«Equrylys» – Құрылыс бизнесіне арналған жаңа «салық»
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының мәжіліс залында құрылыс саласында «ЕQurуlys» ақпараттық жүйесін енгізу мәселесі талқыланды. «ЕQurуlys» ақпараттық жүйесін енгізуді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті 2018 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Жүйенің мақсаты – объектілерді салу және пайдалануға қабылдау сапасын бақылауды автоматтандыру, барлық атқарушылық құжаттаманы жүргізуді электронды форматқа көшіру.
Құрылыс саласының субъектілері бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйеге қосылады деп күтілуде. Қолданушылар үшін жүйе тегін болатыны көзделген еді. Алайда іс жүзінде олай болмады. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті «ЕQurуlys» порталын өзінің еншілес ұйымы – «ҚазҚСҒЗИ» акционерлік қоғамына сенімгерлік басқаруға берді. Аталған еншілес компания порталға жеке ақпараттық жүйелерді әзірлеушілерді қосатын болады. Өз кезегінде салынып жатқан объектілер бойынша барлық атқарушылық құжаттаманы электрондық формада жүргізуге міндеттелген нарық субъектілері қолданыстағы жүйеге қосылуға не өзінің ақпараттық жүйесін әзірлеуге тиіс. Қазіргі кезде мұндай компания біреу екенін атап өткен жөн. Дәл осы компания порталды әзірлеп, оны өтеусіз негізде өкілетті органға берген. Порталға қосылу неліктен ақылы, тарифтер қалай белгіленеді, деректердің қауіпсіздігіне кімнің жауап беретіні жайында сұрақтар «Атамекен» алаңында қаралды.
– Кәсіпкерлердің портал жұмысы, тариф, баға белгілеу, нарық монополиясы қатеріне қатысты сұрағы көп. Бизнеске тағы салмақ түсетіні, шарттары ауыр болатыны сезіледі. Мердігерлерде амал қалмай тұр: егер келісімшартқа қол қоймасаң – жүйеге қосыла алмайсың. Жүйеде жұмыс істесең – сені жазалайды. Бұлай болмауы керек, баламасын қарастыру қажет. Өтпелі кезең қарастырған жөн. Осы мәселеде уәкілетті органның нақты түсіндірмелері мен позициясын тыңдағым келеді, – деп атап өтті «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин.
Жиын барысында қатысушылар тіпті мемлекеттік сатып алу порталында да құны жылына 1 АЕК-тен басталатын түсінікті және бекітілген тарифтеу жүйесі барын айтты.Жиында Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Жалқұл Сұлтанғали «ЕQurуlys» порталын енгізудің мақсаттары мен міндеттерін таныстырды. Комитет өкілі порталды әзірлеу, енгізуге және дамытуға бюджеттен қаражат бөлу көзделмегенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттің міндеті – бизнеске осы процестерді қалыптастыруға, соның ішінде баға белгілеу мәселелерін шешуге тиіс механизм мен жағдай жасау.
– Программистердің тілімен айтсақ, жүйе «шина» деп аталады. Оған жеке ақпараттық жүйесін дамытатын кез келген субъект қосыла алады. Жүйедегі жұмыстың баға саясатын кәсіпкерлердің өзі анықтайды. Осылайша біз нарықтық жағдай жасаймыз, – деп түсіндірді Ж.Сұлтанғали.Басқосуда «ЕQurуlys» порталын енгізу жөніндегі өкілетті орган келтірген тәсілдер нарық қатысушыларының наразылығын тудырды. Жүйені енгізудегі басты кедергі – жеке ақпараттық жүйеге қосылмайынша қызметті жүзеге асырудың мүмкін еместігі. Жиынға қатысушылар атап өткендей, жеке ақпараттық жүйелерді әзірлеу көп уақытты алады, ресурс және қаржыны қажет етеді. Бұл шаралар нарық қатысушыларының көпшілігінің қолынан келмейді. Бір жеке жүйе үшін порталға қосылу құны 10-12 миллион теңгеден басталады.
Сондай-ақ жиналысқа қатысушылар порталға жүктелетін деректердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты алаңдаушылық білдірді. «Ешбір субъект ақпараттық жүйе иесінен оның деректері таратылмайтыны туралы кепілдік ала алмайды», деп атап өтті спикерлер.– Қағаз жүзіндегі құжаттарды балама ретінде қалдыруға болмас па еді? Басқа ақпараттық жүйелерде қолданады ғой. Ертең дау шықса ше? Авторлық немесе техникалық қадағалау «бұл біздің қолтаңба емес, біз қабылдаған жоқпыз» десе ше? Бәріміз АӨК, азаматтық немесе қылмыстық процесс аясындағы кез келген сараптаманың нені білдіретінін, оның қағаз түпнұсқалары бойынша жүргізілетінін білеміз. Сонымен қатар құпия жүзеге асырылатын көптеген жоба бар. Олар бойынша құжаттама қағаз жүзінде жүргізілуі тиіс, – деді «Bazis Holding Company» ЖШС заң мәселелері жөніндегі вице-президенті Раушан Бижкенова.Жалпы кәсіпкерлер бұл жүйені уәкілетті орган қайта қарап, ескертулерді назарға алып, нормативтік құжаттарға қажетті өзгерістер енгізеді деп үміттенеді. Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП осы мәселеде бизнеске жәрдемдесуді жалғастырады. Тиісті хаттама уәкілетті органның атына жолданды.
AR-AI АҚПАРАТ