Жаңалықтар

Ескерткіш маңы тазаланды

«Ауылына қарап, азаматын таны» деген жақсы сөз бар. Ендеше әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті әрі көрікті болуы ауыл тұрғындарының жанашырлығына тікелей байланысты. Өйткені тазалық пен тәртіп кез келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындар мәдениеттілігінің өлшемі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан орталығы Мойынқұм ауылының кіреберісінде орналасқан «Керей мен Жәнібек» ескерткішінің маңы мен заманауи үлгіде, сәні жарасқан «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» жазуының айналасындағы қоқыстар тап-тұйнақтай тазартылып, шөптер шабылып, ауыл ажары ашыла түсті.
Аудан орталығында жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарына ауыл тұрғындары, спортшылар мен жастар бір кісідей жұмылып, тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Тазалықты жанына серік еткен мойынқұмдықтар бұл жолы белсене атсалысты. 


Жалпы атқарылған жұмыстардың көлемі 100 шаршы метр ауланы тазалау, ескерткіш маңындағы ағаш және бағаналарды әктеу, сырлау жұмыстарынан тұрды. Акция барысында 25 ағаш, 15 бағана әктеліп, сырланды.

Алуа Үмбетқұлова, 
журналист,
Мойынқұм ауданы