Қарулы күштердің сенімді резерві
13 маусым – Аумақтық әскерлердің құрылған күні. 2017 жылғы 13 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойылған болатын.
Аталған нормативтік құқықтық актінің негізінде аумақтық әскерлердің құрамаларына Қарулы Күштердің аумақтық әскерлері мәртебесі берілді. Құжатта Қорғаныс министрлігінің аумақтық әскерлерді басқарудағы өкілеттіктері мен оларды ұстап тұру жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың функциялары бекітілген.Аумақтық әскерлер қалыпты уақытта қысқартылған штат бойынша жұмыс істейді. Қажеттілік туындағанда төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету, сондай-ақ табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жоюға жұмылдырылады.
Облыстық аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Әлжан Хамзиннің айтуынша, аумақтық қорғаныс бригадаларының маңызды міндеттерінің бірі – төтенше жағдай кезінде облыстың әлеуметтік маңызды объектілерін күзетіп, сол арқылы тұрақты армияны бұл міндеттерден босату.
Облыстағы аумақтық қорғаныс бригадасы 2018 жылдың желтоқсан айында құрылды. Ол облыс әкімінің бөлімшесіне айналды. Аумақтық қорғаныс аймағының басшысы болып облыс әкімі тағайындалады. Жергілікті атқарушы органдар аумақтық әскерлерді ұстауды және оларды материалдық-техникалық құралдармен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Бірақ әскери мәселелерде әскери қорғаныс бригадасының командирі ҚР Қарулы Күштердің аумақтық әскерлерінің органдарына бағынады.
Қазіргі уақытта облыстың аумақтық қорғаныс бригадасы оңтүстік өңірдің тағы үш резервтік бригадасымен, атап айтқанда, Түркістан және Қызылорда облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласымен бірге «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің құрамына біріккен.
А. Бекенқызы