Мәдениет

Күй күмбірлеп, ән әуеледі

Ұлтымыздың көне заманнан бері қалыптасқан ән өнері фольклордың музыкалық саласының бір тармағын құрайды. Фольклор сөзі «халық даналығы, халық білімі, халықтың ауызша шығарған туындылары» деген мағынаны білдіреді. Халқымыздың мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерлері ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі күнге дейін жеткен «ән қазынасы» қашаннан дәстүрлі өнердің қаймағы саналады.

Жақында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Көне Тараз күмбірі» атты фольклорлық ансамбльдер байқауын өткізді. Ұлттық өнерді насихаттаған сайыс биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Байқауға еліміздің бірнеше өңірінен және біздің облыстың аудандарынан сайдың тасындай 12 өнер ұжымы қатысып, бақ сынады. Аталған  байқауды облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай ашып, өнер ұжымдарына сәттілік тіледі. 


 Мұнан соң байқау басталып кетті. Дарындылар додасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жексен Айсын бастаған қазылар алқасы бағалады.  Байқауда біздің өңірдің аудандарынан келген бірнеше ансамбль мүмкіндіктерінше өнер көрсетті. Атап айтқанда, Жамбыл ауданының «Аса сазы», Шу ауданының «Әсем әуен» ансамбльдері көпшілік көңілінен шықты. Олар халық күйлерін күмбірлетіп, Кенен әндерін де нақышына келтіре орындады. Жергілікті ақын-композиторлардың әндерін де ел жүрегіне жеткізді. 

Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданынан келген «Науалы саз» ансамблі де жан-жақты дайындықтарымен қуантты. Олар жамбылдық ақын Жұлдыз Бейсектің сөзіне жазылған Айдарбек Оңайбаевтың «Таразым» әнін әуелете  орындады. Алматы облысының «Қобыз сарыны», Батыс Қазақстан облысының «Бәйтерек» ансамбльдері де өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына ие болды. 


Байқаудың гала-концертінде Сарысу ауданының Жаңатас қаласынан келген Ықылас Дүкенұлы атындағы фольклорлық ансамблі Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін күмбірлетсе, тараздық «Қазақ елі» оркестрінің сүйемелдеуімен Мерей Әбуова Кенен Әзірбаевтың «Нұрлы жаз» әнін шырқады.

Сондай-ақ Маңғыстау және Алматы облыстарынан келген ансамбльдер де лайықты өнер көрсетті.
Байқаудың қорытынды кезеңіне облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев қатысып, сайысқа қатысушыларды аймақ басшысының  атынан құттықтады. 

 – Биыл Кенен атамыздың туғанына 140 жыл. Біздің өңірде Кенен Әзірбаевқа деген құрмет жоғары. Рухани бай адам көп жетістікке жетеді. Осы орайда өңірде ұлттық өнер, мәдениетті қолдау жоғары деңгейде екенін айта кеткен жөн, –  деген Лесбек Құралбайұлы  «Көне Тараз  күмбірі» атты партитуралар (көп дауысты шығарманың барлық дауыстарының нотаға түсірілген жиынтығы) жинағының тұсауын Жексен Айсынмен бірге кесті.

Сайыс нәтижесінің қортындысымен бас жүлдені және 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның «Қазақ елі» ансамблі жеңіп алды. Жүлделі I орын маңғыстаулық «Науалы саз» ансамбліне бұйырса, Батыс Қазақстан облысынан келген «Ақсу» ансамблі II орынды еншіледі. III орынды Алматы облысының «Қобыз сарыны» және Батыс Қазақстан облысының «Бастау» фольклорлық ансамбльдері өзара бөлісті.

Ақтоты Жаңабай