Қоғам

Қауіпсіз орта қалыптастыра аламыз ба?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 15 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.

Бұл өзгерістер мен толықтырулардың заңдарға енгізілуі қоғамда қалыптасқан жағдайларға байланысты деп түсінуіміз керек. Еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң қоғамды ізгілендіреміз деп жүргенімізде адами құндылықтарға кері әсер ететін құбылыстарға жол беріп алдық.

Ол туралы Президент   Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда, есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен қоғам болып күресуіміз қажет деп атап көрсетті. 
Мемлекет басшысы: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс.

Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды.


Жасыратыны жоқ, заңдардағы өзгерістер мен толықтырулар жөнінде қоғамда екіұдай пікір қалыптасуда. Мысалы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменованың  заңдарға байланысты бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланған түсіндірмелерін бұрмалаушылар түрлі әрекеттерге баруда. Бұл тұрғыда «егер отағасы отанасын ұрса немесе зорлық-зомбылық көрсетсе, бірден түрмеге тоғытылады екен», «егер балаңызды шапалақпен тартып жіберсеңіз немесе оның айтқанын істемесеңіз, полиция бөліміне көршісінен шағым түссе, баланы ата-анасынан ажыратып, алып кетеді екен» деген әңгімелер желдей есуде. 

Қоғам пікірін қақ айырып отырған осы мәселелерге байланысты жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарына қарамастан ел  арасында, әр отбасында заң жайлы әртүрлі өсек-аяң өрбуде.
Көкейімізде тұрған осы сауалдарға байланысты зиялы қауым өкілдерінің, құқық қорғау органдарының ақпараттық түсіндіру жұмыстары ауадай қажет болып тұр.

Жалпы заңдарды түсіндіре отырып, елімізде, оның ішінде Талас ауданында қалыптасқан жағдай туралы нақты фактілерге негізделген жауаптарын білу мақсатымен бірнеше тұлғамен пікірлескен  едік. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік болуы керек және оның алдын алу үшін не істеу қажет?» деген сауалымызға Талас аудандық сотының судьясы Қайрат Ізбасаров былай деп жауап берді:

– Отбасы қатынастары қоғамның ерекше құндылығы болғандықтан үйдегі  моральдік және этикалық құндылықтардың сақталуы жастардың болашағына зор әсерін тигізетіні мәлім. Көп айтылып, құлағымызға сіңісті болған «Отан – отбасынан басталады» деген сөздің мәні кете бастағаны ащы шындық.

Кейде телеарналардағы шоу-бағдарламаларда шаңырағы ортасына түсіп күйреген отбасын, әлімжеттіктен, әділетсіздіктен зәбір көрген жандарды көргенде жүрегіміз ауырады. «Ыдыс-аяқ сылдырласа» полиция бөліміне, аудандық сотқа жүгінетіндер саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Әсіресе мінезіміз үйлеспейді деген желеумен некені бұзу жайында арызданушылар қатары  арта түсуде. 

– Оныңыз рас, осыдан 22 жыл бұрын аудандық газетке жазған «Ұлтым сақталсын десең, ұл-қызынды сақта» деген мақаламда: «Талас ауданында 2001 жылы 269 жас шаңырақ көтерсе, 36 отбасының некесі бұзылыпты. 2002 жылы 280 жас отау құрып, бас құраса, 57 шаңырақ иесі ажырасып тынған», – деппін. Осы цифрлардан-ақ жыл сайын некені бұзудын саны өскенін байқаймыз. Қазақ үшін жат болған, тіпті ұят саналатын ажырасудың ұлтымыз үшін қасіретке айналатын түрі бар.

Аудан бойынша өткен жылы ажырасуға бекініп, сотқа жүгінгендердің саны 115 отбасына жетті. Биылғы 5 айда да мақтанатындай өзгеріс жоқ. Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеті әкімшілік құқықбұзушылыққа жатқызылса, енді міне, өзіңіз біліп отырғандай, бұл әрекет қылмыстық санатқа енді. Бәлкім, бұл заң отбасын сақтау үшін керек шығар. 

– Қазіргі таңда отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады, – деп сөзін жалғады аудандық соттың судьясы. – Себебі қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар көпті алаңдатпай қоймайды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық баланың дамуына және оның басқа адамдармен орнайтын қарым-қатынасына өмір бойы ықпал етеді. Көбінесе әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдік тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. 

Мемлекет тарапынан да тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне көптен көңіл бөлінуде.Оның бірден-бір дәлелі – Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған Жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату туралы көтерген мәселесі.

Соңғы жылдары осы саладағы заңнама талаптарын бұзғандардың жауапкершілігін арттыру бойынша қолданып жатқан шараларға тоқталайын.Мәселен, 2023 жылдың 1 шілдесінен «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді. 

Сонымен қатар биылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды.Аталған заң жобасы қоғам тарапынан  қызу талқыланғандығы да белгілі жайт. Турасын айту керек, жаңа заңның талаптары,  әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Кей тұстарда заңбұзушылықтар үшін әкімшілік жаза қылмыстық жазаға ауысты.

Демек, отбасының ойранын шығарып, жұбайы мен бала-шағасына қол көтергендер енді қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқықбұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл жаза түрі мен мөлшері бойынша да біршама өзгерістер тудырады. 

Ендігі кезекте  жаза түрі мен мөлшері 80-нен 200 айлық есептік көрсеткішке  дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.
Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін  2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін  3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

– Алайда таяқтың екі ұшы болатыны  тәрізді қатігездікке тек қана бір тарапты, яғни ер кісілерді кінәлі санау қисынсыз деушілер  де кездеседі. Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи «Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар еркектердің құқығын тым шектеп жібермейді ме?» деген ойын білдірді. Жасыратыны жоқ, ендігі жерде  ерлерінен сәл сөз естісе, қолы тиіп кетіп, зәбір көрсе, полиция бөліміне шағымданатындар саны күрт өспей ме? – дедім мен. 

– Қалай болғанда да екі тарап енді бұрынғыдай салғыласпай, қандай әрекет жасаса да ойланатын болады, – деп  сөзін қысқа қайырды судья.Аудандық билер кеңесі бірнеше жылдан бері отбасындағы дау-дамайды шешіп, көп нәрсеге көз жеткізіп отыр. Соңғы жылдары жас отбасылардың ажырасуы біршама азайды. Көбінесе 30-40 жас аралығындағы отбасы мүшелері некені бұзу туралы арызданады. Талап қоюшылардың дені – әйелдер. Олардың уәждері  «күйеуім жұмыс істемейді», «жалданып тапқан ақшасын отбасына әкелмейді» немесе «көзіме шөп салып жүр» дегенге саяды. Дау-дамайды шешкен кезде небір сұмдық жайттарды естіп жатамыз. 

Адамгершілікке жатпайтын сондай жағдайлардан  бір-екі мысал айтайын. Жамбыл ауданында ауылдың 1 азаматы үйіне жас қызды әкеліп, әйеліне «Қараңды батыр, мен мынаған үйленемін» деген. Ал Талас ауданындағы бір азаматымыз өзінің үш баласын тастап, жасы үлкен, төрт перзенті бар  әйелге үйленіп алған. Тіпті «сен менің көзіме шөп салдың» деп, сүйіп алған жарын күндіз-түні сабайтындарды да кезіктірдік.

Осындай әңгімелерден кейін, әрине, ер адамға деген күдігіміздің бары рас. Екінші жағынан, енесін, күйеуін сыйламайтын келіндерді де көріп жүрміз. Өз күйеуінен ажырасқан соң балаларын асырай алмай, телеарнаға барып, көмек сұрағандар да жетіп артылады. Тіпті бір жас келіншек күйеуге тиюді «бизнеске» айналдырып, бес мәрте босаға аттаған. Өз нәрестелерін тұншықтырып өлтіріп, қашып кеткен қатігез аналар жөнінде де әңгіме естіп қаламыз. Демек, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың екі жаққа да тиесілі екенін ескеріп, Ермұрат Бапи айтқандай, отағасы туралы да заң қабылдау керек шығар деп ойлаймын.

Ашығын айтқанда, елімізде әкелер кеңесі құрылған, бірақ оның қоғамға, тәрбиеге пайдасы шамалы. Сондықтан ер, әйел деп бөлмей, «Неке және отбасы» туралы заңға да өзгерістер енгізу қажет сияқты. Оның үстіне ел боламыз десек, экранымызды түзеу керек болып тұр.

Қалың жұртшылықтың қарсылығына қарамастан «телеарналар жекеменшіктің қолында» деген мәнсіз мәлімдемелердің  кесірінен адамдарды рухани аздыратын бағдарламаларды жаба алмай келеміз. Қазақтың қай қызы экранға шығып, күйеу таңдап еді. Ана бір жылдары тіпті Ұлттық арнамыздың өзі азаматтық некені насихаттады.

Ал оның азаматтарды отбасы алдындағы жауапкершіліктен жұрдай ететінін ақылдылар айтқанымен құлақ асатындар тым аз. Біле білсек, мұның барлығын батыстың отбасын бұзу жөніндегі зымиян саясаты деп түсінуіміз керек.Біздің ойымызша, отбасы құндылығын сақтау ең басты мәселеге айналуы тиіс. Ол үшін отау құру есепке емес, ең алдымен, махаббатқа негізделуі керек. Екіншіден, отбасының әр мүшесінің жауапкершілігі айқындалғаны жөн деп санаймыз.

Үшіншіден, салт-дәстүрі сақталған отбасының бір-біріне деген сеніміне селкеу түспеу керек. Сонда ғана берік отбасын құра аламыз. Өз тәжірибемізден кейбір әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенде күйеуін полиция бөліміне табыстап, кейін қайтадан отбасына орала алмайтын жағдайға жетіп, бармақтарын шайнағандарын да көрдік. Енді ондай мүмкіндіктің жоқ екендігін ескерсек, отбасының әр мүшесі қадамдарын ойланып барып жасай ма деп үміттеніп отырмыз.

Оның үстіне бұл зорлық-зомбылықтан орталарындағы сәбилердің қиянат көретіндігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Оған күйеуінен ажырасқан әйелдің екінші мәрте үйленген күйеуінің өгей балаларына зорлық-зомбылық көрсетуі айқын дәлел. Оны  педофил деп отырмыз. Осыған байланысты да заң қатаңдатылды. 


Мақаланы жазу барысында ҚР Білім беру ісінің үздігі, Талас ауданының Құрметті азаматы Данагүл Молдабаевамен  де пікірлескен едік.– Болашағының жарқын, өрісінің кемел болғанын қалайтын зайырлы мемлекет өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне, толыққанды азамат болып өсуіне жіті көңіл бөліп, мол мүмкіндік жасауға талпынады.

Алайда көп жағдайда ата-аналар отбасын материалдық тұрғыда қамтамасыз етуді ғана ойлап, жұмысбастылықты алға тартып, бала тәрбиесіне білім мекемелері жауапты деген оймен тәрбиенің негізі өз отбасында қалануы тиіс екенін шатастырып алып жүр. 
Соның салдарынан жеткіншектер мен жастардың көп уақыты интернет жүйесі мен әлеуметтік желілерді қараумен өтіп жатыр. Өскелең ұрпақ қоғамдағы кез келген ақпаратты оның дұрыс- бұрыстығына қарамастан қабылдауға бейім тұрады. 

Теледидардан, ғаламтордан көрсетіліп жатқан сұмдықтар, расында, жаға ұстатарлық әрі қазақы болмысымызға жат. Солардың ең сорақысы – бауыр еті баласын тастап кеткен көкек аналардың көбейгендігі. Бұрындары мұндайды естімейтін едік, ал қазір «аязда үсіген, дәретханада қалған, итке жем болған тастанды нәрестелер» саны артып барады.  Бұл дегеніміз – зинақорлықтың көбейгені деген сөз.

Мұндай кері кету қазақ ұлтында болмаған, тіпті естімеген де едік.Көкек ана қайдан шығады? «Қызды қырық үйден тыю» деп қызды, «жігітке жар қымбат, намыс пен ар қымбат» деп ұлды тәрбиелеп, оларды елдің қамын ойлар азамат етіп өсіру халқымыздың  басты ұстанымы емес пе еді? Қыз-келіншектердің құлағына тәрбиелік әңгімелерді майын тамыза құятын жандар қайда? Үйдегі ата-ана бойжетіп келе жатқан қызына, ержете бастаған ұлына тыйым сала алмаса, мектепте мұғалім тәлімін тыңдата білмесе, мемлекет бетімен кеткен көрсетілімдерге шектеу қоймаса, ұлттық құндылықтарымыз бағаланбай жатса, бұл қазақ қоғамына төнген қауіп қой!

Расында да кәмелетке толмағандар арасында түрлі бұзақылық іс-әрекеттердің өршіп бара жатқаны алаңдатарлық жағдай болып тұр. Оның негізгі себептерінің бірі ретінде әлеуметтік желінің кері әсері айқындалып отыр. Виртуалды әлем балалардың санасын улап, жастайынан қылмысқа итермелеп жатыр. «Ойнақтатып жүріп от бастыратын»   түрлі  әрекеттер белең алуда.Шетелдік көріністерге еліктеген кейбір қыз-келіншектер  көйлегінің етегін ғана емес, ақыл-ойын да қысқартып алды.

Тіпті тырыстырып шалбар мен шорты кигендерді көргенде кірерге тесік таппайсың. Көргенін жасауға ынтық жандар бұл күнде не істемеді? Шындығын айтқанда, шашын тақырлап, ерніне, төсі мен жамбасына силикон үрлетіп, түнгі клуб кезіп, ащы су ішкен бойжеткен бәрінен айырылып шыға келеді. «Дамып кеткен» шетелдерден осындай жабайылықты үйренген ұрпақтың бұл дерті уақыт озған сайын асқынып барады. 

Бізді Жаратушы мұсылман етіп жаратқан. Бетін шымшып: «Ұят болды-ау,  балам, сен үшін екі дүниеде де мен жауаптымын. Сен жамандыққа ұшырасаң, туған әкеңе, бауырларыңа, ағайынға, еліңе сын болады.  Сенің тәрбиең менімен қоса айтылады, – дейтін ата-ана азайып барады. «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін қазақ ұлты осындай ма еді?
Дәл бүгінгі күннің күйіп тұрған мәселесі болған  жастардың жасаған әбестігіне мін таға бергенше, ең әуелі, тәрбиеге мемлекеттік тұрғыда баса назар аударған жөн сияқты. Ата-ананы да, мектепті де, жастарды да тәрбиелейтін – Қазақ елі деген мемлекет.

Үкімет тарапынан және қоғамдастықтан тосқауыл қоймай, яғни осылай кете берсек, ұлттық менталитетімізден де, адамдық келбетімізден де айырылып қалуымыз әбден мүмкін. «Біз масқара болдық, мына бұзақыларды қалай жазаласа да орынды» деп даурыққаннан гөрі «Біз оңбаған ұрпақ тәрбиелеппіз, бұл біздің кінәміз» – 
деп өкінгеніміз дұрыс. Балаларымыздың бос уақытын қайда, қалай және кімдермен өткізіп жүргенін қадағалап отыру – әр ата-ананың жіті назарында болуы тиіс. 

Дін – адамды парасаттылыққа, адамгершілікке, қайырымды, төзімді, ұстамды болуға үйретумен қатар, жақындатып, табыстыратын үлкен күш. Халқымыз қаншама қасіретті бастан өткерсе де өзінің тілі мен дініне берік болды. Сол дінді қастерлейтін де, қадір -қасиетін қашырып, берекесін кетіретін де – адам. Жан-жағымызға мойын бұрып қарайтын болсақ, жас жігіттердің сақалдарын өсіріп, уағыз айтып жүргенін көреміз. Оның жанында бет-аузын тұмшалап алған нәзіжандылар жүр.

Уағызы – өлім туралы. Өлімді уағыздап, жас өсіп келе жатқан ұрпақты тұншықтыруға әрекет етеді. Әрине, бүгінде  кім қандай дін ұстанамын десе де өз еркі. Дейтұрғанмен жат ағымдардың кесірінен көп отбасы зардап шегіп отыр. Баласы ата-анасына қарсы шығып, ата-анасы баласынан безініп жатқан жайлар аз емес.
Шынайы мұсылман  ешкімнің ақысын жемейді, біреуді алдамайды, адам баласына дөрекі сөйлемейді, әлсіздерге әлімжеттік жасамайды, жетім-жесірлер мен кедейлерге тәкаппарлық көрсетпейді. 
Жарық дүниенің нұры – әйел-аналарды ардақтайық, болашағымыз, яғни балаларды мұңсыз, қамсыз өсірейік. Олардың алаңсыз өмір сүруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасайық. 

Қарға тамырлы халқымыз қашанда отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Ер-азамат – отбасының тірегі, әйел-ана – шаңырақтың шырайы, берекесі, ал балалар –өміріміздің жалғасы, тіршілігіміздің тегеуріні. Қазақта аналардың жүздері жарқын болып, балаларымыздың алаңсыз өмір сүруі – баршамызға ортақ сын, жауапкершілік екенін әрдайым жадымызда ұстасақ екен. Шынымды айтсам, аналарымыз қоғамдағы өз орнын барынша бағалай алмай жүр. Олар ең алдымен ұлтты тәрбиелейтінін ұмытпағандары жөн. Өйткені ұрпақтың тілі ананың тілімен шығады, ананың әлдиімен өседі. Салт-дәстүрдің, әдеп-ғұрыптың сақшысы да солар.  

Бірақ біздің кейбір аналарымыз, тіпті адамды тәрбиелейді дейтін қыз-келіншектер тойларда, отырыстарда өздерін дұрыс ұстай алмайды. Қолдарына орамалдарын ұстап, ішімдіктің әсерімен ортада шыңғырып билейді. Ілгеріде жасы үлкендердің алдарында билемек түгіл, беттеріне тіке қарамайтынбыз. Қазір көбісі беттерін ашып алған. Оны көрген қыздары кімнен қымсынсын? Меніңше, осы ұятсыздыққа тыйым салынуы керек. Ері отағасы бола білсе, отанасы кие деген атаққа сай өмір сүрсе, онда тұрмыстық зорлық-зомбылық деген болмас па еді деп ойлаймын. Көбінесе үйдегі дау-жанжалдың шығуына әлгі әйелдер кінәлі ме деймін. Ақылды әйел ең бірінші отбасының абыройы үшін күреседі. Осы орайда Талас аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция капитаны Арайлым Кенжеқұлдың да өз айтары бар. 


Оның айтуынша, 2024 жылдың өткен 4 айында Талас ауданында отбасылық-тұрмыстық саласында қылмыстық құқық бұзушылық деректері орын алмапты. Сондай-ақ және тікелей әйелдерге қарсы жасалған зорлық-зомбылықтың қасақана қылмысы тіркелмеген. Әрине, бұл қуанарлық факт. Бірақ осыған қарап, ауданда отбасылық -тұрмыстық қылмыс жоқ деп айтуға болмайды. Оны біз ай сайынғы неке бұзу туралы дау-дамайды қарағанда көріп-біліп отырмыз. Көбісі айтуға ұялады немесе жасырады. Одан да ажырасқандарын жөн көреді. «Ауруын жасырғанды өлім әшкере етеді» дейді дана халқымыз. Сондықтан бүкіл қоғам болып, бір-бірімізге мейірімділік танытуға ұмтылғанымыз жөн.

Талас аудандық  билер кеңесі осыдан 4 жыл бұрын «Ішімдіксіз, бұзақысыз, отбасы берік үлгілі ауылға айналайық» деп бастама көтерді. Ол ауданда, облыста, жұртшылықтың арасында қолдау тапты. Тіпті көршілес Түркістан облысында көптеген елді  мекен сол бастаманы қуаттап, дүкендерде ішімдік сатуға тыйым салыпты. Соның арқасында тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттері тыйыла бастаған. Жақында Ұлттық арнадан Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында бастамамыздың қолдау тапқанын естіп, қуанып отырмыз. Жапон мемлекеті осыдан 100 жыл бұрын ұлттың сапасын жақсарту үшін арнайы заң қабылдап, онда боқтық сөз айтуға, біреуге тиісуге тыйым салған. Міне, соның арқасында күншығыс елі әлемдегі ең сыпайы, мәдениетті, өркениетті мемлекетке айналды. 
Біздің Президентіміз де сондай салиқалы соқпақты  армандап, жаман бес кеселден арылсақ, ұлтымыздың сапасын жақсартып, жаңа қоғам құрар едік деп күресіп жүр. Олай болса, біз де ақылға құлақ асайық. Таза, мәдениетті, рухани толысқан ұлт болу жолында аянып қалмайық, ағайын!

Сәулембай Әбсадықұлы, 
Талас аудандық
 билер кеңесінің төрағасы