Дін

Қасиетін қадірлей алмаған ел қасіретке ұшырайды

Қазақстан аумағында ертеден тамырын терең жайған ислам діні тәуелсіздіктен соң қайта түлеп, қазір елдің қоғамдық-саяси өміріндегі өз орны мен маңызын айшықтай түсуде. Ислам жергілікті халықтардың сенім жүйелерімен, құқықтық және адамгершілік заңдылықтарымен, философиясымен, мәдениетімен араласып әрі олардың әсеріне ұшырай отыра, өзі де ықпалын тигізді. Соның нәтижесінде ол өзі тараған аумақтардағы халықтардың салт-санасына етене кіріп, діни-рухани, мәдени құндылықтарының біріне айналды.

Ислам діні адамзатты бейбітшілікке, татулыққа, ынтымаққа, ізгілікке, әділдікке, тазалыққа, тура жолға үндейді. Осы дінді ұстанудың, бабалар дәстүрін жалғастырып, халықтар арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтудың, өскелең ұрпақты тәрбиелеудің демократиялық негізгі бағыты мен маңызы Ата заңымызда көрсетілгендіктен де біз зайырлы мемлекеттер санатына жатамыз. 
Жоғарыда атап өткендей, дін саласында мақтанып айтатын оң өзгерістермен қатар, көлеңкелі жағдайлардың да бар екені рас. Мәселен, соңғы кездерi «діни экстремизм» терминін жиi естiп жүрміз. Діни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын діни ұйымдар адамзат баласына қауіп төндіреді. Олар өз мүдделерін жүзеге асыру үшін небір озбыр әрекеттерге барып, қоғамда алауыздық тудырып, тыныштықты бұзуда. Бұл ағымдардың ата-бабаларымыздың сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан салт-дәстүрлеріне шүйлігіп, «Батадан кейін бет сипауға болмайды, ол бидғат», «Келіннің сәлем салуы – ширк», «Домбыра тарту – күнә» деген секілді «жерден жеті қоян тапқандай» жаңалық ашуы қалыпты үрдіске айналды.

Осы пікірлерге ілесіп, дәстүрлі құндылықтарды ерсі көріп, қырын қарайтындар пайда бола бастағаны да жасырын емес. Ал мұның мемлекетіміздің ынтымағына, ауызбіршілігіне қатер төндіріп, мұсылмандардың татулығына сына қағары белгілі. Себебі көптеген мемлекетте осындай біржақты түсініктердің нәтижесінде мұсылмандар арасында түрлі түсініспеушіліктер орын алып, арты дау-дамайға ұласуда.Исламды зерттеп жүрген ғалым-сарапшылар Қазақстандағы діндар жамағаттың ағымдарға бөліну себептерін алдымен әлеуметтік факторлармен байланыстырады. Яғни өмірден орнын таппаған, тұрмыс-тіршілігі нашар адамдар көп жағдайда көңіл жұбаныштарын діннен табуға тырысады. Осы оңтайлы жағдайларды өз мақсаттарына пайдалануға ұмтылған радикалды идеологияны таратушылар өз орнын таппай жүргендерге Құран сөздерін өздеріне қажетті мазмұнда түсіндіріп, саналарын улайды. Осылайша «тығырықтан шығар жолды» көрсеткен болады.Жалпы экстремизм деген терминге қазіргі әлем ғалымдары мен сарапшылары түрлі анықтама береді. Бір анығы, ол қоғамға, мемлекетке және жалпы әлемге қауіп төндіретін құбылыс. Ал соның ішіндегі діни экстремизм дегеніміз – дәстүрлі дінді бұрмалап, жат «идеяны» белсенді насихаттау, зайырлы жүйеге қарсы әрекет ету. 

Діни экстремизм мен терроризмнің Ислам дініне немесе басқа да бір дінге ешқандай қатысы жоқ. Ислам сөзінің өзі араб тіліндегі «салам», «тыныштық», «бейбітшілік» деген ұғымдарды білдіреді. Ислам дінінде терроризм, экстремизм немесе қысым көрсету, зорлық жасау, адам өміріне қарсы, қоғамға қауіп төндіретін әрекеттерге жол берілмейді. Әрі ислам басқа да дәстүрлі әлемдік діндер сияқты адамдарды тек жақсылық жасауға шақыратын дін. Қазақстан Республикасының экс-президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Сындарлы он жыл» атты кітабында: «Әлемдегі лаңкестіктің түпкі себебі – дамудың теңсіздігінде жатыр», деп атап көрсетілген. Дегенмен діннің бөлінуші, іріткі салушы емес, керісінше елдің етегін жабатын ұйытқы, мемлекетті дағдарыстан құтқаратын, халықты рухани бірлікке шақыратын фактор екенін алға тартады. 

Негізінде исламның бағыты бейбітшілік, ауызбіршілік, бітімгершілікке саяды. Яғни экстремистердің, радикалистердің, террористердің белсенділігін басу үшін ауызбіршілігімізді нығайтуымыз керек. Діни экстремизммен күресте ең маңызды қадам – діни сауаттылық. Діни сауатты болу үшін бір діни курсты бітіру ғана шарт емес. Діни сауаттылық ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені қазақ тарихына үңілген кез келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді. 

«Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің болады». Қасиетін қадірлей алмаған ел қасіретке ұшырайды. Мұны тарихтан жақсы білеміз. Дін – рухани азық, білмегенге – от. Ал оттан өрт шығады. Біз кеше тоталитарлық заманның сұмдықтарын көрдік, басымыздан кештік. Қазақпын деп те айта алмадық. «Ана тілім – қазақ тілі» деуден жасқандық. Қазір тіліміз туралы да, еліміз жайлы да еркін айта аламыз. Жаңа заман келді. Тәуелсіздіктің арқасында осындай бақытқа бөленудеміз.Бүгінгі күнде ислам атын жамылып, қоғамға жат әрекеттер жасап жүрген түрлі теріс діни ағымдардың тигізіп жатқан зардаптары да жетерлік. Біздің кейбір жастарымызды елімізге ентелей енген жат ағымдар уаххабилік-сәләфилік өз жетектеріне ертіп әкетуде. Сондықтан бізге ең алдымен рухани білім керек. Осы білім арқылы ғана біз ненің ақ, ненің қара екенін саналы түрде айыра аламыз. Қоғам болып жұмылып, рухани тәрбиенің бірден-бір көзі болып саналатын дінімізді сақтап, қорғап, мұсылманшылық пен имандылықтың өркен жайып, халыққа қызмет етуіне себепші болайық.

Бексұлтан Бекмолдаев, 
облыс бойынша 
қылмыстық-атқару жүйесі
 департаменті №58 мекемесінің
 инспекторы,
 әділет лейтенанты