Білім

Мемлекеттік білім грантының да сұрауы бар

Мектеп бітірген түлектің ең үлкен арманы – өзі қалаған мамандығы бойынша грант жеңіп алу. Он бір жыл алған білімнің сыналар сәті де осы. Ата-ананың, ұстаздың үмітін ақтап, білім грантын жеңіп алса, дәл қазір одан бақытты адам жоқ. Білім қуған талапты оқушының грантқа түсуге мүмкіндігі мол. Бұл – мемлекеттің білімге ұмтылғандарға қамқорлығы. Алайда «судың да сұрауы бар». Грантты жеңіп алған түлекке қойылатын талап та жоқ емес. Бір сөзбен айтқанда, грантпен оқығандардың барлығы оның қайтарымын кемінде 3 жыл еңбекпен өтеуі тиіс.

Жалпы білікті маман даярлау қай кезде де маңызды мәселе, қатаң талап. Қажетті мамандықты игерген жастардың қызметке орналасып, ел игілігі үшін еңбек етуі қажет. Білім грантын жеңіп алған оқуға селқос қарап, оқу орнын тәмамдаған соң басқа салада қызмет етіп жүретін студенттер аз емес. Облыста білім грантының игерілуі қай деңгейде, жас мамандардың оқуын аяқтаған соң жұмыспен қамтылу мәселесі қалай шешілуде? Жақында облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында осы және білім саласына қатысты өзге де бірқатар өзекті мәселе талқыланды.Жиында алдымен облыс әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Айдын Досыбаева баяндама жасап, «2024-2025 оқу жылына жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы» облыс әкімдігінің қаулы жобасын таныстырды. Баяндамашының айтуынша, аталған қаулы жобасы «Білім туралы» ҚР Заңының 6-бабының 2-тармағының 8-тармақшасына сәйкес әзірленген.

– Заңға сәйкес білім беру саласындағы жергілікті өкілді және атқарушы органдар «жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын» бекітеді. Қаулы жобасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделеріне қарсы келмейді.Жергілікті атқарушы органның грант беру бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған болжамды қажеттілік негізінде талдау жасалып, өңірге қажетті мамандықтар тізбесі анықталды. Қосымша облыс әкімдігінің басқармаларынан да қажеттілік жинақталды.Жүргізілген талдаулардың қорытындысын талқылай келе, конкурстық комиссия мүшелері жергілікті бюджет қаражаты есебінен берілетін гранттарды еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, 2024-2025 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді педагогикалық, ауылшаруашылығы және биоресурстар, денсаулық сақтау және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандарын даярлауға беру қажет деп шешті. 

Қаулы жобасы «Электронды үкімет» жүйесінің «Ашық НҚА» порталына орналастырылды. Сондай-ақ облыстық қоғамдық кеңеске, облыстық кәсіпкерлер палатасына келісім алу үшін жолданды. Жоғарыда аталған мәселе негізінде қаулы жобасы облыс әкімдігінің қарауына енгізуге ұсынылады, – деген Айдын Орынбекқызы алдағы оқу жылына жоғары білімі бар (бакалавриат) кадрларды даярлауға арналған мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына тоқталды.Айтуынша, облыста 2024-2025 оқу жылында бакалавриат кадрларды даярлауға мемлекетке 30 білім беру грантына тапсырыс беруге шешім қабылданған. Тарқатып айтқанда, жергілікті бюджеттен жалпы медицина, физика пәні мұғалімдерін, математика мұғалімдерін даярлауға, ақпараттық технологиялар мамандығына, су ресурстары және суды пайдалану саласына, өсімдікшаруашылығы мамандығының әрқайсысына 5 білім гранты қарастырылып, маман даярлауға мемлекетке сұраныс жіберілген. Мақсатты білім грантын иеленетін түлектер Ұлттық бірыңғай тест қорытындысымен анықталады. Сонымен қатар жол жүруге өтемақы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне, магистранттарына жылына екі рет қысқы және жазғы каникул кезеңінде 4 еселенген айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінде төленеді.

Ал 2024-2025 оқу жылына жоғары орнынан кейінгі резидентура білімі бар медицина кадрларын даярлауға арналған мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысының саны 80 грантты құрайды. 
Өз есебінде Айдын Орынбекқызы өткен жылдардағы игерілмей қалған нысаналы білім гранттарының жай-жапсарын да сөз етті.– Жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орнына 2020-2023 жылдар аралығында 145 мемлекеттік білім беру гранты берілген. Нақтылап өтсем, 2020, 2021, 2022 жылдары 30 орыннан, 2023 жылы 55 орын бөлінді. Оның ішінде 25 орын қос дипломдық білім беру бағдарламасы бойынша қарастырылған. Осы жылдар аралығында гранттардың 38-і, атап айтқанда, 2020 жылы – 4, 2023 жылы 34 орын кері қайтарылды. Оның ішінде 25 орын қос дипломдық білім беру бағдарламасына қатысты. Ал 2020 жылы кері қайтарылған төрт орынның екеуі дінтану және теология, екеуі биология мұғалімдерін дайындау және ақпараттық технологиялар мамандықтарына қатысты болған. 


Қойылған сұрақтарға жауап берген Айдын Орынбекқызы өткен жылы оқуды жас мамандар тек бір мамандық бойынша бітірсе, биыл аяқтағалы отырған 22 түлектің 11-і педагогикалық мамандықтар бойынша білім алғанын айтты. Бір айта кетерлігі, биыл оқуын тәмамдайтын осы 22 баланың барлығы да М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде білім алып жүр. Сондай-ақ А.Досыбаева оқуын аяқтаған алғашқы түлектердің 50-60 пайызы ғана қызметке орналасқанын айтты. Бұл мамандардың басым бөлігі мектептерде еңбек етіп жатыр. Ал грантты өтеу үшін облыста жұмыс істемей жүрген жастардың әрекетін қыздардың тұрмыс құруымен байланыстырды. Қоғамдық кеңестің тағы бір мүшесі Батырбек Құлекеев сушаруашылығына бөлінген гранттың игерілмей қалғаны назарға аларлық жайт болғанымен Тараз қаласында қыркүйек айында ашылатын «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация» университеті мәселенің шешілуіне ықпал етеріне сенім білдірді. Сондай-ақ жауапкершілікті білім басқармасы мамандарына жүктеп қоймай, білім гранты игерілуі үшін университет ұжымы да түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін айтты.Қоғамдық кеңестің мүшесі Жангелді Омаров та грант бөлініп жатса да дінтану мамандығына сұраныс аздығына қынжылыс білдірді. Оның айтуынша, қазір дін мәселесі қоғам үшін өте өзекті болып тұр. – Жастардың жат ағымның жетегінде кетуінің алдын алу маңызды. Бірақ тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілмей, нәтижесінде дін саласына бөлінген грант кері қайтарылған. Бұл ойландырарлық іс, – деген Ж.Омаров теолог маман даярлауда да сылбырлық танытуға болмайтынын жеткізді.


Облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Абдраимов қаулының шикі тұстары көп екенін айтты. – Ең біріншіден, жұмысты дұрыс үйлестірмегенсіздер. Өзіңіз таныстырған қаулыда «Мемлекеттік органның интернет-ресурсында (веб-сайтында) әлеуметтік мәні бар қаулы жобасына баспасөз релизін орналастыру туралы ақпарат (баспасөз релизінің атауы, күні), қаулы жобасы облыс әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылды» деп жазылған. Ақпарат қашан орналастырылды? Сайт қаралымы, баспасөз релизінің атауы, күніне қатысты ешнәрсе жоқ. Бөлінген гранттар туралы баспасөз беттерінде жарияланып, түсіндірме жұмыстары еш жүргізілмеген. Халықтың наразылығы осыдан туындайды. Қанша ақша бөлініп жатыр, бірақ нәтиже көңіл көншітпейді. Жаңағы айтылған «40 аспазды қай жаққа барып орналастырасыз?» деген сұраққа жауап бере алмауыңыздың мәні жұмысты дұрыс атқармай отырғандарыңыздан. 

 

Шынтуайтында, грант негізінде оқудың да сұрауы бар. Сондықтан білім басқармасының мамандары жоғарыда сөз болған мәселені шешуге жедел кіріспесе, салаға бөлінген миллиардтаған қаржы босқа ауаға ұшары анық.

Ақтоты Жаңабай