Денсаулық

Меңді алдыртқан дұрыс па?

Сән индустриясының дамып, алға озып кеткені соншалық, кейбір нәзікжандылар бетіне қарақаттай етіп жасанды қал қойдырып жатса, кейбірі ажарын кетіріп тұрған меңін алдыртып әлек. Негізі беттегі немесе денедегі қалды алдырған дұрыс па? Бұған мамандар не дейді? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Адам денесінде қал мен меңнің кездесуі қалыпты жағдай. Ғалымдар жер бетіндегі Қалдыбай мен Меңдігүлдердің санын нақты айта алмайды. Есесіне зерттеушілер мең мен қалдың 300-дей түрін анықтап, денедегі әрбір даққа ғылыми тұрғыда бағасын берген. Қал туабітті немесе жүре пайда болуы мүмкін. Бет әлпетінде кездесетін мең кейбір адамдарға жарасып-ақ тұрады. Ал кейде қал тым ыңғайсыз жерде орналасып, көлемі үлкен болса, ол адамға, әсіресе әйел заты үшін кемшілікке айналады. Сондықтан одан құтылудың жолын іздейді. Десе де көп адамдар меңін алдыруға асықпайды. Өйткені оны Алланың сыйы және өзінің басты ерекшелігі деп санайды. Ел ішінде тіпті меңді «періштенің өпкені» (поцелуй ангела) деп те атайды. Бүгінде қалдың нүктедейінен, қарақаттай, тіпті алақандайына дейін алып тастаудың түрлі әдістері дамыған. 

Мең адам денесінде кездесетін қатерсіз өспелер болғанымен дерматологқа жүгінуге тура келетін, назар аударуды қажет ететін түрлері де бар. Белгілі бір факторлардың әсерінен мұндай меңдер қатерлі ісікке айналуы мүмкін. Мәселен, ультракүлгін сәулеленудің шамадан тыс әсерінен тері зақымданып, әртүрлі тері ісіктері пайда болады. Сондықтан меңіңізді алдыртамын деп абайсызда басыңызға бәле тілеп алмаңыз. Бүгінде танымал блогерлердің жарнамасының әсерінен елімізде жаппай қал алдырту үдерісі басталып кетті. Алайда меңді жою сырт көзге ғана оңай іс. Қауіпсіздікті сақтамасаңыз, қалдан құтыламын деп жүргенде қатерге ұшырауыңыз ғажап емес. Бұл жайында алдымен маман кеңесіне жүгінгеніңіз абзал.Тақырып аясында облысқа танымал дерматовенеролог дәрігер Сабыр Мамедахуновпен сөйлескен едік. Сабыр Хабибуллаұлы 27 жыл бойы облыстық тері-венерологиялық диспансерінде еңбек еткен. Тек соңғы бес жылда жекеменшік клиника ашып, жұмысын жалғастыруда. Тәжірибесі мен білімі мол ақ халатты абзал жанның алдына келетін науқас көп. Емделушілердің басым бөлігі тері ауруларына қатысты мәселе бойынша жүгініп жатады.

– Қал мен меңді медицина тілінде «невус» деп атайды. Ол денсаулық үшін қатерлі емес, ісік түріндегі кішігірім ақау. Алайда кейде асқынып, қатерлі ісікке айналуы ықтимал. Нәрестелерде болатын қарақошқыл, көк қал «гемангиома» деп аталады. Көбіне шақалақ дүниеге келгенде жамбас жағында, арқасында не аяғында болады. Ырымдап, жақсылыққа балап жатамыз. Кейде гемангиома да қатерлі болады. Алдымызға келген емделушінің қалын арнайы аппаратпен тексереміз. Цифрлы дерматоскоп қалдың қатерлі не қатерсіз екенін анықтап береді. Ол қалды алуға бола ма, жоқ па, соны бақылаймыз. Қал бір диаметрден асса, міндетті түрде онколог маманға жібереміз. Косметикалық клиникалардағы дәрігерлерде меңнің күдікті сипатта екенін бірден аңғаратындай біліктілік әрқашан бола бермейді. Егер қалды алып тастау косметикалық клиникаларда дұрыс емес әдіспен жүргізілсе, соңы үлкен мәселеге айналады.

Қытай ғалымдары меңнің орналасу ретіне қарай адам өміріне әсерін тексеріпті. Денедегі әрбір қалдың өз айтары бар екен. Бірі денсаулығыңыздан сыр шертсе, бірі байлыққа, енді бірі жақсылыққа бастайды деп жорамалданады екен.Көбіне ашық, ақ сары түсті адамдарда қалдың көбеюі орын алады. Терісі қара адамдарда қал көп шықпайды екен. Күн көзінде ұзақ жүру қал санының артуына әкеледі. Денеңізден, бетіңізден жаңа шыққан меңді байқасаңыз, онда күн көзінде көп жүргендіктен деп біліңіз. Ультрокүлгін сәулесі адам терісіне керісінше әсер етеді.


Дәрігердің айтуынша, меңнің пішінін немесе түсін кенеттен өзгертуі қалыпты жағдай емес. Ол үшін тексеру кезінде келесі белгілерге назар аудару керек. Соңғы айларда меңнің түсі немесе көлемінің өзгеруі болды ма? Мең айналасындағы терінің қызаруы байқалды ма? Немесе мең қанады ма? Адамдар ең басты осы үш факторға назар аударуы қажет.Онкологтар атап өткендей, тері меланомасы өте қатерлі. Бүгінгі күні облысымызда меланомамен 71 науқас есепте тұр. Сырқаттану көрсеткіші – 0,8 пайыз. Меланома ауруынан 6 адам қайтыс болған. Сондықтан теріңізде кішкентай болса да өзгеріс орын алса, дәрігердің, тиісті мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс.


Мең де адамның бір бөлшегі. Оны алдыртуға асықпаңыз. Қал астында қатер бар екенін ұмытпаңыз. Әсіресе жаз шығып, елдің бәрі жағалауға құмартып, күнге қыздырынып жатқанда меңі көптер ультракүлгін сәулелерден сақтанғаны жөн. Қорыта айтқанда, денсаулығымды сақтаймын деген саналы адам егер денесінде жаңа қал пайда болып немесе бұрынан бар қалының түсі, пішіні өзгеріп, көлемі ұлғая бастаса, міндетті, түрде дәрігердің кеңесіне жүгінуі қажет. Сол сияқты ұзақ уақыт жазылмайтын жаралар, қан кететін немесе әдеттен тыс сұйықтық ағатын меңдер болса, құрылымы өзгерсе, қышып, ауырсынып, ұйығаны байқалса, бұған да көз жұмып қарауға болмайды. 

Эльмира Байназарова