қыздың бала қиялы мен асқақ арманын Қарауылдың қалың ұйқыдағы халқы түсіне алмады.
Көрші-қолаң, туыс-туған жабылып Ләйланы өзі секілді мүгедек адамға тұрмысқа беруді жөн көретін. Ауыл тұрғындары тіпті екі жарымжан жанды бір-біріне қосып «бақытты етіп», міндеттерінен құтылғысы келді. Қарауылдықтардың адам жанына емес, тәніне ғана баға беруі бойжеткеннің сағын сындыра алмады. Осы сәтте Ләйланың дәрменсіздіктен жылауын жандүниеңмен сезінесің. Ешкім аямаған қызды маңдайынан сипап, құшағыңа басқың келеді.
Алайда адал махаббаты аяқсыз қалды. Өйткені бойы өскенімен, ойы өспеген адамдар ақша үшін адамшылықты ұмытуға даяр еді. Құмар да ақша үшін өзіне ғашық көңілі бар пәк қызды – «Ақ ләйлегін» сатып кетуге дайын болды. «Депутатты мақтап, бейнероликке түсіп берсең Алматыға алып кетемін» деп арбап, бас пайдасы үшін байқұс қызды мазаққа айналдырды.
Әйел кейіпкерлердің арасында мен үшін тұнық сезім қалдырған жан – Шөкіш. Елдің мазағына қаларын жүрекпен түйсініп, шын жаны ашыған Шөкіш байқұс Ләйланы өлтіруге бейімделеді. «Мүгедектер ешқашан бақытты бола алмайды. Ол сау ұрпақ қалдыруға жарамайды, оларды қинамай өлтірген жөн» деген Шөкіштің сөзі тым ауыр естіледі. Шөкіш бір кездері осы ішкі ойына қарсы шыға алмай, өзінің мүгедек баласына қол салған.
Бұл әрекеттен байқұс әйел толығымен есінен ауысты. Полигонның зардабының зілбатпан болғаны соншалық, тіпті аналар өз балаларын өлтірген. Шөкіштің залымдығы айналып келе аянышты көңілге ауысады. Басты кейіпкер Ләйла болғанымен, мен үшін Шөкіш экологиялық зардаптың құрбандарының бет-бейнесі сияқты әсер қалдырды.
Бір ғана Ләйланың өмірін мысалға ала отырып, Семей полигонының елге тигізген залалын, өмір қиындықтарын көрсеткен шығармадан көрермендер үлкен ой түйді. Сол кездегі халық тұрмысын көзбен көріп, адам мінезінің әртүрлі болатындығын түсінді. Осы ретте туындыны тамашалаған көрерменнің бірі Жамбыл жоғары медициналық колледжінің 3-курс студенті Дильназ Мейрамбек ішкі эмоциясын жасыра алмады.
– Көзіме еріксіз жас үйірілді. Жас қыздың тағдыры, адамдардың сүреңсіз өмірі көңілге мұң ұялатады. Шығарма өзгенің өміріне күле қарамай, түсіністік танытуға шақырады. Қойылым кезінде әртістер сол бір қасіретті жылдардағы ащы шындықты шынайы бейнелей білді, – деп, алған әсерімен бөлісті Д.Мейрамбек.
Енді автор туралы бірер сөз. Жазушы Роза Мұқанова бірде Семей өлкесінде туып, мүгедек болған жандардың суреттері қойылған фотокөрмені аралап жүреді. Кенет оның назары бір кішкентай қыздың суретіне түседі.
Шамамен 5-6 жастағы бүлдіршін қыздың көзінен үлкен қасіретті көруге болатындай. Суретке жақындай бергенде жазушы «Еңлік. Оның жасы 14-те» деген жазуды оқиды. Түр-әлпеті жас, ал аяқ-қолы өскен қыздың жүзі мәңгілік бала бейнені сақтап қалған. Мүгедек қыздың жанары қатты әсер еткені соншалық, Роза Мұқанова тартымды шығарманы дүниеге әкеледі.
Қойылымда Ләйла бейнесін жас актриса Аружан Райымбек ойдағыдай алып шықты. Балаға тән бал дауыспен екі сағат бойы бүкірейіп, мүгедек адамды сомдауы еріксіз тәнті етті. Әпкесі Қатираны ардагер актриса, ҚР Мәдениет саласының үздігі Галина Қойшыбаева, Шөкіш рөлін белгілі сахна шебері, Қазақстанның халық әртісі, актриса Мәкен Рахымжанова шебер сомдады. Досы Құмарды жас актер Нұрасыл Шегетай сәтті сахналады.
Ал шығарма авторы, жазушы Роза Мұқанова да туындының жас буынмен, жас таланттармен ұштасып бірге өмір сүріп келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді.
– Бүгін киелі Әулиеата елінде «Мәңгілік бала бейне» қойылымы сахналанды.Бұл спектакльдің сахнадан түспей келе жатқанына 30 жылға жуықтады. Шығарманы ең алғаш рет аңыз режиссер Болат Атабаев сахналаған болатын. Бүгінде ол кісінің шәкірттері қойып жүр.
Шығарманың өзіне келсем, «Мәңгілік бала бейне» әлемнің алты тіліне аударылған. Былтыр әлемдік конференцияларда баяндама жасап жүрген Велена Цапель деген жас ғалым Қазақстанға іздеп келіп, немістің танымал газетіне сұхбатымыз жарияланды. Семей трагедиясы – адамзатқа ортақ қасірет. Жалпы «Мәңгілік бала бейне» – маған тәуелсіздік сыйға тартқан үлкен жеңіс. Себебі қилы замандарда шығарманы сахналауға тыйым салынған болатын.
Спектакль соңында көрермендер өнерпаздарға қошемет көрсетіп, ризашылықтарын гүлшоқтарымен жеткізді.
Ақтоты Жаңабай