Жаңалықтар

Жұртшылық жұмыспен қамтылуда

Облыста биыл жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 67 373 жұмыс орнын ашу жоспарланса, есепті кезеңде 24 940 жұмыс орны құрылыпты. Өңірлік карта аясында 31 746 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген екен. Субсидияланатын жұмыс орындарына 15 197 тұрғынды орналастыру жоспарланса, қазіргі таңда 11 889 әулиеаталық жұмысқа тұрған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бекболат Мұқанов айтып берді.

– Қысқамерзімді 3 айлық кәсіптік оқыту курстарына 1 291 адамды оқыту жоспарланды. 2 610 жұмыссыз онлайн оқыту курстарынан өтіп, 2 421-і қолына сертификат алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 21-35 жас аралығындағы өрендерге 2,5 пайызбен шағын несие берілуде. Осы жылға облыс бойынша 362 адамға 1 миллиард 810 миллион теңге көлемінде шағын несие беру қарастырылса, 1 008 азаматқа 1448,6 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру жоспарланды.


2024 жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 55 423 тұрғынды қамту жоспарланып, осы мақсатта 4,8 миллиард теңге қаржы қарастырылыпты. Есепті кезеңде атаулы әлеуметтік көмек 27 661 адамға тағайындалса, бұл бағытқа бөлінген қаржы 1349,4 миллион теңгені құраған. Халықтың осал тобына жататын азаматтардың жекелеген санаттарына атаулы және мереке күндерге орай, яғни      6 981 азаматқа 899 659 мың теңге біржолғы көмек берілген.

Басқарманың мүгедектермен және ардагерлермен жұмыс бөлімінің басшысы Нұрбек Алтынбековтің айтуынша, мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік жағынан қорғау жұмысы жүйелі жүргізілуде. Бүгінде өңірде 45 715 мүгедектігі бар адам тіркелсе, бұл облыс халқының 3,7 пайызын құрайды екен. Мүгедектігі бар адамдарды жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларына 4,3 миллиард теңге, әлеуметтік қызметтер алуы үшін 2,2 миллиард теңге бөлініпті.

Аят БӘТЕЙ,
М.Х.Дулати атындағы
 Тараз өңірлік университетінің
 3-курс студенті