Руханият

Туристерді қызықтырған көне қала

Теріс ауылы іргесіндегі көне қала Баркуаб (Теріс аққан) орнында қазба жұмыстарының жүргізіліп жатқанына бес жыл болды. Оған басшылық жасап жүрген – «АРК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ескендірбек Төрбеков. Оның айтуынша, қазба жұмыстары барысында бұрын Бақалы ауылының зираты болған Жылқышы төбедегі ежелгі қаланың басқару орталығының астыңғы қабатынан 12 метрлік құдық табылған. Бидай сақтайтын бірнеше қамбаның орны анықталған. Бұл осыдан екі мың жыл бұрын осында өмір сүрген адамдардың егін салып, астық жинаумен айналысқанын көрсетеді.

– Қазба жұмыстары барысында бөлмелердің бірінен адамның бассүйегі табылды. Шетелдік ғалымдар ол бассүйекті зерттеу барысында маңдайының кеңдігіне, басқа да ерекшеліктеріне қарап, оның сарай қызметкері немесе осы елдің билеушісі болған деген жорамал айтуда. Сондай-ақ тарихи орыннан осыдан 18 ғасыр бұрын пайдаланылған көмір қалдықтары да табылып отыр. Осының бәрін назарға ала отырып, бұл ортағасырлық Баркуаб қала жұртының астындағы қалашықтың атауы Битьян болуы да мүмкін.

Ол біздің дәуірімізден 2000 жыл бұрынғы кезеңді қамтиды, – дейді Е.Төрбеков.
Бүгінгі таңда қала орнынан табылған көне жәдігерлер Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізіліп, тұрғындардың ерекше қызығушылығын туғызған. Мұнда тас дәуірінің белгісіндей болып дән өңдегіш астаулар, темір дәуіріндегі майшамның тұғыры, әйелдер таққан моншақтар да бар. Жапон ғалымдары Баркуабтан табылған жәдігерлерге жүргізген зерттеуден кейін ондағы тарихи мұралардың кемі 1 448 жыл бұрын пайдалануда болғанын анықтаған.

Орта ғасырларда елімізде Ұлы Жібек жолы бойында сауда мәдениеті жақсы дамығаны белгілі. Сол Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалар тез дамып, өркен жайғанын тарихтан жақсы білеміз. Мәселен, екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласы сол тұста ірі сауда орталығы болса, айналасындағы шағын қалалар да сонымен бірге дамып, гүлденген. Бұл қала жұрты облыстық энциклопедияда Бурнооктябрь қала жұрты болып аталып жүр. Қала VI және ХІІ ғасырларға жатады. Араб жиһангерлері қаланы өздерінің еңбектерінде Баркуаб қаласы деп көрсеткен. Ал мұнда табылған жәдігерлерге қарап, тарихшылар Баркуабтың Тараз қаласынан 150-200 жыл үлкен екенін айтуда. Қазір Жуалы ауданы аумағында оннан астам ескі қала орны анықталған. Бірақ казба жұмыстары жүргізіліп жатқан – осы бір ғана қала жұрты.

Осы күнге дейін түрен тимеген аудандағы көне тарихтың қатпарын ашуға әуесқой тарихшы, бір кездері ауданды басқарған Бақтияр Көпбосынов тікелей бастамашы болғанын айтпай кетуге болмайды. Сол сәтте-ақ қала жұртына жүргізілген алғашкы барлау жұмыстары оң нәтижесін берген еді. Ауылдың әр тұсынан бұрғылау салынып, орлардан көптеген көне тұрмыстық заттың сынықтары шықты. Арасында бүтін заттар да кездесіп қалады. Ол заттар қаланың жасын анықтау үшін Жапония зертханасына жіберілді. Енді міне, бүгінгі таңда көне қала жұрты көптеген тарихшының қызығушылығын арттыруда.

 


Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы Сауран Қалиев бұл жерден табылған ыдыстар біздің заманымыздың І және ІІ ғасырлары мен біздің заманымызға дейінгі ІІ және I ғасырларға тиесілі екенін алға тарта отырып, қала астында тағы бір қаланың барын айтқан еді. Ортағасырлық қала жұртының шығыс жағындағы Жылқышы төбені қазу барысында облыс тарихшыларының болжамы расталды. Қала жұрты жоғарыдан, яғни төбенің басынан бастап төмен қарай қазылып жатқандықтан оның жоғарғы қабатының қабырғаларының алтыдан бір бөлігі ғана аршылған. Төрт жыл қазу барысында ежелгі ғимаратты бүлдіріп алмас үшін кіретін есікті іздеген. Археологтар өткен жылы ол есікті тапты. Енді сол есіктен кіріп, ішін бос топырақтан аршып тазартпақ. Осы ретте бір атап өтерлік нәрсе, ежелгі ғимарат мүлдем бүлінбеген.


Бір деректер мұнда басқару орталығы болған деседі. Жалпы онда алты бөлік бар. Барлығы келушілер назарын терең тарихқа тартады. Кейбір бөліктер екі қабаттан тұрғызылған. Қалашық әлі де зерттеуді қажет етеді. Қалашықты қазуға Жуалы аудандық бюджетінен 2018 және 2019 жылдары он-он миллион теңгеден, ал 2020 жылы  6, 2021 жылы бар болғаны 5 миллион теңге бөлінген. Одан бергі уақытта қазу жұмыстары тоқтап тұр.Қазба жұмыстары басталғалы бері үш мың турист келіп, қала жұртымен танысыпты. Олардың ішінде Ресей мемлекетінен, Атырау, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан, Шымкент, Тараз қалаларынан, басқа аудандардан келгендер де бар. Оның ақиқаты қала аумағы толық ашылып, қала жұртының соңғы қабатына, яғни еденіне жеткенде анықталмақ. Алла қаласа, қаланың жасын анықтап, өмір сүру кезеңін жариялайтын да уақыт алыс емес деп ойлаймыз. Олай болса, алтын тарихымыздың қорына тағы бір көне қала жұрты қосылып, «Ботай» қонысындағыдай тың жаңалық әлемге Қазақстанды жаңа қырынан танытады деген сенім бар.

Диас Құлибай, 
М.Х.Дулати
 атындағы
 Тараз өңірлік
 университетінің
 3-курс студенті