Алғыс арқалаған дәрігер
Науқастары «дәрігер Досболов» немесе «нағыз невропатолог» деп атап кеткен кейіпкеріміз расында да ақ халатты абзал жан деген теңеуге лайық маман.
Дәрігер-невропатолог Нұрлан Досболов Жаңатас қаласында дүниеге келген. Он бір жылдан бері науқастардың дертіне шипа сыйлап жүрген маман бүгінгі күні жаңадан ашылған әлеуметтік оңалту орталығында бас реабилитолог, сондай-ақ №9 қалалық емханада балалар дәрігері болып еңбек етеді.Жандүниесі мейірімділікке толы Нұрлан осы уақытқа дейін талай жанның алғысын арқалаған. Әсіресе пандемия кезінде коронавируспен ауырған науқастардың өмірін сақтап қалу жолында қажырлы еңбек атқарған. Айтуынша, сол бір қиын кездері алдына келген науқастардың 90 пайызы коронавирус індетінен аман қалған екен.
– Неврологиялық ауруларға шалдыққандар өте көп. Күнделікті өмір салтымыз өзгеріп кеткен. Тамақтануымыз да нашар. Жоғары толқынды байланыс құралдарының көбеюінен, күйбең тіршілікпен уақытымызды дұрыс пайдаланбағандықтан ауру түрі асқынған. Алдыма ересектер де, кішкентай балалар да көп келеді. «Стресс», «депрессия» деген ұғым бүгінгінің адамдарына тән болды. Байқасаңыз, қазір қоғамда арты адам өліміне әкелетін оқыс оқиғалар жиілеп кетті.
Білікті невропатологтың айтуынша, дені сау әйел өмірге дені сау баланы әкеледі. Жауапкершілік – ана мен әкеде. Маманның сөзінше, елімізде жастар үйленетін кезде денсаулықтарын толық тексертіп, кінәраты болса, емделіп барып отау құрғандары дұрыс.– Дерті жанына батқан балдырғандарды көргенде жүрегім қан жылайды. Маман деп сеніп келіп отырған соң әлсіздігімді білдірмесем де, іштей өкініштен өзегім өртенеді. Қаназдықпен, бүйрек ауруымен ауыратын қыз-келіншектер емделмей жатып босана береді. Сосын қайбір сау бала өмірге келеді.
Нұрланның жары Гүлшат Сайлау екеуі 4 қыз тәрбиелеп отыр. Дәрігер айтқандай-ақ, бастың шыдатпай ауруы немесе айналуы, мигрень, эпилепсия сынды сырқат түрлері көпшілікті мазалайды. Жүйке ауруларының күн санап көбейіп, күрделеніп отырғанын өмірдің өзі де, дәрігерлік деректер де дәлелдеп отыр.Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтардың 70 пайызы түрлі неврологиялық ауруларға шалдыққан. Күн санап жүйкесі тозғандар саны ұлғайып келеді. Бұл аурулардың соңы адасушылыққа алып келеді. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін күйзеліске ұшырап жүр. Көшеде көңілсіз кетіп бара жатқандардың қарасы көп. Әрқайсысының басында бір мұң. Сонда бұл дертті жеңудің жолы жоқ па? Біз осы сұрақты дәрігерге қойып көрдік.
– Адам көп жағдайда өзінің стреске түскенін байқамай жатады. Алайда күйзеліс созылмалы аурулардың асқынуына алып келеді. Сондықтан қай кезде де күйзеліске түссеңіз, ішіңізден жиырмаға дейін санап, сабырға келуге тырысыңыз. Ол көмектеспеген жағдайда терең тыныс алып, денені шынықтыру керек. Бірақ спортқа бұрыннан икеміңіз болмаса, онда әсерлі ән тыңдап, демалған дұрыс. Өз-өзіңізбен сырласудың тағы бір тамаша жолы – таза ауада тыныстау. Жаяу жүріп, айналаның сұлулығына тамсану да ашуды қайтаруға септігін тигізеді. Сонымен қатар өзіңізге ұнайтын тәтті тағамды жеңіз. Басыңыздан өткен жағымды оқиғаларды көз алдыңызға елестетіңіз. Сол арқылы өзіңізге күш жинаңыз. Болмашы оқиғаларға ашуланбауға тырысыңыз.
Тәжірибелі дәрігерді көршілері, туыстары да іздеп келіп, ем көрсетуін сұрайды екен. Ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтың болашақта халыққа тегін қызмет көрсететін жеке емхана ашсам деген ойы бар.
Эльмира Байназарова