Көрсеткіш көңіл көншітпейді
Биыл облыста 644,5 мың гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдарын орналастыру жоспарланса, бүгінде жоспар нақты 611,1 мың гектарға ғана орындалыпты (94,8 пайыз). Қазір көктемгі дала жұмыстары аяқталған уақыт. Ал егіс алқабы көлемінің жоспарланған межеден төмен болуы өңірдегі кейбір аудан басшыларының жұмысты жүйелей алмауы салдарынан туындап отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.
– Бүгінде Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында жоспар толық орындалмаған. Барлық аудан әкімдіктері тарапынан аудан әкімінің қолымен бекітілген көктемгі дала жұмыстарының аяқталуы туралы ақпарат ұсынылған. Алайда көктемгі дала жұмыстарының өтуі бойынша ұсынылып отырған күнделікті мәлімет пен қорытынды ақпарат сәйкес келмейді. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданы күнделікті мәліметте майлы дақылдарды 100 пайыз егілді деп ұсынған. Ал нақты бекітіп беру сұратылған кезде аталған дақылдың егіс жоспары небәрі 71 пайызға ғана жеткен. Дәл осындай жағдай Шу ауданында да байқалды. Масақты дақылдар бойынша меже 62,9 пайызды құраған.
Өз кезегінде облыс әкімі көрсеткіші көңіл көншітпейтін аудан әкімдерінің арқайсысынан біртіндеп жауап алды. Егілетін егіс алқабының көлемі мен жердің құнарын арттырып, түсімнің мол болуына септігін тигізетін тыңайтқышты қолданудан бастап, техниканың жаңартылуына дейінгі жоспардың не себепті толық орындалмағаны сұралды.– Жыл басында нақты егілетін егіс көлемі оңтайландырылып, 138 мың гектардан 127 мың гектарға төмендетілді.
Басқарма басшысының баяндамасында майлы дақылға қатысты жоспар 71 пайызға орындалды деп көрсетілген. Жоспардың тиісті деңгейде орындалмауының басты себебі – ауданда бір шаруашылық 3 мың гектарға майлы дақыл егуі қажет болса, ол оның орнына жаздық арпа еккен. Дегенмен біз майлы дақылдарды егу жоспары бойынша 100 пайыз межеге қол жеткізе алмағанымызбен арпаның жоспары артығымен орындалды.
Басқосу барысында Ербол Шырақпайұлы алдағы уақытта да статистикалық мәліметтің дұрыстығына баса көңіл бөлінетінін, мал басының, егіс алқабының есебін артығымен көрсетуге жол берілмейтінін, мұның артында шаруалардың артығымен субсидия алуына мүмкіндік туғызатын мәселелер тұрғанын сөз етті.
– Статистикалық мәлімет жинақтауда дұрыс ақпаратты көрсетуді зерделеу бір мәрте ғана жүргізілетін науқандық іс емес. Енді үнемі осы мәселе қадағалауымызда болады. Көзбояушылық деген болмауы керек.
Жиында аймақ басшысы ауылшаруашылығы саласындағы өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесіне де тоқталды. Осы саланы дамытуда басымдық қандай іске берілу керектігін тілге тиек етті.
– Ауылшаруашылық өнімдерін тереңдетіп өңдеуде облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевпен бірлесіп жұмыс істеңіздер. Аудандарда көкөніс, жеміс-жидек көптеп өндіріледі.
Бұдан кейін жиынның күн тәртібінде осы жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанының барысы қаралып, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Нұрбол Зейнелов баяндама жасады. Екі мәселе бойынша да облыс әкімі жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Нұрым Сырғабаев