Перде тігіп, пайда тауып отыр
Әйел баласы болған соң әдемілікке, жинақылыққа жанымыз құмар. Бірде әлеуметтік желіні шолып отырып көздің жауын алатындай етіп тігілген перделердің жарнамасына көзім түсті. Парақшаға кіріп, бастан-аяқ қарап шықтым. Бұл тараздық ісмер, тігінші Айгүл Байбосынқызының парақшасы екен. Тігіншінің барқыттан тігілген перде мен түрлі пішінде ойып, тастармен көмкерген ламбрекендері қарамасыңа қоймайды. «Адам көркі – шүберек» болса, үйдің көркі – перде.
Айгүл Есенбаева 1989 жылы 24 қарашада Тараз қаласында дүниеге келген. Кәсіпкерлік саласына бала күтіміне байланысты декреттік демалыста отырғанда бет бұрыпты. Жалпы ісмерлік қабілет кейіпкерімізге әжесінен дарыған. Әжесі шапан, тақия тігетін елге белгілі ісмер болған екен. Әжесіне еліктеп, кішкентай кезінен мата қиындыларынан қуыршақтарына көйлек тігіп ойнайтын Айгүл бүгінде іскерлігі мен ісмерлігінің арқасында табыс тайқазанын тасытып, 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Адамға жақсы көретін жұмысы бақыт сыйлайды дегенге сенемін. Тігін машинасына отырғанда жаным жай тауып, жүрегім тынышталады. Бәрін ұмытып, рақат күйге бөленемін.Көп адамдар неліктен перде тігу бизнесін таңдағанымды сұрайды. Бір көйлекті таңнан қара кешке дейін тіккенше, бір күнде 3-4 бөлменің пердесін тіккенім әлдеқайда артық. Әрі перде бизнесінде табыс қомақты. Кез келген қыз-келіншек үйдің дизайнына, интерьеріне мән береді.
Қазақтың қай қызы болса да ине сабақтап, көрпе көктей алады. Десе де Айгүлдің тігіншілікті өзгелерге үйретуінің мәні – біріншіден, жеке брендін дамыту. Екіншіден, қыз-келіншектердің қарап отырмай тігін өнерін үйреніп, кәсіп ашуына ықпал ету.
– Егер әлеуметтік желі болмаса, бизнесімді дәл қазіргідей дамыта алмас та едім. Кәсібіме арнап ашқан «Instagram»-дағы «shtorytaraza» парақшасын өзім жүргіземін. Парақшамда 4 650-ге жуық оқырман тіркелген. Әлеуметтік желінің арқасында Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау өңірлерінен тапсырыс көп түседі.Әзірге тіккен перделерім барлық тұтынушымның көңілінен шығуда. Тапсырыс берушіні бөлмейміз. Үлкен мейрамханаларға да арнап тіге береміз.
Перделеріміздің сапасы өте жоғары, он жылға дейін жарамды. Ал қажетті шикізатты шетелден аламыз. Көбіне бір тапсырыс берген адам ұнатып, келесі жолы міндетті түрде қайта тіктіртеді. Жұмысымызды барынша адал атқарамыз. Әйел баласының бітпейтін шаруасы көп қой. Бәріне үлгеруге тырысамын. Болашақта цехті үлкейтіп, елуге жуық адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмын, –
дейді кәсіпкер.
Эльмира Байназарова