Жаңалықтар

Өркөкірек өрендер қайдан шығады?

Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі», – деген екен. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Біздің ата-бабаларымыз тәрбиенің орны бөлек екенін жақсы білген. Өйткені ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастыру. Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен құқықтық тәрбие бере білу – өлшеуі жоқ қазына.

Ата-бабамыз баланың тәрбиесі бесіктен бастау алатынын айтудай-ақ айтқан. Бірақ көбіміз бүгінгі ұрпақтың, яғни ертеңгі ел тірегінің ақыл-парасаты мол, мәдениеті озық, саналы өсуі, оның кейін есейгенде жияр біліміне ғана байланысты емес, ең алдымен құрсақтан берілетін иманды әдет-ғұрып, өнегелі салт-дәстүр, ұлттық болмыспен келетін тәрбие көзінде жатқанын ескере бермейміз. 
Осы орайда бір тәмсіл еске оралады. Баяғыда бір патша өзінің қол астындағы елдің атақты данышпанына баласын тәрбиелеуге беретінін айтыпты.

Мұны естіген данышпан тәрбиеге берілетін бала неше жаста екенін сұрайды. Сонда патша баласының екі айға енді толғанын жеткізсе, әлгі данышпан: «Балаңның тәрбиесін ойлағаның жөн екен, бірақ кеш қалыпсың», – депті. Бұған түсінбеген патша: «Не айтып тұрсың? Ана сүтінен әлі аузы кеппеген, буыны қатпаған, бесіктен белі шықпаған балаға тәрбие берудің кештігі қалай?!» – деп шамданыпты. Сонда данышпан қария: «Баланы құрсақтан тәрбиелеу керек еді»,– деген екен. Көрдіңіз бе, нағыз тәрбие төркіні тереңде жатқанын осыдан да аңғаруға болар. Ұлтжанды адам мұндай мысалдардың астарында өмірлік тәжірибе мәні жатқанын түсінеді. Ендеше келешек ұрпаққа тәлімді тәрбие беру ісі әркімнің өз тәрбиелік ісінен басталатынын қоғамымыз ұмытпаса екен дейміз. Себебі «Не ексең – соны орасың» деген сөз бекер айтылмаған.

Қазіргі жастарды білімсіз, ештеңе көрмеген деп айта алмайсыз. Жастарымыздың дені мектеп бітірісімен елдегі қалаған оқу ордаларына немесе  шетелдің іргелі оқу орындарына барып, әлемнің озық технологиясы  мен білімін игеріп қайтады. Бірақ олардың бойында ата-бабамыз қалыптастырған ұлттық тәрбие өзегі бар ма? Өйткені мектепте бозбалалардың топтасып қаршадай балаға әлімжеттік жасайтыны, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетілмейтіні, жап-жас қыздардың бірін-бірі шаштан сүйреп, нәзіктіктен жұрдай болатыны дұрыс берілмеген тәрбиенің әсері  десе болады. Әрине, мұнда  білім беріп жатқан мұғалім емес, ата-ананың кінәсі де бар. Жастайынан баланың бетін қайтармай бар айтқанын істеп, дегенін орындатудың да өсе келе баланың менмен, өзгені сыйламайтын өркөкірек болып өсуіне ықпалы  баршылық.

Он сегізге толған жас – жаманды да, жақсыны да сезіп, көріп, барлық тәрбиені бойына сіңіріп, өмірге қадам басқан азамат. Өкінішке қарай, оны қайта тәрбиелеу қиын. Ол кезде «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда!» дейтін кезең өтіп кетеді. Осыны қаперде ұстасақ игі. 

Сәбит Байжігіт,
Жамбыл политехникалық
 жоғары колледжінің
 өндірістік оқыту шебері