Тұрғын үй құрылысы қарқынды
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқыны мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Спикердің айтуынша, биыл «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында 12,3 миллиард теңге бөлініп, 2 909 пәтерлік 56 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.– Тараз қаласында 2 531 пәтерлі 50 әлеуметтік тұрғын үй құрылысы жүруде. Қордай, Сарысу, Талас, Шу аудандарында 1-2 үйден салынуда. Жыл соңына дейін 54 үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр, оның 49-ы Тараз қаласында.
Жеке инвестиция есебінен жыл соңына дейін 1 750 пәтерлік 15 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, 750 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша, жеке инвестиция арқылы пилоттық жоба бойынша 60 пәтерлік 1 жалдамалы үй және 280 пәтерлік 6 тұрғын үй құрылысы аяқталған. Жалпы бюджет қаражаты мен жеке инвестиция есебінен барлығы 215,7 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілген.
Сондай-ақ биыл 70 инженерлік инфрақұрылым жобасын жүзеге асыруға бюджет қаражатынан 8,3 миллиард теңге бөлінген. 9 ауданда жыл соңына дейін 3,3 миллиард теңгеге 13 инфрақұрылым нысаны салынса, А.Асқаров көшесінің соңындағы ауданда 351 жер учаскесі жеке құрылысқа беруге дайын болады. Облыс және аудан орталықтарын газ, сумен қамту, жол және кәріз желілерін тарту бойынша бірқатар жоба бітсе, республикалық маңызы бар «Тараз» индустриялық аймағында бес жобаның құрылысы басталады, ол келесі жылы аяқталады.
Диас Құлибай,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік
университетінің 3-курс студенті