Әскерилерге психологиялық көмек көрсету жеңілдеді
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының штабында әскери қызметкерлерге психологиялық көмек көрсету кабинеті ашылды. Бір қарағанда, бұл жаңалық кәдімгі оқиға секілді көрінгенімен әлеуметтік маңызы ерекше. Мұндай бөлме Құрлық әскерлерінің басқа өңірлік қолбасшылықтар арасында алғаш рет пайдалануға беріліп отыр. Әдетте психологиялық көмек көрсету кабинеттері тек әскери бөлімдерде ғана жұмыс істейді. Олар бұрын жоғары деңгейдегі штабтарда қарастырылмаған.
Аталған кабинет қолбасшылық бөлімдеріндегі әскери психологтар жұмысының міндетті элементі болып саналады. Психологиялық көмек кабинеті үшін жеке бөлмелер бөлінген. Бұл бөлмелер – әскери қызметшілерге ойын тынықтыруға, рухани демалуға, күштерін жинақтауға мүмкіндік беретін орта.Психологиялық көмек бөлмелері мерзімді әскери қызметшілер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге арналған. Яғни қызмет барысында ауыр моральдік және физикалық күйзеліске ұшыраған, демалыс пен қолдауды қажет ететіндерге осында көмек көрсетіледі.«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бас психологі, подполковник Ақмарал Төлеутаеваның айтуынша, кез келген адам психологиялық қолдауға зәру.
Әскери психологтар психологиялық көмек көрсету бөлмесінің дизайнын өздері жасады. Мұнда жұмсақ орындықтар мен диван, тірі балықтары бар аквариум, хош иісті майлары бар бөтелкелер мен шамдар, жұмсақ ойыншықтар, спиннерлер, түрлі үстел ойындары және өзге де құрал-жабдықтар қойылған.Ержүрек, батыл ер-азаматтар қызмет ететін әскери салада психологиялық көмек бөлмесін ұйымдастыру сырт көзге күлкілі көрінуі мүмкін. «Қалай сонда, жүрек жұтқан жігіттер қызмет ететін әскери ұйымда балалар ойыншықтары бар бөлме бар ма?» деп кейбіреулердің сынауы ғажап емес. Бірақ әлемге танымал психологтардың кітаптарында, ақыл-кеңестерінде қызметкерлер қатты күйзеліске ұшыраған жерде тыныштық пен тыныштық бұрышы қажет екені анық жазылған.
– Қызметтің оңайы жоқ. Қандай сала болмасын жұмысшысы қызмет барысында күйзеліске түсуі бек мүмкін. Сондай жағдайда өзі қызмет ететін ұйым не мекемеде қолжетімді психологиялық көмек бөлмесі тұрғаны жөн. Жұмыстан шаршаған, рухани қажыған қызметкерге бірнеше минуттық тыныштық керек.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының штаб-пәтерінде психологиялық көмек көрсету кабинетінің ашылуы әскери психолог, академиялық білімі бар офицер, подполковник Ақмарал Төлеутаеваның алғашқы пайдалы бастамасы емес. Ақмарал Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университетінде оқып жүргенде психологке арналған мобильді сөмке жасауға бекініп, ойын жүзеге асырған.Ұзақ жаттығулар кезінде психологиялық көмек бөлмелерін жаттығу алаңдарына апаруға болмайды. Бірақ психологиялық көмекке мұқтаж сарбазға көмектесу үшін қажеттінің бәрін орналастыра алатын портативті сөмкелермен алмастыруға болады.
Әзірленген мобильді сөмке үшін психолог Ақмарал Төлеутаеваға патент берілген. Мұндай сөмкені Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ғана емес, басқа да әскери құрылымдардың психологтары өз жұмыстарында сәтті пайдалана алады.
Ақтоты Жаңабай