Жолаушы тасымалы қашан жөнге келеді?
Жамбыл аудандық «Шұғыла»-«Радуга» газетінің редакциясында 2011 жылдан бастап төрт жарым жыл тілші болып еңбек еткенім бар. Сол кезде алғашқы бір жыл Асадағы ағайын ағамның үйінде жатып еңбек етсем, одан кейін бір жыл Тараздан «Аса-Тараз» бағытындағы қоғамдық көлікпен қатынап жұмыс істедім. Сол кезде азанда, кешке автобусқа әзер сыйысып, сыймай қалсақ, «такси» тоқтамай әуреге түсетінбіз.
Бір айта кетерлігі, ол кезде «Аса-Тараз» бағытындағы автобустардың жүру кестесі жиі, арақашықтық (интервал) 7-8 минут болатын. Бұл – әрбір 8 минут сайын жол тосқан аялдамаңа аталған бағыттағы автобус келіп тұрады деген сөз.Жақында «WhatsApp»-қа: «Аса-Тараз» бағытында автобус жоқ. Маусымның 11-12-сі күндері Тараз бен Асаның екі ортасында бір ғана көлік жүрді. Тұрғындар аялдамада көлікті бір емес, екі сағатқа дейін тосып тұруға мәжбүр болды. Қазір де жағдай оңып тұрған жоқ, бар-жоғы екі-ақ автобус жүр. Оның өзін бір сағат күтуімізге тура келеді», – деп жазды өзін Назира деп таныстырған асалық тұрғын.
Осыдан кейін біз жексенбі күні алдымен Тараз қаласына Асадан келіп жатқан осы бағыттағы автобустарды бақылап, жүргізушілермен тілдесіп көрдік. Өзін Серік Ықыласов деп таныстырған «Аса-Тараз» бағытындағы қоғамдық көлік жүргізушісі айтылып жатқан әңгімені растап, алайда мәселе мұнда емес, басқада екенін, дүйсенбі күні демалатынын, сол кезде Асаға барсақ, бар білгенімен бөлісетінін айтып ынтықтыра түсті.
Сөйтіп, дүйсенбі күні таңертең Аса ауылына жол тартып, алдымен ол жақта да жағдайды бақылап көрдік. Аялдамадағы адамдармен де, автобустағы жолаушылармен де сөйлестік.
– Қаракемер ауылының тұрғынымын. «Аса-Тараз» бағытындағы қоғамдық көліктің қатынауына көңіліміз толмайды. Бұл негізі біраз уақыттан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Білдей аудан орталығынан Таразға күніне бір-екі ғана автобустың қатынауы миға сыймай тұр. Автобус жоқ болғаннан кейін біз секілді жолаушылардың «такси» қызметіне жүгінгеннен басқа амалы жоқ. Оны біреудің қалтасы көтереді, біреудің жағдайы келмейді. Аялдамада бір сағат қоғамдық көлік күтумен уақыт жоғалтқысы келмегендер қалаға жетіп алудың қамын өз бетінше жасап жатыр, – деді Әбденбек Іргебаев.
Осыдан кейін біз Аса ауылының орталық алаңы маңындағы аялдамаға келіп тоқтаған автобусқа мініп, тұрғындармен тілдестік.
Осы кезде бізге жағдайды баяндауға уәде берген С. Ықыласов бастаған екі-үш автобус жүргізушісі де келіп жетті.– Негізінде аталған бағыттағы автобустардың азайып кеткені рас. Өткен жылдың желтоқсан айына дейін 4 автобус қатынаған. Бірақ ауданның Ерназар-Өрнек-Аса, Қаракемер-Аса, Қаратау-Айша бибі-Аса, Сеңірбай-Аса секілді бағыттағы басқа да елді мекен автобустары қазір Тараз қаласына қатынап жүр. Олар ауыл тұрғындарын Асаға алып келіп, қайтадан ауылына қайтпастан Тараз қаласына, онда да біздің бағытпен «Ауыл-Береке» базарына дейін барады.Олар негізі – «әлеуметтік автобустар». Бір автобуста Асаға дейін ары кетсе 5-6 адам ғана отыратындықтан шығынды ақтамайды. Сондықтан ауылдардан ауданға қатынайтын қоғамдық көліктерді аудан субсидия бөлу арқылы жүргізіп отыр. Бірақ оның жүргізушілері Таразға дейін қатынап, біздің нанымызға ортақтасуда. Шынымызды айтсақ, жаққан жанар-жағармайдың ақшасын шығара алмай жүрміз. Өйткені ол автобустардың жүру кестесін ешкім бақылап отырған жоқ. Ауылдардан келетін қоғамдық көліктер Таразға таңертеңгі сағат 09:00-де немесе 09:40-та барса да бәрібір. Бастысы біздің алдымызға түсіп алып, адамдарды жинап алып кетсе болды. Ал біз қай аялдамада сағат қай уақытта болуымыз керектігінен жаңылмаймыз. Мысалы, сағат түскі бір жарымдардан кейін Тараздан қайтатын Қаракемер ауылының автобусы түс ауғанда кетіп бара жатады. Бізге ешкім субсидия төлемейді, жанар-жағармайға, көліктің қосалқы бөлшегіне, қысқасы, барлық шығынға өзіміз ақша шығарамыз. Сондықтан қазір күніне екі автобусты кезектесіп жүргізіп жатырмыз.
С.Ықыласовпен сөйлесіп тұрғанымызда қасымыздан өтіп бара жатып мәселені құлағы шалып қалған Өрнек ауылының Салтанат Сәрсенбаева есімді тұрғыны біздің әңгімеге араласты. Айтуынша, Өрнек ауылынан автобус ауданға таңғы сағат 08:00де шығады екен. С.Сәрсенбаева Тараз қаласында жұмыс істейтіндіктен таңғы сағат 08:00-де облыс орталығында болғысы келеді. Ол Ерназар мен Өрнек ауылының тұрғындарын таситын автобус ауылдан таңғы 07:00 немесе 07:30-да шықса деген тілегін жеткізді.Жалпы аудан тұрғындарының талап-тілегі мен қоғамдық көлік жүргізушілерінің мәселесін Жамбыл ауданы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі шешіп беруі тиіс. Біз осы ой жетегімен аталған бөлім басшысының орынбасары Асхат Байбалаевқа жолықтық.
– «Аса-Тараз» бағытындағы жолаушыларды тасымалдау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізу, жеңіп шыққан мердігерге тиесілі қоғамдық көліктерінің жүру кестесін бекіту, оны қадағалау біздің құзырымызға жатпайды.
Бұдан кейін «Аса-Тараз» бағыты бойынша Жамбыл ауданы тұрғындарына қызмет көрсетіп отырған «Мерей – 2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Оразбек Қожамжаровпен тілдестік.
– Осы салада еңбек етіп келе жатқаныма 45-50 жылдай болды. Бұрын «Саяхат», «ӘулиеатаТрансПасс» секілді компаниялар осы бағытта адам тасып, істі жүргізе алмады. Нәтижесінде біз көптеген клиент жоғалттық.
Өйткені олар жұмысын тоқтатқанда тұрғындар өтініші негізінде «Аса-Тараз» бағытындағы қоғамдық көлік қызметін «Мерей – 2002» ЖШС уақытша көрсетіп жүрді.Үш мәрте мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысып, биыл өтінім берген жалғыз қатысушы ретінде заңды түрде «Аса-Тараз» бағыты бойынша жолаушы тасымалымен айналысу құқығына ие болдық. Бұл бағыт бойынша жолаушы тасымалдауға ешқандай компанияның жүрегі дауаламайды. Өйткені казір біз клиенттерді үйретіп жатырмыз. Сәрсенбі айналымға тағы бір көлік енеді, сол кезде автобустардың жүру жиілігі 40 минут болады. Азанғы-кешкі жолаушы саны артатын уақытта төртінші автобусты қосу ойда бар.
Мойнымыздағы міндеттеме бойынша 6-8 автобусты осы бағытта жүргізуіміз қажет болса, одан мәселе туындап тұрған жоқ. Ол үшін «Сырым Транс Ком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі көліктердің жүргізушілері Асадан адам алмауы керек. Олар транзиттік көліктер, ауылдан шыққан жолаушыларды аудан орталығына тастап, қалғанын қалаға әкетуі керек. Осы мәселе реттелсе, түйткілдің түйіні тарқатылады, – деді О.Қожамжаров.
Бет қатталып жатқанда:
«Жамбыл ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің мамандары қуанышты хабар жеткізді. Кеше «Сырым Транс Ком» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын жүргізіп отырған Қанатбек Шарбадаров жүргізушілер арасында маңызды жиын өткізіпті.
Енді аталған қоғамдық көліктер Асадан адам алмайтын болыпты.Қазір жылдан-жылға Таразда да, Асада да тұрғындар саны көбейіп, екі жақта да жұмыс орындары көптеп ашылып, екі елді мекеннің тұрғындарының бірі Тараздан, бірі Асадан нәпақа тауып жүр.
Түрлі шаруамен Тараз бен Аса арасында жүретін жолаушы қарасы да көп. Осы ретте көлденең көк аттылар нәсіпке көз сүзбесе, алдағы уақытта «Аса-Тараз» бағытындағы автобустардың жолаушылары көбейіп, іс алға басады деген үміттеміз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ